Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевты саясатта белгіленген стандарттарды күштеп енгізу алаңдатады. «Бұқаралық мәдениеттің крест жорығы ретіндегі байламалы түрде енгізілуі кесірінен осы әрекеттерге қарсы джихад туындайды. Бұл сөздің мағынасында ислам түбірін сақтап қалу деген мағына бар» деді ол Астанада сәуірдің 2 күні Мұсылман елдері мен Батыстың сыртқы істер министрлерінің жоғары өкілдері тобының отырысында. Батыс елдерінің өкілдері әзірге бұл көзқарасқа қатысты пікірлерін білдірмей отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінде, 2005 жылы Мұхаммет пайғамбарды әжуалап салған карикатура, кейін 2006 жылы Рим папасы Бенедиктің Регенсбург университетіндегі мәлімдемесі, одан кейінгі Францияда болған діни және ұлттық оқиғалар Батыс пен Ислам арасындағы байланыстың күрделі екендігін көрсететіні жазылған. Жиынға қатысқан Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Жамиль Мердадтың айтуынша, Батыс өз стандарттарына жауап бермейтін демократия жоқ ислам елдерін қауіп ретінде қарастырады. Ресейдің стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кожокин Украинада, Грузияда және кішкентай кедей Қырғызстанда болған революция осы ел халықтарына еш жақсылық әпермеді деп есептейді.

«Революция ол елдердің демократиясына соққы берді», - дейді сарапшы.

Қазақстандағы Қырғыз елшісі Рүстембеков бұл пікірге ішінара қосылатындығын жеткізді.

«Әрине, мұсылман елдері мен Батыстың қарама қайшылығы бар. Батыс демократия жасаймыз деп мұсылман елдеріне Ирак, Иран, Шешенстанға кірген», - дейді елші.

Рүстембековтың айтуынша, Батыс елдерін Шығыстағы мұнай өнімдері мен басқа да пайдалы қазбалар қызықтырады.

Ресейдің Мемлекеттік думасының депутаты Наталья Нарочинская кейбір мемлекеттер өзгелерге ұстаз болып, барлық әлемге бір үлгімен, барлығына бірдей құндылықтар жүйесін уағыздап, соны таңуға тырысуы дұрыс емес деп санайды.

«Ал, іс жүзінде көп жағдайда бұл ескі ұлттық қызығушылықтарды бетперделеу. Менімше, Қазақстан мен Ресейде мұндай проблема жоқ. Бұл - Батыстың проблемасы. Себебі, олар бір жағынан өз елдеріндегі демократияны уағыздайды, ал халықаралық деңгейде демократиялық жолмен жүрмейді», - дейді Нарочинская.

Ресей стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кожокин бұқаралық ақпарат құралдарында исламды «жақсы» және «жаман» деп екіге бөлуді құптамайды.

«Бұл диалогқа кесірін тигізеді», - дейді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев исламды бөлу бар дегенге қосылады.

«Бірақ, жаман әрекеттер исламмен қате байланыстырылады», - дейді вице-министр.

Мысал ретінде ол Нидерланды парламентінің депутаты Вильдерс жасаған деректі фильмді келтірді. Ермекбаев лаңкесшілер жасаған әрекеттерді исламмен байланыстырған фильмді бұрмалаушылыққа бой ұрған деп бағалайды.

«Фильм авторының басты қателігі - бұл зорлық әрекеттер ислам нормаларына сәйкес емес, керісінше, оған қарсы жасалған. Сондықтан, зорлық пен лаңкесшілер жөнінде сөз қозғағанда ислам жолын қуғандар емес, жолынан тайғандар жайлы айтқан дұрыс», - дейді Ермекбаев.

ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов әлгіндей фильмдердің кесірінен туындаған жанжалдар қаулай өсуі мүмкін екенін айтады.

«Бірақ, Қазақстан көп ұлтты бейбіт өмір моделі ретінде өз тәжірибесін ұсына алады», - дейді ол.

Тағы бір сарапшылар бұл проблеманы монолог емес, диалог арқылы шешу керек деп есептейді. Себебі, қазір Батыс өздерінің ісін дұрыс деп, Ислам елдері біздікі дұрыс деп, екі жақтың пікірі екіге жарылған. Бірақ, Батыс елдерінің сарапшылары бұл мәселеге байланысты көзқарастарын Астанада өткен осы отырыста білдірмеді. Қазір Еуропа мен Америкада 50 миллион мұсылман бар деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG