Accessibility links

Белгілі журналист Бақытжан Мұқышев дүниеден өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстандағы тәуелсіз баспасөздің көрнекті өкілдерінің бірі әрі ұйымдастырушысы деп танылған, талантты журналист Бақытжан Мұқышев сәуірдің 1-і күні өмірден қайтты. Марқұмның небәрі 56 жасында өмірден өтуіне былтырғы жылдың тамыз айының 10-ы күні Алматы қаласында болған автокөлік апаты себеп болды.

Сол апат кезінде ауыр жарақат алған оның әйелі Сәуле көп ұзамай қаза болған еді. Ал сол жолы жол көлік апатынан ауыр зақым алған Б.Мұқышев 7 айдан артық уақыт ауруханада есі кірмей таңулы күйде жатты.

Сәуірдің 1-і күні кешкісін сағат 11-лер шамасында оның денесі автокөлік апатынан алған ауыр жарақат салдарынан ұзақ уақыт қиналыс күйінен мәңгілікке жол тартты.

Б.Мұқышевты Қазақстанның журналистер қауымы алғыр талдаушы, әділет жолында күрескер журналист ретінде білуші еді. Оның қоғамда әлі де іске асыра алмай кеткен көптеген жоба-жоспарлары қалды. Өзінің еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды облысында бастаған Б.Мұқышев Қарағанды облыстық радионың редакторы, осы радионың бас редакторы содан Қарағанды облыстық телерадиокомпанияның бастығы секілді қызметтерді атқарды. Онан кейін 2000 жылдан тәуелсіз журналист, «Республика-2000», «Мегаполис», «Туран», «Эпоха» газеттерінің бас редакторы болып еңбек етті. Ол соңғы кезде «Политика.кз» газетінің бас редакторы қызметінде болған еді.

«Журналистер қауіп-қатерде» атты қоғамдық қордың төрайымы Розлана Таукинаның айтуынша, Б.Мұқышев ең алдымен Қазақстандағы сөз бостандығы үшін күрескер ретінде танылған азамат болмақ.

- Ол 1993 жылы Қарағанды облысында облыстық телерадиокомпанияны басқарып тұрып сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі мәселесінде облыс әкімдерімен келісе алмай, өзінің қарсылығын білдіру үшін аштық жариялауға дейін барғанын сол кезде бүкіл Қазақстан жұртшылығы естіген болатын, - дейді Р.Таукина.

«Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам Б.Мұқышевтің «Мегаполис», «Эпоха», «Политик.кз» секілді елдегі бірқатар тәуелсіз басылымдарда бас редактор болып істеген кездерінде өзін мықты ұйымдастырушы әрі қаламы жүйрік журналист ретінде көрсете білгенін айтады. Ал тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи марқұмның еңбегі жөнінде ол тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның тәуелсіз басылымдарын құрушылардың бірі болды деген баға береді.

Розлана Таукина соңғы бір жарым жылдың ішінде Қазақстанда осымен 7 тәуелсіз журналист жол-көлік апатынан қайтыс болып отырғанын айтады.

Марқұммен қоштасу мен оны жерлеу рәсімі жұма күні Алматы қаласында өтеді.
XS
SM
MD
LG