Accessibility links

Сәуірдің 4 күні Астанада Қазақстан президенті Назарбаев бұған дейін Алматы қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағанбетовты Астанаға жаңадан әкім болып тағайындалғанын хабарлады. Ал, Астана әкімі болған Асқар Мәмин «Қазақстан темір жолы» компаниясының жетекшісі болды. Осы компанияны басқарған Жақсыбек Құлекеев сәуірдің 1-күні пара алды деген күдікпен тұтқындалған болатын. Кейбір қазақстандық сарапшылар кадрлардың кезекті сапырыстырылуынан биліктегі өзара бақталас күштердің көздеген мақсаты аңғарылатынын айтады.

Жұма күні Алматы қаласы мәслихатының шешімімен Алматы қаласына жаңадан әкім болып осыған дейін елдің ауыл шаруашылық министрі болған Ахметжан Есімов тағайындалды. Ал, сол күні Қазақстан президенті Назарбаев Алматы әкімі болған Иманғали Тасмағанбетовты Астана әкімшілігіне таныстыра келе әкімнің мәслихат шешімімен тағайындалғандығын хабарлады.

- Тасмағанбетов қаланы жақсы біледі» және үкіметте, президент әкімшілігінде, Атырау облысы мен Алматыдағы жұмысында өз жұмысының тиімділігін көрсетті. …Астананың 10 жылдығы қарсаңында көлемді жұмыс күтіп тұр. Уақыт аз қалды. Жұмысты қажетті деңгейде өткізу керек. Сондықтан мен өзім сенетін адамды тағайындадым және мен әкімнің осы жұмысты ең жақсы түрде атқаратындығына сенемін, - деді президент Назарбаев.

Иманғали Тасмағанбетов 1956 жылы Гурьев облысында дүниеге келген. Әр жылдары премьердің орынбасары, білім және мәдениет министрі, Атырау облысының әкімі, президент әкімшілігінің басқарушысы, президенттің көмекшісі, үкімет басшысы, республиканың мемлекеттік хатшысы және Алматы қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Саясаттанушы Рәбиға Байымбетова Тасмағанбетовтің Астанаға тағайындалуы қалаға пайдалы болады деп санайды.

Оппозициялық саясаткер Зәуреш Баталова болса Тасмағанбетовтың Астанаға келуі – оны президент әкімшілігіне жақынырақ жерден бақылауға оңай болсын деген мақсатпен жасалған деген болжам айтады.

Астана қаласының әкімі болған Асқар Мәмин «Қазақстан темір жолы» компаниясының жетекшісі қызметіне тағайындалды. Оны компания ұжымына таныстырған премьер министр Кәрім Мәсімов Мәмин бұл қызметке елдегі ұлттық компанияларды басқаратын «Самұрық» холдингінің шешімімен тағайындалды деп хабарлады.

Астана әкімі болғанға дейін Мәмин Көлік және коммуникация министрлігін басқарды. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын соңғы бір жылдай басқарған Жақсыбек Құлекеев пара алды деген күдікпен биылғы сәуірдің 1-күні тұтқындалды, қазір оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, айып тағылды деп хабарлайды қаржы полициясы. Қазақстандық сарапшылар бұл жағдайға түрлі болжам айтып отыр. Құлекеев темір жолға тәртіп орнатпақ болғаны үшін құрбанға айналуы мүмкін деген болжамдар да айтылып жатыр. Оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова Құлекеевтің жаулары оны әдейі қызметтен кетіріп, орнына Мәминді қойғызып отыруы ықтимал деген пікір айтады.

Саясаттанушы Рәбиға Байымбетованың айтуынша, мемлекеттік жұмыста жүрген Мәминнің жеке құрылымдармен тығыз байланысы бар екені жұрт арасында жасырын болмаған.

- Оның көптеген делдалдары бар, базарлар да соның меншігінде, - дейді саясаттанушы.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының ресми мәліметінше, қазіргі таңда бұл кәсіпорынғы елдегі барлық жүк тасымалының 68 пайызы және жолаушылар тасымалының 60 пайызы тиесілі. Компанияда елдегі жұмысқа қабілеті бар барлық адамдардың 1 пайызы жұмыс істейді. Тәуелсіз сарапшылар мен оппозициялық саясаткерлер ұлттық компанияда парақорлық пен жемқорлық деңгейі асқынып тұрғанын айтады.
XS
SM
MD
LG