Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.04.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі бірқатар басылымдар «Қазақстан Темір жолының» президенті Жақсыбек Құлекеевті қаржы полициясы «пара алған» деген күдікпен тұтқындағаны туралы жазыпты. Ресми басылымдар Қазақстанның бастамасымен қазан айына белгіленген “Ортақ әлем: көптүрлілік арқылы прогреске” форумы тақырыбына тоқталыпты. Жұмадағы апталық басылымдар қаржы саласының ахуалы мен үлескерлер тақырыбын жалғастырыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Отырыс орнықты ұсыныстармен тәмамдалды» деген мақаласында: «қазан айында еліміздің бастамашылығымен Астанада өтетін “Ортақ әлем: көптүрлілік арқылы прогреске” форумына ықылас білдірген Ислам әлемі мен Батыстың жоғары өкілдері, ғылым, мәдениет және саяси қайраткерлері елордамызға жиналып, алда болатын алқалы жиында көтерілер мәселелердің ауқымын ақылдасып, ұсыныс-пікірлерін айтып, екі күн бойы келелі әңгіме қозғады» деп жазады.

«Литер» газеті «Резиденттің құлауы» деген бас мақаласында «Тристар» тұрғын үй кешенін салушы әрі «Казтранском сервис» компаниясының басшысы Сергей Цой деген азамат шетелге тыңшылық жасағаны үшін 14 жылға сотталған» дей келіп, «ол Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қылмыстарына қатысты 20 адамның ішінде бар деп ешкім ойламапты» деп жазады. «Тұрғын үйді қалта көтермейді» деген мақаласында «Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы тұрғындары ипотекалық несие бағдарламасы бойынша салынған үйлерден қымбаттығына байланысты бас тартып жатыр» деп жазады. Осы газеттің «Үлесімізді қайтарыңыз» деген мақаласында «Астанада алданған үлескерлер саны геометриялық прогрессиямен өсіп келеді» деген тұжырым айтыпты.

«Экспресс К» газеті «Шаршы метрдің тұйық шеңбері» деген тақырыппен басылған ауқымды мақаласында Қазақстан қалаларындағы тұрғын үй бағаларына сараптама жасай отырып: «тұрғын үй бағасы ипотекалық дағдарыстың «қара тесігіне» кіріп барады» деген қортынды жасапты. Осы газет «Темекі бароны» деген тақырыппен «Югославияның бұрынғы президенті Милошевичтің баласы, сербиялық сот сегіз жылған соттаған Марко Милошевич осы ғасырдың басында Алматыда жасырынып жүріпті» деп жазады. «Әке, ана жақта бір грузин тұр» деген мақаласында «соңғы кездері Грузиядан келген пәтер тонаушылар Алматыда қаптап кетті. Осындай төрт азаматтың 30 пәтер тонаушылығына қатысы барлығы анықталды» деп жазса, «Айқын» газеті «Енді есірткіні грузиндер сата бастады» деп жазыпты.

Сонымен қатар «Айқын» газетінің «Бакиевке қарсылардың ойыны» деген мақаласында, Парламент Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімов Қырғызстан тарапынан екі ел арасындағы шекараға байланысты жұмыс істеп жатқан арнайы комиссия жайлы: «шекара мәселесін көтеріп жүргендер – бұл жуық арада Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің Қазақстанға сапары қарсаңында ұйымдастырылып отырған қитұрқы саяси ойындардың көрінісі болуы мүмкін. Бұлардың бәрі қырғыз еліндегі Құрманбек Бакиевке қарсы адамдардың іс-әрекеті сияқты» деген болжам айтыпты.

Бірқатар басылымдар бірінші сәуір күні «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Жақсыбек Құлекеев «пара алды» деген күдікпен қамауға алынғаны туралы жазса, бірқатар жергілікті ақпараттық агенттіктер оның үстінен қылмыстық іс ашылғаны және «Қазақстан темір жолына» жаңадан басшы боп Астана қаласының бұрынғы әкімі Асқар Маминнің тағайындалғаны туралы жазады. Сонымен қатар агенттіктер Астана қаласының жаңа әкімі боп Алматының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов тағайындалғанын хабарлады.

Бірқатар басылымдар Рейтер агенттігіне сілтемелеп, «Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тәуелсіздік талап етіп, мың адамдай қатысқан наразылық шеруі болды» деп жазыпты. Кейбір басылымдар «Қарағандыда Валют-Транзит-Банктың басшыларының үстінен қайтадан сот ісі басталды» деп жазады.

«Деловая неделя» апталығы редакторлық мақаласында «Рахат Әлиевтың үстінен аяқталған сот ісі мен оның әкесін қудалау компаниясы, сонау отызыншы жылдарғы, «қоғам өкілдері атынан әшкерелеп хат жазу» және басқа да атрибуттарымен Кеңес билігі кезіндегі саяси процестерді еске түсірді. Бұның бәрі елдегі нақты саяси не демократиялық прогреске жол ашпайды, керісінше, қоғамдағы проблемаларды шешудің орнына оның тереңге тығылуына себеп болады» деген тұжырым айтыпты. Осы апталықтың «Сандардың шатпағы, немес қарыздардағы шатасулар» деген мақаласында «Қазақстан банктерінің шетелге қарыздары туралы Қазақстан қаржылық бақылау агенттігінің мәліметі, Standard&Poor’s агенттігінің мәліметі және осы банктердің өздерінің мәліметі неге әртүрлі?» деген сауалды Қаржылық бақылау агенттігіне қойыпты.
XS
SM
MD
LG