Accessibility links

Қазақстан осы аптаның соңына дейін астық экспортына баж алымын енгізуі мүмкін. Немесе астық экспортына мүлде тыйым салынады. Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов Астанада сәуірдің 7 күні үкімет отырысында осындай мәлімдеме жасады. Мұның себебін ол қазір әлемде нан бағасы көтеріледі деген тенденция бар болғандықтан осындай шара енгізу керектігімен түсіндірді. Ал, Қазақстан фермерлер одағының өкілдері болса, біреулер азық-түлік корпорациясы арқылы арзан бағаға астық сатып алып, шетелге сатып, ақша табады деген пікірлерін білдірген.

Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовтың айтуынша, ел үкіметін әлемде нан бағасының тоқтамай өсіп келе жатқаны алаңдатып отыр.

- Сондықтан ауыл шаруашылық министрлігі мен сауда министрлігіне астық экспортына баж алымын енгізуді немесе экспортқа мүлде тыйым салу жөнінде аптаның соңына дейін ұсыныс жасауды тапсырамын, - деді премьер Мәсімов.

Азық-түлік корпорациясының президенті Руслан Әзімов әлемдік астық биржаларында астық құны қатты өсіп кеткенін айтады.

- Соған байланысты Қазақстан 9 миллион тонна астықты шетелге сатқан. Ал егіс жұмыстарына орай, кейде тұқымдық астық та шетелге сатылып кетуі мүмкін. Көктемгі егіс кезінде елден астықты шығаруға тыйым салатын уақытша шаралар жиі жасалады. Және премьердің ұсынысы барлық әлемде жиі қолданылатын өркениетті шара, - деді Әзімов.

Азық-түлік корпорациясының мәліметінше, қазір астық тоннасының шекарадағы бағасы 370-380 доллар шамасында. Корпорация биыл да республиканың мемлекеттік резервін толықтырудың сыртында, астық базарын тұрақты қалпында ұстау үшін астық сатып алатындығын хабарлаған. Ал, Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың айтуынша, корпорация диқандарға көмек көрсетудің орнына кесірін тигізеді:

- Корпорация ешқашан да қымбат алған емес, керісінше олар үкіметтің қолдауымен алғызбайды алам дейтін адамдарға.

Ауыл-шаруашылық министрлігінің мәліметінше, 2007 жылы комбайн бункерінен алынған 21 миллион тонна астық жиналды. Қазақстан астығы негізінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне сатылады. Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Дулат Айтжановтың айтуынша, астық бағасының өсуіне орай диқандар астықтың егін алқаптарын өсіріп Қазақстанға шетелден енгізіліп инфляцияға әсер ететін өзге дақылдар алқаптарын азайтып жіберуі мүмкін.

- Сондықтан министрлік алқаптарды ғарыш агенттіктерінің жер серіктерінен мәлімет алып қадағалауды күшейтеді, - деді вице-министр Айтжанов.

Ал, базардағы астық бағасы нан құнына әсер ететін белгілі, дейді бақылаушылар. Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мишимбаеваның айтуынша, наурыз айында азық-түлік бағасы 0,9 пайызға өсті.

- Инфляцияға ең қатты әсер ететін әдеттегідей азық-түлік бағасы. Нан және нан өнімдерінің бағалары Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында көтеріліп келеді. Нан және нан өнімдерінің бағасы наурыз айында 1,2 пайызға көтерілді. Тоқсан бойы бұл баға көтеріліп отырды және наурыз айында өсу үдерісі жылдамырақ болған, - дейді Мишимбаева.

Премьер Мәсімовтың айтуынша, жағдайды реттеу үшін үкімет ауыл шаруашылық министрлігіне едәуір қаржы берді. Экономика министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, азық-түлік базарындағы жағдайды ескере отырып банктерге 2008 жылғы егіс жұмыстарына несие беруге деп республикалық бюджеттен 24 миллиард теңге бөлінді.

Астанадағы қоғамдық ұйымдардың бірі тұтынушылар одағының мәліметінше, 600 грамдық зауыттан шыққан бір бөлке нан бағасы 60 теңгеден өсіп 80-90 теңгеге жетеді деген жорамал бар.
XS
SM
MD
LG