Accessibility links

Қазақстанда Каспий төңірегіндегі елдерге мұнай-газ саласындағы сервистік қызмет көрсететін «Каспий энергетикалық орталығы» салынады. Бұл туралы Астанада сәуірдің 9 күні Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және осы жобаға 10 миллиард доллар инвестиция салатын «Гульф Финанс Хаус» атты исламдық банк басшылары хабарлады. Қазақстан үкіметі өкілдерінің айтуынша, бұл инвестор әлемнің 3 елінде 3 теңіз жағалауында осындай орталық салған. Ал Қазақстан территориясындағы орталыққа Қазақстан үкіметі мен инвесторлардың біріккен кәсіпорыны қадағалау жүргізеді деп хабарланады.

Жоба басталуы жөнінде меморандумға қол қойған Қазақстан үкіметі мен Таяу Шығыстағы инвестордың хабарлауынша, сервистік технологиялық «Каспий энергетикалық хаб» деп аталатын орталық Каспий теңізінің жағалауында Ақтау қаласында орналасады. Алдымен жобаға қажет рәсімдер өткізіледі. Жоба 3-5 жылға ескерілген. Жоба авторларының айтуынша, бұл кешен бір топ инвесторлар салғалы отырған Азия мен Таяу Шығыстағы мұнай-газ кластерінің бір бөлігі болып есептеледі.

Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, Құрық айлағында мұнай құятын терминал салынып жатыр.

«Бұл жобаға кірмесе де оған қосымша болары сөзсіз», дейді ол. Жобаны қаржыландырып отырған инвестор Азия, Парсы шығанағында және Солтүстік Африкада инфрақұрылым жасаған деп хабарланады.

Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, инвесторды Қазақстанға шетелдік консалтингтік компания ұсынған.

«Және бұл орталық қызметіне сұраныс көп болуға тиіс», - дейді әкім.

«Каспий энергетикалық орталығында» мұнай-газ саласына қажетті техникалық кадрлар дайындайтын орталық, ғылым және технология паркі, жағрапиялық мәлімет зертханасы, қоршаған ортаны зерттеу орталығы, елдің мұнай-газ саласындағы мәліметі жиналатын электронды кітапхана, мұнай-газ құбырларындағы тесіктерді анықтайтын зертхана және қайта орнына келетін қуат орталығы болады.

Негізгі бағыт үшеу: маман дайындау, технология және сервис деп хабарланады. Қазақстанның «Самрұқ» холдингінің өкілі Ульф Вакурканың айтуынша, Қазақстан «Қашаған» кен орнындағы өз үлесін 2 есеге өсірді.

«Яғни, осы елге бұрынғыдан екі есе артық мамандар қажет болады. Және осы мамандарды жұмыс орындарынан алыс емес жерде орналастыру керек», - дейді ол.

Президент Назарбаевтың қолдауымен жасалатын жобаға 10 миллиард доллар саламыз деп хабарлайды инвестор. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, Қазақстан тарабы жобаға өте аз ақша салады.

«Әрмен қарай жобаға инвесторлардың қаржысы тартылуға тиіс», - дейді әкім.

Қазақстан 2015 жылға дейін мұнай өндіруді екі есеге, ал газ өндіруді 3 есеге өсіруді жоспарлап отырғандықтан жоба осы елде жасалатын болды, дейді инвестор. Таяу Шығыстағы «Гульф Финанс Хаус» атты исламдық банк төрағасы Эсам Джанахидің айтуынша, мұнай-газға бай көптеген елдерде мұндай орталықтар бар болғанымен Қазақстанда әлі жоқ.

«Сондықтан Қазақстандағы орталыққа бәсеке болатын ешкім жоқ», - дейді ол.

Қазақстанның «Самрұқ» холдингінің өкілі Ульф Вакурканың айтуынша, бұл инвестор 3 теңіз жағалауында әлемнің 3 елінде - Катар, Үндістан және Ливияда энергетикалық орталық салған.

«Инвестордың Ақтауды таңдағаны жақсы. Себебі, Қазақстан Баку мен Астраханьға бәсекелес болып тұр. Бірақ, мұнай бағасы биік болып тұрған шақта орталықтағы қызметке сұраныс болады», - дейді ол.

Вакурканың айтуынша, бұл жоба сәуірдің 10 күні Лондонда таныстырылады. Себебі, бұл жоба Қазақстанның мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымын көбейтеді, сондықтан оны әлемдік қаржы институттары білу керек, дейді ол.
XS
SM
MD
LG