Accessibility links

Қазақстанның оңтүстігінде «Көксарай» су реттегіші салынатын болды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қызылорда облысынан сайланған депутаттар мен облыстағы экологтардың қарсылығына қарамастан бұл мәселені ел президенті Назарбаев түбегейлі шешті. Эколог-мамандар «Көксарай» су реттегішінің құрылысы жаңа экологиялық апаттың туындауына әкеліп соқтыруы мүмкін деп отыр.

«Көксарай» су реттегішін салу туралы мәселенің көтерілгеніне биыл тура 10 жыл болған екен. Қазақстан үкіметі осы су реттегішті салу туралы ұйғарымды биыл жасады. Бұдан кейін қоғамда «Көксарай» су реттегішін салуға байланысты екіұдай даулы пікір туындады.

Қызылорда облысындағы эколог мамандар және осы облыстан парламентке сайланған депутаттар «Көксарай» су реттегішінің салынуына қарсы шықты. Олар «Көксарай» су реттегішінің салынуы облысқа экологиялық апат әкеледі дейді. Ішінде мәжіліс және облыстық мәслихаттың депутаттары, эколог-мамандар бар бір топ азамат сәуірдің 8-і күні Алматыда аталған су реттегішінің салынуына қарсылық білдіріп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізбекші еді.

Алайда бұл баспасөз мәслихаты өтпей қалды. Себебі, содан бір күн бұрын, яғни сәуірдің 7-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге өзі араласып, Көксарай су қоймасын салу мәселесін түбегейлі шешті. Оған Қазақстанның оңтүстігіндегі су тасқынының биылғы зардабы 15,8 миллиард теңгеге жеткендігі, соның кесірінен мемлекет қазынасы 130 миллион долларға шығындалуы, егер осы жағдайды реттемесе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 20 елді мекеннің, Қызылорда облысындағы 50 елді мекеннің мұз көшкініне ұшырау мүмкіндігі бар деген тұжырымдар себеп болып отыр.

- Үлкен шығын шығарып, жаңа су қоймасын салу оңай шешім емес. Бірақ одан басқа жол жоқ. Сондықтан Көксарайды салатын боламыз. Бұл Қазақстанның батысынан оңтүстігіне газ таситын құбыр желісі тәрізді әлеуметтік нысан болып табылады: табыс әкелмейді, бірақ көптеген түйткілді шешеді, – деді Назарбаев.

Ал «Көксарайды» салуға болмайды дейтіндер ол салынатын болса Арал теңізіне су жетпей қалады деген уәж айтып, оның сыртында 100 миллион текше метр су текке буланып кетеді деген қауіп барын алға тартады.

- «Көксарайды» салу бұл Қызылорда халқын ажал құшағына беру. Мен білетін жобада «Көксарай» үш бірдей ауылдың жұртының үстіне салынбақшы. Ал ауыл отырған жерде оның күл-қоқысы, кем дегенде әжетханасы болады. Одан басқа өлген ауру малды жерлейтін, оның қан-жыны, ішек-қарны төгілетін орын бар деген хабар бар. Міне, осының бәрі «Көксарай» су қоймасы емес, тек реттегіш болғанның өзінде осы лас дүниенің үстіне салынып, бәрін шайып кетпек. Шайылған суды ішкен адам да ауру, мал да ауру болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге қауіп үлкен, - дейді Қызылордалық эколог Сайлаубай Жұбатырұлы.

Өзге экологтар да «Көксарай» су реттегішін салудың экономикалық жағынан тиімсіздігін айтып, миллиардтаған қаржының қайтарымы бола ма, жоқ па, оған ешқандай жауап жоқ дейді.

- «Көксарайдың» сыйымдылығы өте аз. Үлкен су келетін болса сыймайды, аз су келетін болса бармайды. Бірақ оның дамбасы 44 шақырым. Ол өте ұзын. Дамба құмнан жасалмақ. Жаңбыр жауса, қар ерісе оны шая береді. Шайып кеткен соң оның жөндеу жұмыстарына қанша қаражат керек. Бір сөзбен айтқанда - босқа қаржы шығындау. Оның пайдасы шамалы, - дейді «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов.

Мамандардың айтуына қарағанда, «Көксарай» жайдақ жерде орналасқан, оның тереңдігі ары кетсе 10 әйтпесе 6-7 метрден аспайды. Сондай-ақ Көксарай плотинасының ұзындығы 44 шақырымнан кем болмайды. Бұл өте үлкен аумақ. Су реттегішке қыс айларында жиналған су сәуір айында Сырдарияға жіберілуі тиіс. Жиналған су Сырдарияға жіберілгенде оның орнында алып батпақ пайда болмақ.

- Осы батпақтың оңтүстік өңірге қаншалықты зардап әкелетіні ескерусіз қалып отыр. Ал Көксарайдың салынуына Өзбекстан, Қырғызстан қалай қарайды, ол жағы тағы белгісіз, - дейді эколог-журналист Бейбіт Бүркітбай.

Жоғарыда сөз алған қызылордалық эколог Сайлаубай Жұбатырұлы «Көксарайдың» салынуы экологиялық босқындықтың жаңа толқынының туындауына әсер етуі мүмкін дейді.

Ресми мәлімет бойынша, 1998 жылы «Көксарай» су реттегішінің алғашқы жобасы жасалғанда сол уақытта 200 млн. АҚШ долларына бағаланған екен.
XS
SM
MD
LG