Accessibility links

Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Орал Іскендірова аймақтағы ауыз су мәселесі туралы


- Мен, өз басым, Қызылорда облысының Қазалы ауданында халық тұтынып отырған ауыз судың жағдайы мәз емес дер едім. Ішетін су бактериялық жолмен тазаланбайды. Әсіресе жаз айларында осы Қазалы өңірінде іш аурулары, инфекциялық аурулар өте көп. Жас балалар су ішетін болса олар бірден іш дертімен ауруханаға түседі. Осы өңірді мекен етіп отырған халыққа жағдайды реттейміз, тұрмыстарыңды көтереміз деп үкімет ылғи айтады. Бірақ нәтижесі көрініп жатқан жоқ. Халық жыл сайын өз хал-қәдірінше су мәселесін шешуге әрекет жасаған болады. Ауыз суды бұлақтан тасиды, құбыр тартуға ақша-қаражат жинайды. Бірақ ол жеткіліқсіз болғандықтан мәселе шешілмейді. Сондықтан ауыз су мәселесі қазір өте күрделі мәселе боп отыр.

Қазақстанның аймақтарындағы ауыз су мәселесін шешу үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын ақша бөлінетіндігін естіп жатамыз. Бірақ оның нәтижесі бізге байқалмайды. Сол бөлінген ақша құрдымға кетіп жатқан сияқты. Жергілікті халық жыл сайын, тіпті ай сайын әкімдікте су сұрап, құбыр тартып бер деп арызданып барады. Бірақ ешнәрсе өзгермейді. Осы құбырлар тартылғанның өзінде сол судың сапасы өте төмен. Бар суды тазалайтын, сүзгіден өткізетін құралдар жоқ. Егер осындай жұмыстар атқарылса онда үкімет ақша бөлді, нәтижесі мынадай деп айтуға болады. Сондықтан жоғарғы билікте ауыз су мәселесіне байланысты айтылатын әңгіме мен қабылданған бағдарламаның бәрі бос сөз сияқты.

Адамға бұл өмірде ең керегі су ғой. Сусыз тіршілік жоқ. Су болмағаннан кейін бақша да отырғыза алмайды. Сол Қазалы ауданында жер тұздан көрінбейді. Ал сол жерді бір метр қазатын болсаң ащы су шығып тұрады. Бау-бақша отырғызып, көкөніс жемегеннен кейін адамда қандай денсаулық болады? Балық, ет, басқа витаминдер туралы мен айтып тұрған жоқпын. Тек таза су жөнінде. Ал таза судың мәселесінің қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ білуге болады. Таза су болмағаннан кейін адам баласы ол жерде қайтып өмір сүреді?

Қазақстанның 66 пайызы шөл және шөлейт аймақ. Үкімет сол шөл-шөлейт аймақта тұрып жатқан халықтың, әсіресе экологиялық аймақтағы халықтың жағдайын ойлап көмек көрсетуі керек қой. Ал ондай көмек деген атымен жоқ. Таза су ішіп, көкөніс жемеген халық жылдан-жылға азып ауруға айналды. Қазалы ауданы облыс бойынша өлім жөнінен екінші орында деп айтсам өтірік айтпаған болар едім.
XS
SM
MD
LG