Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.10.2008 жыл


Бейсенбі күнгі апталық басылымдар билік басындағы ауыс-түйістерді екшелеп, оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өлімін зерделепті. «Нұрбанк» төңірегіндегі даудың жалғасы, «Рахатгейт» мәселесі де осы күнгі кейбір басылым назарына ілігіпті. Бірқатар басылымдар алданған үлескерлер, Каспийдегі итбалықтардың өлімі, тіл мәселесін де көтеріпті.

«Азат» газеті билік басындағы ауыс-түйістерге арнаған мақаласын «Коррупциямен күрес пе, әлде құрбандық па?» деп атап, «Көктемгі науқан Жақсыбек Құлекеевтің тұтқындалуымен басталды. Ол темір жолға тәртіп орнатпақ болғанда оған мүдделі емес топтардың текетіресінің құрбанына айналуы мүмкін. ...Астана мен Алматы қаласының әкімдерін ауыстыруының астарында бір құпия мақсаттың жатқаны айдан-анық» деп жазыпты. «Рахатгайт» ісіне арналған мақаласында осы газет «Рахатгейттен» соң, «Әнипагейт» бастала ма?» деп, Қазақстан президентінің қарындасы Әнипа Назарбаеваның рейдерлікпен кәсіпкерлерге қысым көрсеткені туралы жазады.

Оппозициялық «Свобода слова» апталығы «Құлекеевті кім жығып берді?» деген мақаласында «қамауға алынғанның маңайындағылардың айтуына қарағанда, ол қарамағындағы «жоғарыдағылардың» туыстарына өз бизнестерін кеңейтуге кедергі жасаған. Мысалы, Темір жолды дамыту басқармасының директоры Данияр Хасенов пен оның серігі, сауда-саттық саласынынң директоры Руслан Местоев деген адамдардың есімдері аталады. Олардың біріншісі - президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі болса, екіншісі - Қазақстанның Ресейдегі сауда-саттық бойынша уәкілі әрі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Нұртай Әбіқаевтың жақын досы Ахмед Местоевтың баласы болып табылады» деп, «Құлекеевті осылар алдын-ала дөрекі түрде ұйымдастырған «спектакль» бойынша жығып берді» деген болжам айтыпты.

Оппозициялық «Тасжарған» апталығы Жақсыбек Құлекеевтің қамауға алынуына байланысты топтама беріпті. Осы апталықтың «Тәп-тәуір жігіт биліктегі кландардың құрбанына айналды» деген мақаласында: «Құлекеевтің кезінде көптеген адамдар «жасырын» табыстарынан айрылды. Екінші жағынан, Құлекеевтің тұлғасы президенттің күйеу баласы - Тимур Құлыбаевтың адамдарының наразылығын тудырған еді» деген болжам айтыпты.

«Время» мен «Жас алаш» газеттерінің «Жақсыбек Құлекеевтің тұтқындалуының астарында не бар?» деген сауалнамасына жауап бергендердің дені «оны жемқорлықпен күрес паровозының астына тастады» және «президент құрбандыққа шалуға рұқсат бергендіктен» деп жауап беріпті.

«Свобода слова» апталығында Атыраулық бір топ тұрғындар атынан көмек сұраған ашық хат жарияланыпты. Онда авторлар Атырау мұнай зауытындағы былықпайлардың схемасын көрсетіп, «осының бәрі жанар-жағар майдың қымбаттауына себепкер» деген тұжырым келтіріпті.

«Время» газеті «Баламның адал есімін қайтарып беріңдер» деген бас мақаласында «Нұрбанк» ісіне байланысты сотталған Алматы ішкі істер департамент бастығының бұрынғы орынбасары Нұрлан Самалиховтың анасы Сания Көсегенованың елдің Жоғарғы сот төрағасы, Қаржы полициясының төрағасы, Бас прокурор, Ішкі істер министрінің атына жазған хатын басыпты. Онда Нұрлан Самалиховтың анасы «Алматыдағы Медеу аудандық сотта мемлекеттік айыптаушы қорықпастан өз қателігін мойындап, балама тағып отырған айыптан бас тартқанымен, судья неге менің баламды жапа шегуші деп танылған «Нұрбанк» өкілінің талабы бойынша айыпты деп тапқанын түсінбеймін» деп, лауазым иелерінен араша сұрайды. Осы газеттің «Нұрбанк: цифрлар мен фактілер» деген мақаласында «Нұрбанктың» жаңа басқарма бастығы Нұрмұхамед Бектемісов «банктың өткен жылғы таза табысы 115 пайызға, жеке капиталы 65 пайызға жеткені» туралы айтыпты.

Осыған байланысты оппозициялық «Тасжарған» апталығы «Нұрбанктың» жағдайы жақсы болса, ол неге сатылады?» деп сұрап, Халық банкінің басқарма бастығы Григорий Марченконың сатылатын банктер тізімінде «Темірбан» пен осы «Нұрбанкті» атағанын алға тартыпты.

«Жас алаш» газеті «Ақиқат айтыла бастады» деген мақаласында «Заманбек Нұрқадiлов пен Асхат Шәрiпжановқа жасалған саяси қастандықты жасырып-жабуға мүдделi болған кiмдер?» деп сұрайды. Бұған дейін жасалған ресми байлам бойынша Заманбек Нұрқадiлов «өзіне қол жұмсаған» оппозициялық саясаткер де, ал Асхат Шәріпжан – «аутокөлік апатынан қаза тапқан» танымал журналист болатын. Осы мақалада Заманбек Нұрқадiловтiң күмәндi қазасына қатысты адвокат болған Мұстахим Төлеев: «Заманбек Нұрқадiлов өз-өзiн атты деген әңгiме ең алғаш қайдан шықты?» деген тілші сауалына: «Бұл - ең алдымен, билiкке тиiмдi жалған ақпарат. Зәкең кiмнiң тапсырысы бойынша өлтiрiлгенiн және оны кiм өлтiргенiн жасырып-жабу мақсатында «өз-өзiн атты» деген жалған ақпарат таратқан» деп, «осы жұмбақ қазаға президенттің бұрынғы күйеу баласы, қазір Венада жүрген Рахат Әлиевтің тікелей болмаса да, жанамалай қатысы бар болуы мүмкін» деген жорамал айтады.
XS
SM
MD
LG