Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.11.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі бірқатар басылымдар Пекин олимпиада алауының әлемдегі шеруі тақырыбына, Маңғыстау облысында салынбақшы жаңа энергетикалық кешен жайында, әлемдік қаржы саласының ахуалы мен Қазақстандық үлескерлер тақырыбына мақалалар жариялапты.

«Егемен Қазақстан» газеті Маңғыстау облысында “Каспийлік энергетикалық хаб” атты жаңа мұнай өндіру жобасы қабылдануына арналған мақаласын «Тағы бір алып жоба қолға алынады» деп атап, онда «Құны орта есеппен 10 млрд. АҚШ долларына жуық бұл жоба еліміздің экономикасын дамыта түсуге серпінді үлес қосады деп күтілуде. Оны іске асыруға ондаған мұнай және жүздеген қызмет көрсету компаниялары қатысады. Сонымен қатар, оның арнайы ғылыми-зерттеу орталығы, технопаркі, арнаулы мамандар дайындайтын техникалық колледжі, т.б. болады» десе, «Панорама» апталығы «бұл энергетикалық хабтың болашағы бұлыңғыр» деп жазыпты.

Оппозициялық «Республика» апталығы «Оффшорлардағы лай суда кім балық ұстап жүр?» деген бас мақаласында: «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына Кипр мен Британ Виргин аралдарында орналасқан толып жатқан делдалдар неге керек?» деп сұрап, Грузиядағы Батум теңіз портын «ҚазМұнайГаз» компаниясы шытырман әдіспен қалай алғанының схемасын жариялапты. «Ұлттық компаниялардың шетелдегі операцияларына мемлекеттік бақылау қалай жүзеге асады? Кім бақылайды? Соңғы екі жылда олардың қаржылай іс-әрекеттерін тексергендер бар ма? Нәтижесі қандай?» деген сияқты бірнеше сауал тастайды.

Осы апталық «Уәкіл әке - бірақ ол емес» деген мақаласында «бірқатар интернет сайттарында жарияланған «Уәкіл әке» атты кітап - ел президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстан сотының үкімімен сырттай 20 жылға сотталып, шетелде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиевтың жазған кітабы емес, оны Рахат Әлиевтың кітабымен шатастыру үшін арнайы органдардың адамдары жазған болуы мүмкін, бірақ олар Астананы масқара қылды» деген болжам айтыпты. Осы басылым «Халыққа – тұрғын үй, алаяқтарды – түрмеге!» деген мақаласында «алданған үлескерлердің Астана мен Алматыда өткен митингі талабына шенеуіктер пысқырып та қарамады» деп жазса, «Панорама» апталығы «Үкімет үлескер азаматтардың мүддесін қорғамақ, бірақ алдымен өздерінің мүддесін, онан соң банктерді, тек сонан соң ғана азаматтарды қорғамақ» деген мақаласында «үлескерлер мәселесі мәжілісте де қаралғанымен, айтарлықтай нәтижесі болмады» депті.

«Республика» апталығының «ашық мінберінде», кезінде «Казкоммерцбанктың» басқарма директоры, «Қазақтелеком» компаниясының қаржылық директоры болған Қанат Нұров: «Егер біздің билік ертеңгі күнді ойласа, бүгін шетелге кету-кетпеу мәселесі тұрмаған болар еді. «Байи түс!» деп ұрандаған сайын, жемқорлық жайлай түседі де, бақыт азая бермек» деген тұжырым айтыпты.

«Деловая неделя» апталығы «Қырғыз Республикасының парламенті Қазақстанмен шекара туралы келісімді бекітті» деген мақаласында «2001 жылы Астанада екі ел арасындаға шекараға байланысты қол қойылған келісімді Қырғызстан парламенті бекіткенімен, даулы боп тұрған екі жердің мәселесі ашық қалды. Осыған байланысты Қырғыздар алдағы уақытта келісімге өзгертулер енгізу туралы өтініш жасамақшы» деп жазса, «Айқын» газеті «Қазақ жеріне қадалғандар қамалды» деген мақаласында «Кеше Бішкекте Қырғыз оппозициясы даулы деп есептейтін Қазақстанмен шекарадағы 620 гектар жер мәселесіне қатысты жиын өтіп, оған қатысқан 50-ден асқан адамды милиция қамауға алды» деп жазыпты.

Осы газеттің «Сенат ұлттық намысты сөз етті» деген мақаласында «...соңғы кездері қазығын тауып, қазақылыққа ден қоя бастаған сенатор Ғани Қасымов бұған дейін Батыстың сойқан фильмдерін ұлықтап келген ел кинотеатрларының енді ресейлік киноөнімдерге төрін ұсына бастағандығы намысына тиетіндігін мәлімдеді. Осы орайда Ғани Есенгелдіұлы Үкімет басшысына тың идеямен жүгінді: ол «Кино туралы» арнайы заң қабылдап, онда кезінде бұқаралық ақпарат құралдарын қазақшаландыру мақсатында ойлап табылған «50х50» талабын кинотеатрлар үшін де бекітуді ұсынды» деп жазыпты.

Бірқатар басылымдар Астанада «Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі туралы» заңды талқылаған дөңгелек үстел жиыны өткені туралы жазыпты. Осыған байланысты «Деловая неделя» апталығы «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтақтық ұйымы Қазақстан осындай заң қабылдайды деп үміттеніп отыр» деп жазса, «Айқын» газеті «бұл дөңгелек үстелге депутаттар қатыспады» депті.

Бірқатар басылымдар Пекин олимпиадасы алауының әлемдегі шеруі Тибет тәуелсіздігін қолдаушылар қарсылығына қалай ұшырап отырғаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG