Accessibility links

Қазақстанда «Дат» жобасымен тәуелсіз басылымның жарыққа шыға бастағанына 10 жыл толды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сәуірдің 15-і күні оппозициялық бағыттағы «Тасжарған» басылымы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бүгінгі «Тасжарған» осыдан 10 жыл бұрын - 1998 жылы сәуірдің 15-інде «Дат» деген атаумен тұңғыш рет жарыққа шыққан тәуелсіз басылымның жалғасы. Қазақстан қоғамының тыныс-тіршілігі туралы түрлі баламалы ақпарат тарататын бұл басылым өткен он жыл ішінде 12 рет атауын өзгертуге мәжбүр болды.

Осыдан 10 жыл бұрын «Дат» атауымен оқырман қолына тиген тәуелсіз басылымның жарыққа шығуына сол уақытта жоғары биліктен оппозицияға кеткен экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мұрындық болған екен.

«Дат» газетінің бірінші редакторы болған журналист Шәріп Құрақбай:

- Тек шындықты айту парызымыз деген біздер өмірдің тамырын басып тұрып халыққа керегін бере білдік, халық та мұны түсінді. Өйткені, басылымдардың тиражы әрі кетсе 15 мыңнан аспайтын уақытта «Даттың» тиражы 50 мыңға жетті. Сол кездегі қолдау туралы көп айтуға болады. Хаттар да жазылды. Интеллигенцияның барлығы демейін, көбі келіп өз пікірін білдіріп, қоңырау шалып бізді қолдайтындарын айтып жүрді. Бастаған ісіміз әлі өлген жоқ, аяғына дейін жетеді деп ойлаймын, - дейді.

Биліктің «Дат» газетіне қысым көрсетуі сол 1998 жылдың тамызынан басталды. Сол жылы елде толықтай мемлекеттік меншіктегі «Қазақстан-1» телеарнасының басшысы Ерлан Сатыбалдин басылымда шыққан мақалаға орай, өзінің ар-намысына тиді деген шағыммен газет редакциясынан 60 млн теңге, ал редактордан 10 млн теңге моральдық шығын талап етіп газетті сотқа берді. Істі қараған Алматының Алмалы аудандық соты басылымнан 30 млн теңге, ал редактордан 5 млн теңге өндіріп алу жөнінде шешім шығарды.

Бұл соманы төлей алмаған басылым сол жылы желтоқсан айының басында жабылып қалды.

- Сол уақыттан бастап Қазақстанда баламалы ой айтатын басылымдармен күрес басталды. Бірақ, алғашқы «Дат» газеті әлгіндей сот шешімімен жабылғанымен, соңғы 10 жыл уақыт ішінде осы жоба аясында 12 түрлі атаумен тәуелсіз басылым оқырман қолына тиді. «Дат-Иртыш», «Дат-Колесо», «Дат-Бота» сияқты атаумен шығара бердік. Олар бізді қуып жүріп жаба берді, - дейді Шәріп Құрақбай.

Кейіннен «Дат» жобасының газеттері «СолДат», «Бүгін-Сегодня», «Жұма-Таймс», «Айна-плюс» сияқты атаулармен басылды. Қазақстанның сот органдары «Айна-плюс» газетінің шығуына 2006 жылдың сәуір айында тиым салғаннан кейін, сол кезден бастап қазірге дейін басылым «Тасжарған» деген атаумен жарыққа шығып келе жатыр.

Осы «Дат» жобасын ұйымдастырушылардың бірі әрі «СолДат» газетінің бас редакторы болған журналист Ермұрат Бапиге қарсы «қаржы-есеп құжаттарын толтыру тәртібін бұзған» және «салықтан жалтарған» деген айыптар тағылған істі қараған Алматының Медеу аудандық соты 2003 жылы қараша айында оны ішінара кінәлі деп тауып, бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды және журналистке 5 жыл бойы баспа қызметімен айналысуға тиым салды. Қазір «Тасжарған» газетінде Е.Бапи өз мақалаларының соңында «Бас оқырман» деп жазып жүр.

Бапи жоғарыда аталған басылымдарды Қазақстанда биліктің ықпалымен басуға тиым салынған кездері газетті көрші елдерде басып шығаруға да мәжбүр болғанын еске алады.

- Алматының өзінде басылмаған типография жоқ деуге болады. Газет Бішкекте басылды, Ресейдің Барнаул, Новосібір, Саратов сияқты бірқатар облыстарында басылды. Сол газет басылған жерге біздің орган қызметкерлері барып отырды. Олар барып кеткен соң әлгі баспаханалар бізге «тату-тәтті тірлік керек, баса алмаймыз», деп газетті басудан бас тартатын. Маңайдағы Ресейдің қалаларының біразын аралап шықтық, - дейді Бапи.

- 10 жылда 12 түрлі аталып, өз оқырманымен қауышқан, бір кезде «Дат» бастап, қазіргі «Тасжарған» жалғастырып келе жатқан басылымдардың басты ерекшелігі – орыс және қазақ тіліндегі қос аудиторияны бірдей қамти білді. Бүкіл мемлекеттік машинаның қарсылығына қарамастан бір жобаны осы күнге дейін алып келу, меніңше, бұл - феномен. Сөз кезегі келгенде, заманымыздың заңғар жазушысы Марат Қабанбай туралы айтпай кетуге болмас. Сол уақытта Марат Қабанбай «СолДат» газетінің бас редакторы болып, маңайымызда болды. Біздің редакцияға жазушы, мемлекеттік дәрежеде жүрген тұлғаның келуінің өзі газетімізге тың ой, жаңа серпіліс берді. Ең бастысы, «Дат», «СолДат», «Бүгін-Сегодня», «Жұма-Таймс», «Айна-Плюс», «Тасжарғанның» еңбегі не десек, оның қазақ халқын оятуға, абырой-намысын қорғауға қосқан үлесі деп айтуға болады, - дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

«Дат» жобасы аясында жарыққа шыққан басылымдарда жұмыс атқарғандардың бірқатары бүгінде бұл дүниеде жоқ. Олардың қатарында көсемсөздің майталманы, жазушы Марат Қабанбай, белгілі аудармашы Ғалымжан Мұқанов, сөзі мірдің оғындай Жұматай Сабыржанұлы, жұмбақ жағдайда қаза болған журналист Асхат Шәріпжан сынды оқырмандарға танымал азаматтар еңбек етті.

- «Дат» жобасының жалғасып келе жатуының өзі - редакция ұжымы ұстанымының арқасы. Газетімізді сүйіп оқитын оқырман біздің еңбегімізге өз бағасын берер, - дейді қазіргі «Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай.

Онжылдық тарихында «жеке адамның қадір-қасиетіне тиді», «салықтан жалтарды» деген тәрізді азаматтық, әкімшілік және қылмыстық айыптар тағылып, газет редакциясы жалпы саны 28 рет сотқа тартылды. Бұған қоса бірнеше төтенше оқиғаларды бастан кешті: редакцияны әлдекімдер тонады, бірнеше рет газет журналистерін қаскүнемдер қатыгездікпен ұрып-соғып кетті. Тәуелсіз газет журналистері бұл қастандықтардың бәрін өздерінің кәсіби жұмысымен тікелей байланыстырады.
XS
SM
MD
LG