Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.15.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сейсенбі күнгі басылымдардың дені «Нұр Отан» партиясының, әзірге аты-жөндері аталмаған, 70-тей мүшесінің үстінен қылмыстық іс ашылуына орай жемқорлық тақырыбын екшелепті. Бірқатар басылымдар алданған үлескерлер жайында және діни конфессиялар туралы мақалалар беріпті.

Сейсенбі күнгі барлық дерлік басылым назарында Қазақстандағы жемқорлық мәселесі. Мысалы, zonakz интернет-сайты «Қазақстан бүгін» ақпараттық агенттігіне сілтемелеп, «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевтің «заңсыз қамауға алындым» деген шағым-арызын сот қанағаттандырмағанын жазыпты.

POSIT.KZ интернет сайтының «Ішкі істер министрлігіне үш соққы» деген мақаласында, «Ішкі істер министрілігі - республикадағы ең басты ұйымдасқан қылмыстық топ» дей келіп, «полицейлерге қылмыстық іс ашылуы - олардың кәсіби деңгейінің өте төмендігінің айғағы», «ұзаққа созылған жемқорлықтың салдарынан, мемлекеттік орган Сицилия мафиясы іспеттес қылмыстық топқа айналып кетті» деп жазыпты.

«Литер» газеті «Шекпеннің жартысы» деген мақаласында «Қазақстандықтар неге погонды жақсы көреді және оған қол жеткізу үшін қанша төлейді?» деп сұрай отырып, «кеденшілердің бір күндік бүркеме табысы 1000 доллар мен 10 мың доллар аралығында болса, жол полициясы 30 мың теңгеге дейін табыс табады, ал тергеушілер баптың ауырлығына байланысты 500 бен 10 мың доллар аралығында, қаржы полициясы қылмыстық іс ашу-ашпауды саудалап, 1000 доллардан жоғары табыс табады» деген тұжырым келтіріпті.

«Айқын» газетінің «Коррупция қай салада көбірек?» деген мақаласында «Коррупциямен күрес күшейген сайын жемқорлар мен парақорлардың саны көбейіп барады. Сыбайлас жемқорлық, пара алу, пара берудің бәрін коррупцияға жатқыза берсек, мемлекеттік қызметтегілердің үштен екісі коррупционер болып шыға келеді екен. Елімізде пара беру, пара алудың үйреншікті тірлікке айналғандығы соншалық, бұған еті өлген халықтың көпшілігі коррупцияны қалыпты жағдай деп есептейді. Өйткені, мемлекеттік қызметкердің алақанына ақша салсаң, кез келген жұмысың әп-сәтте бітеді» деген қортынды айтады. Сонымен бірге газет «Ақмола облысындағы пара алушылардың ішінде алдарына жан салмайтын жол полициясының инспекторлары (78,8%) мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері (73,5%) екен. Білім беру жүйесінің органдары (70,6%), қаржы полициясы (65,9%), кеден қызметі де (60,2%) бұлардан қалып жатқан жоқ көрінеді. ...«Халық айтса, қалп айтпайды». Өйткені сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің 48,2 пайызы мемлекеттік қызметтегілерге пара беріп көрген адамдар» деп жазыпты. Осыған орай, «Айқын» газеті: «Коррупциямен күрес репрессияға ұласып кетпес үшін сот ашық болуы керек дегенге қалай қарайсыз?» деп сұраса, «Литер» газеті: «Билік жемқорлық инфекциясынан өзін-өзі тазарта алады дегенге сенесіз бе?» деп көкейдегі сауалдарын қойыпты. Оған жауап бергендер «жемқорлықпен күрестің арты репрессияға ұшырап кетпес үшін сот істері міндетті түрде ашық болуы тиіс» және «кез келген жемқорлықтың бір ұшында биліктегі адам бар, сондықтан жемқорлар өзін-өзі әшкерелейді дегенге сенбеймін» дегендей жауап беріпті.

Осыған орай «Жас алаш» газетінде генерал Мұрат Қалматаев: «Кадрды ауыстыру да жемқорлыққа жатады. Әкiм, министр жаңа орынға келгенде, жақсы болсын, жаман болсын, бұрынғы қызметкердi қызметiнен алып, өз командасын әкеледi. ...Мiне, жемқорлықтың нағыз түп-тамыры осында жатыр. Жаңа әкiм қылмыс жасау үшiн сенетiн адамымен бiрге келедi. Өйткенi, iз жасыру керек» деген ой айтыпты.

«Жас алаш» газеті бұрынғы «Нағыз Ақ жол» партиясын жаңадан «Азат» деген атпен «Әдiлет министрлiгi заңда көрсетiлген мерзiмнiң ең соңғы күнiнде тiркеуден қайта өткiздi» дей отырып, оппозициялық «Тасжарған» газетінің шыға бастағанына дәл бүгін 15 сәуірде 10 жыл толуына орай «Тасжарғанның» ұжымын құттықтап, кезінде сот шешімімен баспа ісімен айналысуға бірнеше жылға тиым салынғалы бері, осы «газеттің бас оқырманы» аталып кеткен Ермұрат Бапимен болған сұхбатын оның өз сөзімен: «Шындық дер кезiнде, дәл уағында айтылуы керек» деп атапты. Осы газеттің «Геноцид» деген мақаласында, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Досалы Салықбек: «Украин халқы бұл қасiреттi халықаралық дәрежеде көтерiп жатқанда бiздiң үнсiз қалғанымыз жөн бе?» деп сұраса, «Экспресс К» газеті: «Біздің елде жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау неге көбейіп кетті?» деп сұрапты.

«Время» газеті Алматының тұрғын үйлері бұзылуға жататын бір топ азаматы өз құқықтарын қорғап, қалалық әкімшіліктен мерзімсіз аштық жариялауға рұқсат сұрағаны туралы жаза отырып, «Верный.kz» құрылыс компаниясының құрылтайшысы Жанат Ақбиевпен «Бізге үлескерлер кедергі келтіріп жатыр» деген сұхбатын беріпті.
XS
SM
MD
LG