Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.16.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күнгі басылымдар Үкіметтің кешегі отырысында бірінші тоқсанның әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын қаралып, астық экспортына уақытша тыйым салынғаны туралы, үлескерлер тақырыбын, «Қазақстан темір жолы» компаниясының қамауға алынған бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевке қатысты және биыл Қазақстанда болуы мүмкін қуаңшылық жайында мақалалар басыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті Үкіметтің кешегі отырысында қараған бірінші тоқсанның әлеуметтік-экономикалық қорытындыларына арнаған мақаласын «Дамудағы тұрақтылық сақталып отыр» деп атап, онда үкімет жыл басынан бері инфляцияны межелеген деңгейде, яғни 2,5 пайыз деңгейінде сақтап қалғаны туралы, көптеген салада, аз да болса өсім барлығы туралы айтыпты.

Осы тақырыптағы мақаласын «Литер» газеті «Екі әлем – екі өмір сүру салты» деп атап, онда «ашығын айтсақ, жоғары мінбелердегі баяндамаларда әр кез қол жеткізген жетістіктердің нақты өмірге қатысы жоқ цифрларын келтіру дәстүрі кеңестік кезеңнен қалған әдет. Ресми билік өкілдерінің президент алдында жетістіктерімен көрініп қалуға деген тырысушылығын түсінуге болар, бірақ оны «кемшіліктерін жасырып, жоқ жетістіктерін асырып» баяндағанша, басқаша жолмен істесе болмас па еді? Әлем экономикасындағы ахуал көптеген ел үкіметтерін алаңдатып отырғанда, тек Қазақстанда ғана әлі күнге сабырлық пен көзбояушылық - екі әлем екенін түсінбей келеді» депті. Осы газеттің «Арманшылдар мен қарапайым көпшілік» деген мақаласында, тәуелсіз саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қазақстандағы билік, бизнес және қоғам, кейде тоғысатын, бірақ өзінше бөлек үш өлшемде өмір сүруде» дей келіп, «шенеуніктер тек өздерінің цифрлары мен бағасын да өздері беретін мемлекеттік бағдарламалар әлемінде өмір сүреді. Сондықтан кейде мемлекеттік қызметтегілер қиял, елес тәріздес жеке өздерінің әлемдерін құрып алған сияқты көрінеді. Ондай «қияли әлемнің» қауіптісі - ол нақты өмірден алшақтау, кейде тіпті республика экономикасы мен саясатындағы көзге көрінетін, не орын алуы мүмкін тәуекелді де бағалай алмайды» деп жазыпты. Одан әрі саясаттанушы «сондықтан Қазақстанда өмірге деген бір-бірінен алшақ екі көзқарас қалыптасқан. Жоғарыда «Кремль қиялдаушылары» отыр да, мұнда - пессимистік қарапайым көпшілік» деп ойын қорытыпты.

«Время» газетінің «Темірдей логика» деген мақаласында жауапкершілігі шектеулі бірнеше серіктестік жанар-жағар майды Үкіметтен тұрақты бағамен сатып алып, оны «Қазақстан темір жолы» компаниясына үстеме бағамен сату арқылы байып отырғаны туралы жаза отырып, «темір жол басшысы қамалғанымен оның істеуі әдісі өлмеген бе?» деп сұрапты.

«Айқын» газетінің «Судан – шу, «шөптен» – өрт» деген мақаласында, кеше ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында өткен «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері» атты халықаралық конференцияда, аталған институттың жетекші маманы Константин Сыроежкин: «су ресурстары тетігін иемденуге ұмтылуда болашақта Орталық Азия мемлекеттері арасында қатал тартыс болуы мүмкін. Бірақ, ШЫҰ-да бұл мәселені реттейтін ешқандай тетік жоқ» деп айтқанына, мақала авторы «Қытай тарапы бұған ешқандай жауап қатқан жоқ. Меніңше, олар бұл мәселеге бас қатырғысы келмейтін секілді» деген ой айтыпты.

«Литер» газеті Алматыда «Атамекенқұрылыс» компаниясы үлескерлердің қаржысына салып бітіріп қалған 21 қабатты тұрғын үйді қалалық мемлекеттік сәулет-бақылау департаментінің арызына сәйкес, сот шешімімен бұзуы мүмкіндігі туралы жазыпты. Мақалада аталған құрылыс компаниясының бұзылуға жататын тағы да басқа, тоғызыншы қабатқа дейін салынып боп қалған үйі барлығы айтылады. Құрылыс компаниясымен көптен соттасып жүрген сәулет-бақылау департамент басшыларының айтуынша, «Атамекенқұрылыс» компаниясының тұрғын үй салуға рұсаты жоқ, себебі тұрғын үй жобаларына деген сараптама алынбаған». Оған жауап берген құрылыс компаниясының жетекшісі «бұл әрекет тапсырыс бойынша істеліп жатқан арандатушылық. Себебі біз ешқандай шенеуніктердің алдына жығылмадық. Қаншама құрылыс тоқтап тұрғанда біз қызу жұмыс жасап жатырмыз. Ит үреді, керуен көшеді» депті.

«Айқын» газеті болса «осы үйлерді бұзғанша, Қазақстандағы он және одан да көп балалы аналарға берсе, «Нұр Отанға» да жарнама, ел де риза болар еді» деген ұсыныс айтыпты.

Осы газеттің «Ассамблеяның аты бар да, заты жоқ» деген мақаласында саясаттанушы Дос Көшім: «...ассамблеяның заңды негізде жұмыс істеуі үшін белгілі бір заңның керегі анық, бірақ өз басым дәл бүгінгі ассамблея өкілдерінің тек қана өз мәдениеті, тілдері мен салт-дәстүрін сақтау мәселесін күйттеп жүргенін көрем... Сондықтан мен ассамблеяның дәл бүгінгідей формада сақталуына қарсымын» деп айтыпты.
XS
SM
MD
LG