Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.17.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі бірқатар басылымдар Қазақстанда астықты сыртқа шығаруға тыйым салынғаны туралы, Голливудтық әйгілі актер, «Көшпенділер» филімінде ойнаған Марк Дакаскостың қатысуымен бағасы 75 миллион доллар болатын «Шығыс транзиті» атты фильм түсірілмекші боп жатқаны туралы жазыпты. Апталық басылымдар қазақ тілі, мәденит, тарих, жемқорлық тақырыбын екшелепті.

«Түркістан» апталығында жазушы Жанат Ахмади кезінде «Азаттық» радиосының қазақ редакциясын басқарған Хасен Оралтайдың 75 жасқа толуына арнаған ауқымды мақаласын «Тағдыр талқысында» деп атап, онда автор Хасен Оралтайдың өмір жолдары жайлы сыр шертіпті. Ал, келесі аптада Алматыда басталатын Еуразиялық медиафорумға арнаған мақаласында «Медиафорум қазаққа не береді?» деп сұрапты. Осы апталық Қазақстандағы соңғы жылдары шыққан мектеп оқулықтарына «Тілі ауыр, сапасы төмен» деп баға беріп, осы мәселеге арналған ауқымды сараптамалық мақала басыпты.

Қазақстан қаржы саласының бүгінгі мәселесіне арналған, Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовпен болған сұхбатын, банк төрағасының өз сөзімен: «Негізгі мақсат, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету» деп атапты. Мақалада Ұлттық банк төрағасы: «инфляцияны ырықтаймыз», «дәл қазір Қазақстан банктерін шетелдіктердің сатып алғаны тиімді» дегендей ой айтыпты.

Осы тақырыпта оппозициялық «Свобода слова» апталығы Ресейдің «Независимая газетасынан» алып, «Қазақстанды дефолт күтіп тұр» деген мақала басыпты. Онда автор «әлемді шарлаған дағдарыс салдарынан Қазақстанда құрылыс тұралап, мемлекеттің рейтінгі теріс мәнге дейін төмендеді» деп айтыпты.

«Түркістан» апталығы кезінде Кеңестер одағының көсемі болған Иосиф Сталин туралы Феликс Чуев жазған «Тарихтың желқұзы» кітабынан басқан ауқымды үзіндіні «Ол - Сталин еді...» деген атпен беріпті.

«Литер неделя» апталығы «Ел, дем ал!» деген мақаласында «сілкіністерден шаршаған ел, 60-шы жылдардан соң тыныққандай болды. Жоғарыдан «Сталинды сынамаңдар», «Сталин дәуірін қараламаңдар» деген нұсқаулар келіп жатты» деп жазыпты.

Оппозициялық «Тасжарған» апталығы өздерінің «Дат» жобасымен шыға бастағанына он жыл толуына орай топтама бере отырып, «Біз Рахат... Сағадиевпен футбол ойнағанбыз» деген мақаласында, әйгілі британдық комик Саша Барон Коэн – Қазақстандық журналист Борат Сағадиев болып ойнаған филімді түсіруге, президенттің сырттай 40 жылға сотталған, қазір Венада бас сауғалап жүрген бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев қаржыландырған деген болжам айтыпты. Ал «Тасжарған» газетінің «бас оқырманы» аталып кеткен Ермұрат Бапи «Түркістан» апталығына берген сұхбатында: «Билікті мадақтайтын 5 мың газет бар, ал оның көлеңкелі тұстарын айтатын 5-ақ газет бар» депті.

«Лиер неделя» апталығы Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың Қазақстанда жүрген күйеу баласы Әділ Тойғанбаевпен сұхбатын «Мүмкіндіктер патриотизмі» деп атап, мақалада Тойғанбаевтың «Армандау технологиясы» атты кітабы туралы сөз қозғапты.

Оппозициялық «Свобода слова» апталығы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев туралы тақырыпты жалғастырыпты.

«Ана тілі» апталығы «Халық мемлекеттік тіл туралы заңды күтіп отыр» деген атпен, тіл жанашырларының осы мәселеге байланысты пікірлерін беріпті.

«Жас алаш» газетінде, кезінде Болат Әбіловтің «Енді сенге көшемін» деген, Алматының бұрынғы әкім Иманғали Тасмағамбетовты сынаған мақаласына наразылық айтқан белгілі ғалым Салық Зимановқа жауап ретінде, кезінде «Бутя Капитал» қорын басқарғаны үшін қамалып, ұзақ уақыт сот қыспағын көрген ақын Бауыржан Қарабеков: «Еңбегiңiздi бағалаймын, бiрақ ақиқат одан қымбат» деген мақала басыпты.

Бірқатар басылымдар парламент депутаты Ромин Мадинов: «Үкіметтің сыртқа астық шығаруға тыйым салғаны қате. Ресми мәлімет бойынша қазір бізде 4 миллион тонна астық бар. Қазақстанның айлық тұтынымы 250 мың тонна астық болса, қалған астық үш айға жетпейді, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келеді дегенге кім сенеді?» деп сұрағаны туралы жазыпты.

Кейбір басылымдар Ресейлік мамандар, Ақтөбе облысында Ресейлік Ор әуежайының радиолокациялық бекеті орналасқан жерді сұрап, орнына Орынбор облысынан Ресей жер бермекші боп, келісім жүргізіп жатқаны туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар болған оқиғаның желісімен есірткімен күреске арналған «Шығыс транзиті» филімін, тегі Қазақстандық болғанымен қазір Голивудта жүрген Еркін Ялғашев Қазақстан, Ресей, АҚШ қаржысына түсірмекші боп жатқаны туралы жазыпты.

Тағы бір басылымдар Ирандық режиссер Мохсен Махбальбафтың «Күз бен қыс» филімін Қазақстандық режиссер Сергей Әзімов түсірмекші боп жатқаны туралы жазады.
XS
SM
MD
LG