Accessibility links

Референдум туралы конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің мақсаты нені көздейді?

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сенат мақұлдаған заң бойынша жаңартылған Конституцияға сәйкес, егер президент оны парламенттің қарауына ұсынуға шешім қабылдаса, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар республикалық референдумға шығарылмайтын болды. Қазақстандық сарапшылар бұл қазіргі билікті әлі 10-15 жыл ұстап тұруға жасалып жатқан әрекет. Қазақстан осындай заңды қабылдау арқылы тағы артқа шегінді, дейді.

Егер президент парламенттің Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару жөніндегі ұсынысын қабылдамаса, онда парламент палаталарының депутаттары депутаттар санының басым бестен төрт бөлігінің дауысымен осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу жөнінде заң қабылдауға құқылы болады. Мұндай жағдайда президент бұл заңға қол қояды немесе республикалық референдумға шығарады.

Бұл заңның қабылдануы қазақстандық саясаткерлер арасында түрлі пікір қайшылығын тудырып отыр. «Нұр Отан» партиясының кеңесшісі, саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек Қазақстан ОБСЕ-ге төраға болам деп отырған сәтте елдегі заңдар белгілі-бір дәрежеде халықаралық стандарттарға сай болуы керек деген пікір айтады.

- Бізде референдум туралы заң бойынша кейбір мәселелер республикалық референдумға шығарылатын. Ал бүгінгі өзгерістерге қарағанда, бұл процедура біршама жеңілдетіліп заңдастырылған сияқты. Себебі, біз барлық мәселені референдумға шығара беретін болсақ, бір жағынан қаржылық шығын келсе, екінші жалпы саяси жағынан уақыт жоғалтамыз. Сондықтан көп мәселенің сенатта мәжілісте шешілгені дұрыс деп ойлаймын, - дейді Шәріпбек Әмірбек.

Бірақ сарапшылардың бір бөлігі бұл өзгертулер тек қазірге билікке пайдалы болған соң енгізіліп отыр деген пікір айтады.

- Кешегі-бүгінгі қабылданып жатқан заңдар бұл өткен жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейінгі заңнамаларды Конституциялық жаңалықтарға сай келтіру үшін жасалып жатқаны айдан анық. Қазақстандағы президенттік билік өзінің құқықтары мен мүмкіндіктерін ешкіммен бөліскісі жоқ. Қалай болғанда билікті сақтап қалумен айналысып отыр, - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым.

Ол бұл заңға белгілі-бір демократиялық құқықтық мемлекеттің заңнамаларына қайшы келетін құжат деген баға береді.

- Менің ойымша, биліктің осындай заң қабылдаудағы ойы – президент Назарбаев басқарып отырған билікті қалай болғанда кем дегенде 10-15 жылға сақтап қалу, ешкімді жолатпау. Конституцияны өзгертуге ешқандай мүмкіндік бермеу. Мысалы, болашақта парламентке жаңадан күштер келетін болса оларды Конституцияны өзгерту мүмкіндігінен айырып тастау. Қалай болғанда да ОБСЕ стандарттарына сай келмейді, екіншіден мен мұны артқа шегіну дер едім, - дейді Сарым.

Алайда, Шәріпбек Әмірбек мұндай пікірмен келіспейді.

- Белгілі-бір мәселелерді өкілетті органдардың шешуі - Еуропа елдерінде бар үрдіс. Мысалы, соңғы 10 жылдықта Еуропаның көптеген елдерінде ЕуроОдаққа кіру мәселесіне байланысты ғана референдум болды. Сондықтан, қазіргі заманда өкілетті органдар халықтан сайланғаннан кейін кейбір мәселелерді олардың құзырына беру демократиялық дәстүрге келеді, - дейді.

Ал журналист Сейдахмет Құттықадам болса, бұл өзгерістер демократиялық мақсаттан гөрі жеке билік иесінің мүддесін көздейтін секілді деген пікірде:

- Жоғарыдағы заң тек президент билігін күшейтуге ғана бағытталып отыр. Осы заң арқылы президент референдумның өкілеттігін өзіне алмақшы. Бұл артықтау сияқты. Қалай болғанда, референдумның орны бар. Парламент - өкілетті орган. Бірақ, күрделі мәселелер, мысалы, Конституцияға өзгерістер енгізу сияқты мәселелерде референдум өтуі тиіс. Ал осыған дейін бізде екі рет референдум өтті. Оның қалай өткенін білеміз. Ал енді бұл өзгертулер мүлдем артық сияқты.

Жаңа заң өзгертулеріне сәйкес, республикалық референдумға шығарылған Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар егер референдумда облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананың үштен екі бөлігінен кем емес азаматтары дауыс беруге қатысқан жағдайда қабылданды деп танылады.
XS
SM
MD
LG