Accessibility links

Қазақстан Парламенті БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын бекітті

  • Досан БАЙМОЛДА

Өткен наурызда Қазақстан Парламентінің мәжілісі БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын мақұлдаған болса, осы жолы парламент сенатының депутаттары конвенцияны бекітті. Енді заңға ел президентінің қол қоюы ғана қалды. Бұл конвенцияны БҰҰ-ның Бас ассемблеясы 2003 жылдың қазан айының 31-і күні Нью-Йорк қаласында қабылдаған болатын.

Сонымен Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу жөніндегі осындай халықаралық келісім-шартқа қосылып отырған әлемдегі 148-ші мемлекет болып отыр. Сарапшы Айдос Сарым БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұл конвенциясы жалпы түрдегі құжат екенін айтады, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұйымдардың аз дегенде оншақты келісім шарттары барын айтады

- Қазақстанда сыбайлас жемқорлық ретінде парақорлықты айтса, басқа елдерде жемқорлықтың көптеген түрлері бар. Мысалы заңсыз, күмәнді қаржыны заңдастыру да коррупцияның түріне жатады. Сондықтан бұл қабылданып отырған БҰҰ-ның конвенциясы Қазақстанда толық іске асуы үшін әлі де кейбір заңдарды қайта қарауға тура келеді, тек сонда барып сыбайлас жемқорлықпен күресте халықаралық келісім шарттың көмегіне сүйене аламыз, - дейді сарапшы А.Сарым.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу жөніндегі «Транспаранси-Қазақстан» қоғамдық қордың атқарушы директоры Сергей Злотниковтың айтуынша, Қазақстан бұл конвенцияға осыдан 5 жыл бұрын қосылып, келісім-шартты бекітуі керек болатын.

- Әйткенмен «ештен кеш жақсы» демекші, Қазақстан конвенцияны енді бекітіп жатса онда бұны қош дегеннен басқа айтарымыз жоқ, - дейді ол.

Бүгінде Қазақстан қоғамында осы сыбайлас жемқорлық күш алып, өкімет оған қарсы жүргізіп жатқан күрес науқандары өз нәтижелерін бере алмауда. Елде түбегейлі саяси реформа жүрмейінше сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес науқаны жай қатардағы бір іс-шара болып қала береді, - дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.

Биліктің «Нұр-Отан» партиясы қазір елдегі сыбайлас жемқорлыққа 10 соққы деген атаумен жүргізіп жатқан науқаны жай кішігірім шенеуніктердің ізіне түсіп соларды торға түсірудің қамы. Ал егерде билік расында елдегі сыбайлас жемқорлық тамырына балта шапқысы келсе, онда бұл күресті өзінен бастағаны дұрыс, - дейді тәуелсіз журналист Сейдахмет Құттықадам.

«Транспаранси- Интернешнл» халықаралық ұйымының өткен жылғы әлемнің 186 еліндегі сыбайлас жемқорлық жағдайын бағалаған есеп баяндамасында Қазақстан сыбайлас жемқорлығы аса жоғары елдердің қатарында 155-ші орынды иеленген. Ал одан бір жыл бұрын Қазақстан 116-шы орында болатын.
XS
SM
MD
LG