Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.23.2008 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда Өзбекстан президентінің Қазақстанға ресми сапары, Орталық Азиядағы көрші елдер арасындағы қарым-қатынас және Қазақстанның банк жүйесіндегі жағдай туралы мақалалар жарық көріпті. Сондай-ақ, елдегі қаржы дағдарысы салдарынан бағаның қымбаттауы Алматының екі үлкен базарында сауда жасайтын жүздеген адамның наразылығын туғызып отырғаны жазылыпты.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Қазақстанға екі күндік сапарына байланысты «Айқын» газетіне пікір білдірген саясаттанушы Расул Жұмалы көрші елде «қазір жағдай онша мәз емес: экономикада проблема көп, инвестиция жетіспейді, ішкі саясаттағы қауіпсіздік мәселесі, әсіресе Ферғанадағы түйткіл бар» екенін айтыпты. «Дегенмен Орта Азиядағы елдің тең жартысы тұратын бұл мемлекеттің аймақтағы орнын жоққа шығармау керек» деген сарапшы, егер Өзбекстан мен Қазақстан Одақ құру туралы келісімге келсе «оған аймақтағы өзге елдер өз еркімен қосылады» деген сенімде.

Ал қазақстандық тағы бір саясаттанушы Досым Сатпаев, «Литер» басылымында шыққан мақаласында, аймақтағы елдер ондай Одаққа бірігуге әлі дайын емес деген ой айтады. «Ең алдымен оған қажетті саяси ерік-жігер жоқ, аймақтағы бәсекелестік, Орталық Азияның даму болашағына қатысты президенттердің ұстанған жеке көзқарастары, экономикалық даму үлгісінің әрқилылығы, сыртқы саясаттағы айырмашылықтар, көптеген түйткілді мәселелердің болуы» мүмкіндік бермейді деп санайды Сатпаев. «Өзбек шағын және орта бизнесі көршілес Қазақстанмен және өзге де елдермен белсенді экономикалық байланыс орнатуға баяғыдан дайын болса да, жабық есік саясатын жүргізіп отырған елдің саяси басшылығы ондай қарым-қатынасқа пісіп-жетілді ме деген сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр» дейді сарапшы. «Қазіргі кезде Грузия, Қырғызстан немесе Ресей экономикасына молынан ақша құйып жатқан қазақ инвесторларын Өзбекстан экономикалық тұрғыдан қызықтырмайды деуге келмейді, тек қазақстандық бизнес өзіне құшағын жайған жерге ғана барады» деп түйіндейді сарапшы Досым Сатпаев.

«Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатында Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев «биыл банк жүйесіндегі ахуал салыстырмалы түрде тұрақтанды, соның нәтижесінде банктердің Ұлттық Банктің ресурстарына деген сұранысы да тұрақтанды» деген баға беріпті. Сонымен бірге Ұлттық банк өкілі елдегі «қиындыққа ұшырап отырған банктер банкроттыққа бармай, басқа іpі және сенімді банктерге қосыла отырып, өзінің жағдайын жақсартуы қажет, өйткені банктердің банкротқа ұшырауы немесе таратылуы нарықтағы субъектілердің және халықтың бүкіл қаржы жүйесіне деген ceнімін жоғалтады, ал оның әcepі экономиканың басқа секторларында да көрінеді» деген пікірін айтыпты.

«Литер» басылымы болса, Қазақстандық банктердің сыртқы қарызы 46 млрд долларға жақындап қалғанын, оның ширек бөлігін банктер биыл қайтаруы тиіс» екені жазыпты. «Белгілі халықаралық рейтингтік агенттіктер ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның қаржылық бақылау агенттігі де отандық банктердің сыртқы қарыздарды қайтаруға шамасы келмей қалу қаупі барын жоққа шығармайды. Оның үстіне, биылғы жыдың алғашқы үш айында қазақстандық банктердің кезінде клиенттерге берген, бірақ бүгінде олардан қайтатыны үмітсіз саналатын қарыз сомасы 130 млрд-тан 170 млрд теңгеге дейін өсті. Сірә, сыртқы қарыздарды қайтару жүгі салымшыларға түсетін секілді, борышты өтеуге биылғы жылы азаматтардың депозитке салған ақшасы да жұмсалуы мүмкін» деп жазады газет. «Егер сыртқы қарызды қайтаруға банктердің шамасы жетпей жатса, мемлекеттік бюджетті іске қосуға тура келмек, ал оның барлық қазақтандықтарға тікелей әсері болады» деп жазады «Литер» басылымы.

Елдегі қаржы дағдарысы салдарынан бағаның қымбаттауы Алматыдағы «Құлагер» және «Болашақ» деген екі үлкен базарда сауда жасайтын жүздеген адамның наразылығын туғызып отырғаны жайында мақала «Время» газетінде жарияланды. Газет сейсенбі күні жүздеген саудагер жұмысқа шығудан бас тартып, базар маңында наразылық жиынын өткізгенін жазыпты. Саудагерлердің айтуынша, олар «ай сайын қойма иесіне әр шаршы метріне 20 мың теңгеден, оған қоса сауда орындарын жалға алғаны үшін 95 мың теңге төлеуге» мәжбүр. Және ол төлемдер ылғи өсіп отырады, мәселен бірнеше айда әлгіндей төлемдер қосымша 35 мың теңгеге қымбаттапты. «Ал базарда қазір сауда жоқ, күні бойы тұрғанда 2-3 жұп аяқкиім әрең өтеді, бірыңғай шығынға баттық» деп шағым айтқан саудагерлер базар әкімшілігінен өздері «жалдап отырған сауда орындары үшін төлейтін төлем ақша мөлшерін 50 пайызға азайтуды талап етіп отыр» деп жазады «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG