Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.24.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі оппозициялық басылымдар президенттің бұрынғы күйеу баласы, қазір Австрияның Вена қаласында бас сауғалап жүрген Рахат Әлиев интернет сайттарында жарияланған «Өкіл қайын ата» кітабының авторлығынан бас тартқаны туралы, «Қазақстан темір жолы» компаниясының төңірегіндегі істер, Алматыда бұзылуы мүмкін делінген жаңадан салынған тұрғын үйлердің дау-дамайы туралы жазыпты.

«Түркістан» апталығы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен жүргізген сұхбатын оның өз сөзімен: «Жартымды заңға зәруміз» деп атап, онда Назарбаева ханым елдегі саяси реформалар жайлы, жемқорлықпен күрес және тағы да басқа мәселелер төңірегінде ойымен бөлісіпті.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Қазақстанға сапарын қортындылауға арнаған мақаласын «Эксперсс К» газеті «Одақ тең мүшелер арасында болуы мүмкін» деп атап, онда «Өзбекстан президенті Орта Азиялық одақ идеясын қолдамайды, бірақ Қазақстанды қолдайды» деп жазса, «Айқын апта» газеті «Өзбекстан Орталық Азия одағын өзінше қолдайды» деп атапты.

Ал оппозициялық «Свобода слова» апталығы осы мәселеге арнаған қысқаша мақаласын «Ташкент бас тартты» деп атап, онда президенті Ислам Кәрімовтің: «соңғы 10 жылда ТМД аумағында ЕврАзЭС, ЦАЭС сияқты және тағы да басқа өміршеңдігі жоқ ұйымдар құрылды. Өкінішке қарай, менің кейбір әріптестерім арзан атаққа қол жеткізу үшін осы сияқты әртүрлі ұрандарды көтергенімен, шын мәнінде ештеме істемейді» деген сөзін келтіріпті.

Бірқатар басылымдар парламентте қаралмақшы «Ардагерлер туралы» заңда өздерінің мүддесі қорғалмағанына наразы Ауған соғысына қатысқандардың пікірін басыпты. Кейбір басылымдар «президенттің ар-намысына кір келтірді» деген айыппен екі жылға шартты түрде сотталған «Азат» газетінің тілшісі Қазис Тоғызбаевтан Алматыдағы Бостандық аудандық сотының шешімі бойынша сотталғандығы туралы мерзімнің аяқталғаны туралы мақалалар басыпты.

Оппозициялық «Тасжарған» апталығы осыған орай «Ақталудың артында не бар?» деген мақаласында «ОБСЕ-ге төрағалыққа талпынған Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретін болған соң, Астананың нұсқауымен Тоғызбаев мырзаны ақтауға мәжбүр болды» деп жазыпты.

Оппозициялық «Азат» газеті парламентте қаралып жатқан «Қазақстан Халықтар Ассамблеясы туралы» заңға байланысты жарияланған «Халықтар Ассамблеясы не үшін керек?» деген мақаласында, Ассамблея мүшесі Асылы Османовамен сұхбатын беріпті. Онда Османова ханым: «Қазақстан мемлекетіне оның керегі шамалы, алайда біздің басшылар осыны түсінбей отыр» деп айтыпты. Осы газеттің «Өкіл қайын ата» жалған болып шықты. Рахат Әлиев бұл кітаптың авторлығынан бас тартып отыр» деген мақаласында «бұл кітапты елді шатастыру үшін үшінші күштер жазуы мүмкін» деп, осы кітапқа байланысты кейбір сарапшылардың пікірін басыпты.

«Тасжарған» апталығы «Рахат Әлиевтың орнына осы кітапты кім жазуы мүмкін?» деп сұрап, «мамандар кітап интернет сайттарына Мәскеуден жіберілгенін анықтап отыр. Соған қарағанда бұл жалған кітапты Мәскеудегі Қазақстанның елшісі Нұртай Әбіқаевтың адамдары жазуы мүмкін» деген болжам айтыпты. Сондай-ақ осы апталық «Храпунов қайда кетті?» деген мақаласында «соңғы қызметі - Қазақстан Төтенше жағдайлар министрі болған Виктор Храпунов әйелі екеуі Швейцарияның азаматтығын алып, сонда ұшіп кетті» деп жазыпты.

«Полицейлер ...генералдарға шағымданып жатыр» деген мақаласында Алматы облыстық ішкі істер департаментнің қызметкерлері өздерінің басшы генералдарына шағымданып, президенттің атына жазған ашық хатын жариялапты.

Оппозициялық «Свобода слова» апталығы «Құлекеевке араша түсті» деген мақаласында, «пара алған» деген айыппен қамауға алынған, «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы «Жақсыбек Құлекеевке кезінде өзі ректор болған «Мемлекетті басқару Академиясының» бір топ профессорлары мен мұғалімдері араша түсіп, Қазақстан жұртшылығына жүгінді» деп жазыпты.

«Айқын апта» газетінің «Жүз деген сөз қайдан шыққан?» деген мақаласында қазақтардың жүзге бөліну тарихы туралы айтып, Алматыдағы алданған үлескерлерлерге арналған мақаласында «Үлескерлердің құқығы тапталып жатыр» деген қортынды айтыпты.

«Тасжарған» апталығы осы тақыптағы мақаласын «Кім үйді бұзуды талап етіп отыр және кімді бұзбақшы?» деген мақаласында Алматыдағы бұзылуы мүмкін делініп жүрген «21 қабатты үй төңірегіндегі дау арқылы билік басындағылар 2012 жылы болуы мүмкін президенттік сайлауға бірден-бір үміткер Иманғали Тасмағамбетовқа қарсы жасалып жатқан шара болуы мүмкін» деген болжам айтады.
XS
SM
MD
LG