Accessibility links

Астана тұрғыны Әйгерім Шаймерденова инфляция және баға қымбатшылығы туралы


- Қазақстандықтардың 20 пайызы кедей, ал, кедейлікке жақын тұрғандар бұдан екі есе көп. Тауар мен қызмет құны әлемдік бағаға жақындап барады. Ал еңбекақы айтарлықтай өзгермеген. Ең төмен еңбекақы ауылда беріледі. Еңбекақыны инфляциядан қорғау жұмыстары жүргізілмейді. Жұмыссыздардың басым бөлігі өздігінен қамтамасыз етілген деп есептеледі. Бірақ мұндай тұрғындар кездейсоқ болатын жұмыстың арқасында күн көреді. Осы мамыр айынан бастап бірнеше монополист тарифтерін көтереді. Елде мыңға жуық монополист бар, және олар еншілес компания құрып бағаны көтеріп отырады.

Электр қуаты саласында лицензиясы бар 500 делдал компания тіркелген. Мұнайгаз саласындада делдалдар кесірінен бәсеке таласы әділетсіз. Мұнай бағасының көтерілуі мұнай компанияларының табысын ұлғайтқанымен, тұрғындардың көпшілігі жанармай бағасының қымбаттауына көнуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде тасымалдаушылар қызметінің құнын көтереді, содан кейін кәсіпорындар көлікке кеткен шығынды тауарға қосады. Осылайша, түптің-түбінде қарапайым тұтынушылар қымбат бағаға тауар сатып алуға мәжбүр болады.

Өткен жылдың соңында инфляция 18 пайызға жетті. Салыстырсақ дамыған елдерде инфляция 3 жарым пайыздан аспайды. Қазақстанда еңбекақы көтерілгенімен ақша құнсызданып кетті. Тұрғындардың ең төмеңгі тұтыну тауарларының мөлшері адамға тек тірі қалуға жетеді. Көршілес Ресейде еңбекақымен зейнетақыны инфляциядан қалдырмау үшін индексация, яғни көтеру шаралары жасалады, ал Қазақстан билігі инфляцияны ескермейді. Өйткені, Қазақстан тамақ, киім шығарып жатқан десе болады. Шет елден келетін саудагерлер болса еңбекақы көбейген сайын тауарын қымбаттата береді.

Елде азық-түлік бағасы өсті. Сұйық май литірінің құны 80 теңгеден 400 теңгеге дейін көтерілді. Ал Қазақстанда жер көп, әлемде 9 орында, бәрін өсіруге болады. Бірақ, жеміспен көкөністі тұтыну көрсеткіштерінің 80 пайызы импортпен қанағаттандырылады. Бұл ресми мәлімет, мен ойдан шығарып отырған жоқпын. Бірақ, ауыл-шаруашылық өнімдерін өңдеу саласы кеңеймей келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы қанша жыл өтседе елде әлі ірі өңдеу зауыттары салынбаған. Импорт ауыстыру бағдарламасы жұмыс істемейді. Ең бастысы осы. Басқаша болғанда Қазақстан шет елден тауар сатып алып онымен бірге инфляцияныда сатып алмас еді. Қоғамдық көліктегі жолақы өсті. Ал республикада мұнай көп екендігі белгілі. Коммуналдық қызмет тарифтері шарықтап барады. Бірақ, монополистер тарифтен түскен ақшаны жабдыққа жұмсап жатқан жоқ. Банк несиелерінің пайыздары көтерілді. Бірақ, өзге елден банктер әдейі кіргізілмей отыр. Мысалы Қазақстанда ипотека 20-25 пайызбен беріледі, ал Еуропада 6-8 пайыз. Осының барлығы инфляцияға әсер етеді.
XS
SM
MD
LG