Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.25.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі басылымдардың басты тақырыбы - Алматыда екі күнге созылған VІІ Еуразиялық медиа-форум. Апталық басылымдар Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Қазақстанға жасаған ресми сапарын қортындылай отырып, Алматыдағы бұзылуы мүмкін деп, шулы боп жүрген 21 қабатты тұрғын үй кіретін «Бес тұлға» кешенін салушы «Атамекен холдинг» төңірегіндегі дау туралы жазуды жалғастырыпты.

Жұма күнгі бірқатар басылымдар Қазақстанның кино және театр актеры марқұм Нұрмұхан Жантөриннің сексен жылдығына орай мақалалар басыпты. «Казахстанская правда» газеті «Қазақстанда жеңіл атлетикадан алғашқы жарыс өткізіле бастағанына биыл тоқсан жыл толады» деп жазыпты. «Экспресс К» газеті басты тақырыбын «Биыл Қазақстандықтар жазғы демалыстарын қайда және қалай өткізе алады?» деген мәселеге арнапты. Осы газеттің «Айрықша тағайындалған агент» деген мақаласында Кеңестер одағының Жапонияда қызмет еткен тыңшысы Рихард Зоргенің байланысшысы болған Сон Хон Ефим Ефимович Қазақстанның Ақмола облысында тұрғаны туралы жазыпты.

«Айқын» газетінің «Сауда да, сауға да жоқ» деген мақаласында «Алматыдағы Құлагер, Болашақ әмбебап базарларындағы жүздеген саудагер жалға алу ақысының қымбаттауына наразылықтарын білдіріп, ереуілге шықты» дей келіп, «жалға алу бағасы осыдан үш-төрт ай бұрын алпыс мың теңге еді, ал қазір әрбір сауда алаңына 95 мың теңге төленетін болды. Оған қоса жалға алған жабық қоймалардың әрбір шаршы метрі үшін саудагер 20 мың теңге ай сайын қожайынға беріп отырады. ...Енді оған әр апта сайын әрбір сатушыдан базар әкімшілігі жинайтын 3240 теңгені қосыңыз. Сөйтіп, саудадан түсетін пайданы саудагерлер емес, базар иелері көріп жатқанға ұқсайды» деп жазыпты. Осы газет медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәдуақас Мұстафаевпен болған ауқымды сұхбатында, профессор «Отырған қыз орнын табады» деп, біздің қазақ қыздары отыра беретін болды» деген тұжырым айтыпты.

Оппозициялық «Республика» апталығы «Әлиев Әбіқаевты орға жықпақ па?» деген мақаласында, Австрияның Вена қаласында бас сауғалап жүрген, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев авторлығынан бас тартқан, бірқатар интернет сайттарында жарияланған «Өкіл қайын ата» кітабының «текстін саралағанда оны жазған адамдар Қазақстанның нақты өмірінен алшақ адамдар болуы мүмкін» деген қортынды айта отырып, осы тақырыптағы екінші бір мақаласында газет редакциясы «бұл кітапты жазғандар билік басындағыларға өте жақын адамдар болуы мүмкін» деген тағы бір тұжырым келтіріпті.

«Караван» апталығы «Өмір құны» деген басты мақаласында Стабулда нәрестелі болған қазақстандық азаматшаның сондағы перзетханаға қарыздар боп қалып, баласын бір айдан кейін ғана алғаны туралы жазыпты. «Шарасыздықтан – бизнеске» деген мақаласында «Қазақстанның әрбір төртінші азаматы шағын кәсіпкер, бірақ олардың көбі басқа амалдарының жоқтығынан осымен айналысады» деп жазыпты.

«Литер» газеті «Халықтар достығының қиындығы» деген мақаласында «Қазақстанға келген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың сапары кенеттен аяқталды да, ертесіне Ташкенттен «Қазақстан мәдени орталығының қызметінде қаржылық заң бұзушылық болғалы себепті бұл орталық өз қызметін тоқтатуы мүмкін» деген хабар алдық» деп жазыпты.

«Новое поколение» апталығы осы тақырыптағы мақаласын «Одақтың ыдрауы» деп атап, онда «Көршілес екі елдің достығы нығайып келеді. Бірақ одан да нығайта түсуге Өзбекстан қызығушылық танытып отырған жоқ» деп жазыпты.

«Деловая неделя» апталығы «Орта Азиялық одаққа - өзбекше қатқыл түрдегі «жоқ» деген мақаласында «Өзбекстан президенті Орта Азиялық одақ құру төңірегіндегі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды» деген Өзбекстан ақпараттық агенттіктерінің таратқан мәлімдемелерімен бастапты. «Су мәселесіндегі ымыраласу» деген мақаласында Орта Азиядағы су мәселесін қалай реттеуге болады деп, ой толғапты. Ал осы апталық «Газ соғысы» қашан аяқталады?» деген мақаласында «Орта Азияда энергетика саласында ымыраласу мен ынтымақтастықтан гөрі кескілескен әскери соғысты еске түсіреді» деген тұжырым айтыпты. Сондай-ақ «Шығыс Түркістан немес Синьцзян» деген ауқымды мақаласында Шығыс Түркістан республикасының тарихына көз жүгіртіп, «осы аймақтағы мұсылман сепаратизімінің түп-тамыры қайдан» деп екшелеп көріпті.

«Алматы инфо» газетінде, кезінде Белорусиядағы Қазақстан елшісі қызметін атқарған Ғазиз Алдамжаров «Елде заңсыздық дүркіреп тұрғанда, барлығына кінәлі жалғыз Рахат Әлиев болуы мүмкін емес. Президент «сендердің кез-келгендеріңді мен жетектеп апарып сотқа бере аламын» дегенінде шындық бар» деп айтыпты.
XS
SM
MD
LG