Accessibility links

Қазақстанда кейбір режимдерді нақтылайтын терроризмге қарсы заңның жаңа жобасының тұжырымдамасы мақұлданды. Бұл туралы Астанада сәуірдің 25 күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. Себебі 9 жыл бұрын қабылданған заң ескірген, дейді комитет басшылығы. Ал, қоғамдық бірлестік ұйымдарының өкілдері заңды өзгертеміз деп адам құқығын шектеу болмасын деген алаңдаушылығын білдірді. «Газеттер жабылып, кедендегі тексеріс қаталдамасын», дейді олар. Комитет өкілдері болса заң қатаңдатылмайды және халықаралық сарапшылар үшін ашық болады, дейді.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің террорға қарсы штаб бастығының орынбасары Асқар Әмірханов хабарлағандай 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-тағы халықаралық бизнес орталығының егіз ғимараттарына жасалған шабуылдан соң әлем қатты өзгерді. Ал Қазақстандағы заң өзгертілмеді. Сондықтан, «Лаңкестікпен күрес заңында» режим нақтыланады, дейді ол. «Жаңа заң жобасы «Терроризмге қарсы әрекет» деп аталады. Ол ұғымдық аппарат нақтылануын ескереді. Мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланады. Және террорға қарсы операциялардың құқықтық режимі нақтыланады», дейді Әмірханов.

Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеген запастағы генерал 100 генерал кіретін «Генералдар кеңесі» атты қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Айжұловтың пікірінше заң жобасын парламентке бермес бұрын үкіметтік емес ұйымдармен ақылдасу керек.

Ал, Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия мүшесі заңгер Марат Башимовтың айтуынша заңға кейбір шектеулерді енгізу керек.

Парламент мәжілісінің депутаты Исақұловтың айтуынша заңды барлық жаққа тиімді қылып өзгертуге болады.

Ал, комитеттің террорға қарсы штаб бастығының орынбасары Асқар Әмірхановтың түсіндіруінше заң жобасында керісінше адам құқығы ескеріледі. «Ол халықаралық заңға толық сәйкес келеді, ешқандай заң қаталдануы ескерілмеген», дейді Әмірханов.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметовтың айтуынша Қазақстанда «Әл қаидамен» байланысты халықаралық лаңкестік ұйымдар ұсталды. Естеріңізге сала кетсек бұған дейін комитет Қазақстанда құрылымдық жағынан «Әл-Қаида» халықаралық лаңкестік ұйымының құрамына кіріп, шет елден басқарылған лаңкестік топ мүшелері сотталды деп хабарлаған. Іздестіру шаралары барысында, лаңкестікке уағыздайтын бейне және аудиотаспалар, тәркіленген. Оның ішінде Усама Бен Ладеннің лаңкестікке уағыздайтын мәліметтері бар, деп хабарланған. Әзірге Қазақстандағы қылмыстық кодекстің 7 бабы бойынша лаңкестікпен айналысқан адам 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе өлім жазасына кесіледі.
XS
SM
MD
LG