Accessibility links

Көлік министрлігі автожолдар туралы заңнан ақылы көлік жолдарына қоса балама жол салуды міндеттейтін бапты алып тастауды ұсынады


Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі парламенттен заңдарға өзгеріс енгізіп ақылы автожолдар салу үшін міндетті түрде балама жол болу керек деген бапты алып тастауды сұрап отыр. Бұл туралы парламентте министр Серік Ахметов хабарлады. Оның айтуынша, жол күтіміне кететін ақшаны қарапайым автожүргізушілер төлейді, сонда жол сапалы болмақ. Ал жүргізушілердің өздері бұған қарсы. Кейбір депутаттар да ақылы жолдың сапалы болатындығына күмән келтіріп отыр.

Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметовтың айтуынша, автожолдар оны пайдаланатын адамдардың ақшасына күтіледі. Соның арқасында жыл сайын бюджеттен 3 миллиард теңге үнемделеді, дейді министр. Бірақ министр «Автожолдар туралы» заңға өзгеріс енгізіп, ақылы жолға балама жол болу керек деген бапты алып тастау қажет деп отыр.

«Сонда бұл өзгерістер ақылы автожол салуға келетін инвесторларды қызықтырып жол саласына қосымша қаржы тартуға септігін тигізеді. Себебі, елдегі жолдарда жүрген көлік саны онсыз да аз, ал егерде ақылы жолға балама жол болса, онда ақылы жолмен мүлде ешкім жүрмей қояды. Сөйтіп мұны түсінетін инвестор жол құрылысына қызықпайды. Ал бюджетке жол салу ауыр болады», - дейді министр Ахметов.

Астаналық такси жүргізушісі Вагит Курбангалиев мұндай жұмыс мемлекет есебінен жүргізілу керек деп санайды.

«Бірақ, егерде мемлекет бюджеттен қаржы бөліп жол салуға шамасы жетпесе, онда олар инвестор шақырып шығынды өтеу үшін жолды ақылы қылады», - дейді жүргізуші Курбангалиев.

Министр Ахметов әзірге елде 5 бағыт бойынша автожолдарды ақылы ету жоспарланып отырғанын айтады.

Бұл автожолдардың барлығы қауіпті саналады. Ахметовтың мәліметінше, ақылы автожолмен жүру үшін, болжам бойынша, әр жеңіл көліктен әрбір шақырым үшін 1 теңге алу көзделген.

«Мысалы, Астанадан Щучинск қаласына апаратын жолдың ұзындығы 220 шақырым болса, жеңіл автокөлік иесінен 220 теңге алынады», - дейді министр Ахметов.

Екіншіден, «Концессиялар туралы» заңға өзгеріс енгізілмекші. Заңда жазылғандай, бұл жердегі «концессия» сөзі мемлекет меншігіндегі нысанды уақытша пайдалануға беру деген ұғымды білдіреді. Көлік министрлігі егерде ақылы автожолға ақша салған инвестор салған ақшасын қайтара алмай қалса, онда бұл шығынды жол пайдалану мерзімі кезінде мемлекет өтеу керек деген ұсыныс енгізді.

Яғни, инвестордың тәуекелін мемлекет бөліспек. Ондай шара көптеген елде бар, дейді министр. Инвестор жолды салып қана қоймай, оған қызмет көрсетеді. Жол оған тиімді болғандықтан ол жолдың сапасын қадағалап отырады, дейді министр.

Бірақ, кейбір депутаттар бұған күмән келтірді.

«Мысалы, жуырда түбегейлі жөндеуден өткен Астана-Қарағанды автожолында 2 жыл өтпей жатып жолдың жарамсыз бөліктері пайда бола бастады. Ешкім жауапкершілікке тартылмады. Бұл жолда ұрланған ақша жолға кеткен шығыннан артық. Сондықтан қазір неге қылмысты істер қозғамасқа, автожолдар комитетінен де бір-екі адамды отырғызатын уақытта жеткен шығар. Бұдан қорқынышты ештеңе болмайды, керісінше, келесі жолдар сапалы болады, оларға тіпті ұшақтар қона алатын болады», - дейді Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев.

Министр Ахметов болса бәріне автожолдар комитеті емес, технологияны сақтамаған мердігер кінәлі деген уәж айтады.

«Бірақ қазір республикалық бюджет қаржысына салынатын автожолдарда тек тексеруден өткен мердігерлер қалды. Сапа бұзған мердігерлермен келісім-шарт ұзартылмады. Ал жол салғанда сапаны бұзған мердігерлер, келісімге сәйкес, олқылықтарын өз қаржысына жөндеуге тиіс», - дейді ол.

Әзірге 2009 жылы Алматы - Қапшағай, Алматы - Қорғас және Астана - Қарағанды жолдары салынады. Егерде тәжірибе өзін өтесе, онда ақылы жолдар барлық облыстарда пайда болады, деді министр Ахметов.
XS
SM
MD
LG