Accessibility links

Қырғызстан бас прокуратурасы қылмыстық іздеу жариялаған бұрынғы президенттің күйеу баласы Алматыда жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді


Әділ Тойғанбаевты Қазақстандық көпшілік Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың үлкен қызы Бермет Ақаеваның күйеуі деп таниды. Ал оның қайын атасы билік басында болған кезеңде қырғыз қоғамында Тойғанбаевтың ықпалы көршілес Қазақстанда ел президентінің бұрынғы үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің пәрменімен пара-пар болды дейді қырғызстандық кейбір сарапшылар. Қазірде Қырғызстан прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, іздеу жариялағанымен көршілес Қазақстаннан алдыра алмай отырған Әділ Тойғанбаев Алматыда кітап жазып, тірлік кешіп жатыр.

Сәуірдің соңғы күні Алматыда журналистер үшін арнайы баспасөз маслихатын ұйымдастырған Әділ Тойғанбаев, жақында ғана баспадан орыс тілінде жарық көрген «Арман технологиясы» атты кітабының тұсаукесерін өткізіп, кітапты «Қазақстанда азаматтық қоғам құруға менің қосқан үлесім» деп бағалады.

«Азаттық» радиосының Қазақ қызметі Тойғанбаев мырзаға аймақтағы елдерде билік басында отырған адамның туыстарының қоғамдағы саяси-экономикалық процестерге белсенді араласуы, кезінде оның Қырғызстандағы бизнес қауымдастығына ықпалы, қазірде оған қарсы қозғалған қылмыстық іс жайында пікірін сұраған еді.

«Мені қандай іс бойынша сотқа тартып отырғанын білмеймін. Менің ондағы кәсібім - заң шеңберінде болған», - деп Қырғызстандағы өткен кезеңіне байланысты сұраққа тым сараң жауап қатқан Тойғанбаев мырза қазіргі кездегі Қазақстан қоғамындағы өзгерістер жайлы пікірін неғұрлым ашық білдіруге тырысқан кейіп танытты.

Қазақстандағы билік пен оппозиция жайында:

«Мен Қазақстан оппозициясын өте силаймын - Болат Әбіловты, Ғалымжан Жақияновты, Ораз Жандосовты. Олардың әрқайсысы азаматтық қоғамға өз кірпіштерін қалады. Егер сіз билік тұрғысынан қарасаңыз, мен де билікке оппозициядамын», - дейді Әділ Тойғанбаев.

Ал осы Әділ Тойғанбаев туралы Қазақстан оппозиция өкілдерінің өздері не дер екен? Соңғы он жылдай уақыт қазақстандық оппозиция қатарында жүрген Әміржан Қосанов мынадай пікір білдіріді:

«Қазір қоғамдық өмірде плюрализм болуы керек. Плюрализм билік жағынан да болуы керек, өйткені биліктің де өз позициясын жақтауға құқығы болуы керек. Сондықтан мен өз басым Әділдің де осындай құқығы бар және де ол өз ресурстарымен Қазақстанда шынай демократиялық қоғам орнатуға үлесін қосып жатса, құба-құп. Бірақ, мен Рахат Әлиевке қатысты айтқанымды қайталап айтсам, Тойғанбаев та үлкен бір моральдық тазартудан өтуі керек. Егер де оған тағылып жатқан айыптардың жөні жоқ болатын болса, онда біз ондай азаматтарды қолдауымыз керек, өйткені ол да осы қазақ елінің азаматы. Ал шынымен де сондай фактілер орын алса, онда әңгіме басқаша».

Әділ Тойғанбаевтың кітабы жайлы белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді:

«Оның кітабында орынды-орынсыз пікірлері бар. Орынды пікірлері: «Нұр Отанның» икемсіз, тым үлкен екенін және оның заман талабына сай партия емес екенін, сол сияқты саяси элита туралы көптеген ойлар айтады. Орынсыз пікірлері мынау Жандосовтарды, Болат Әбіловтерді сынайды. Менің ойымша, бұл жігіттердің біздің республикада еңбегі бар. Сол жері байыпсыз боп көрінді маған. Ал тіпті ұнамаған жері – ұлттық қатынастарды сипаттауы».

Қорыта айтқанда «Әділ Тойғанбаевты Қазақстандықтар кім деп тануы керек? - дегенге, Әзімбай Ғали:

«Басында мен бұл жігітті қазақтың патриоты, қазақ тіліне бұрылған Бутя, Ораз сияқты озық ойлы жігіттерден деп ойлап қалғанмын. Сөйтсем, бұл қазақ тіліне қарсы, біздің орысшыл қазақтардың біреуі екен. Сондықтан, менің ойымша, бұл жігіт бір жағы оппозицияға жақпайды, екінші жағына бұл жігіт саяси жүйені жақтырмайды да Нұрекеңді мақтап, жағымпазданған көзқарас білдіреді. Үшінші позициясы – бұл қазақ тілінің қолдаушысы емес. Сондықтан менің ойымша бұны ұлтжанды азаматтар да қолдамайды, оппозиция да қолдамайды, билік те бұны бөтенсітеді. Менің ойымша, бұл мұндай көзқараспен өз орнын таппайтын жігіт», - деп жауап берді.

Әділ Тойғанбаев алдағы уақытта «Арман технологиясы» кітабын қазақшаға аудару жоспары барын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG