Accessibility links

Қаржы полициясы Ж.Құлекеевке шындыққа сай келмейтін айып тағып отыр дейді оның адвокаты

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанның экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) тарапынан тағылған айып бойынша тұтқындалып, қазірде қамауда отырған «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевтің қорғаушысы Сәлімжан Мусин сейсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдері мен журналистер қауымы алдында жасаған мәлімдемесінде, қаржы полициясы басшыларының Ж.Құлекеев 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан кезде тұтқындадық деп дүниеге жар салып айтып жүргендері шындыққа сай келмейді дегенді айтты.

- «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы төрағасы Ж.Құлекеевтің қызмет бабында мінетін «Мерседес» аутокөлігіне ішінде 100 мың АҚШ доллары бар кішкентай қол сөмкенің қалай апарылғаны, оны кім бергені белгісіз бола тұра, қаржы полициясы бірден оны тұтқындауға алғаны түсініксіз, оны олар қалай біліп отырған – бұл істе басы ашық көптеген сұрақтар бар, - дейді адвокат Сәлімжан Мусин.

Қаржы полициясының басшылығы бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Ж.Құлекеевті екі айдан астам уақыттан бері бақылап келгендерін, оның пара алғаны өздеріне мәлім болғанын айтқан болатын.

- Бұл өте күмән туғызатын іс болып тұр. Қазіргі жағдаймен мен қорғауымдағы адам арандату ісіне ұшырады деген ойдамын және оны кімдер ұйымдастырғаны туралы да біліп отырмыз, бірақ оны қазір жария етуге болмайды, - деді адвокат С.Мусин.

Сондай-ақ адвокат қаржы полициясының Ж.Құлекеевке қатысты істі дұрыс жүргізеді дегенге өзінің толық сенімі жоқ екендігін айтады.

- Сондықтан мен бұл істі қаржы полициясынан алып ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді сұрап Қазақстанның бас прокуратурасына өтініш жолдап отырмын, - деді ол.

Ал қаржы полициясынан бұл мәселеге байланысты қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады.

Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер Мұстақим Төлеев «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеев бұл жолы қазақстандық олигарх топтардың арасындағы кикілжіңнің құрбаны болып кетуі мүмкін деген пікір айтады.

- «Қазақстан темір жолы» компаниясы Қазақстандағы ең бір майлы жіліктің бірі болғандықтан, біреулерге Ж.Құлекеевті қалайда осы орнынан тайдыру керек болған шығар. Алайда оның айыпты не айыпты емес екендігін тек сот шешуі тиіс, оған дейін ол адам күдікті ретінде тергеледі, - дейді заңгер М.Төлеев.
XS
SM
MD
LG