Accessibility links

Қазақстан Астанасындағы әскери бөлімдердің бірінде әскери борышын өтеп жатқан сарбаздар асханада уланды. Бұл туралы Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Ал Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі шулайтындай ештеме жоқ деп отыр. Өзге де мемлекеттік органдар бұл оқиға бойынша бір-біріне қайшы келетін ақпарат беріп отыр.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, Астанадағы №68665 әскери бөлімінде асханада тамақтан уланған 67 сарбаздың денсаулықтары қанағаттанарлық. Зардап шеккендер дәрігерлердің қарауында деп хабарланады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, улану себептері анықталуда. Министрліктің баспасөз қызметкері Наталья Кимнің айтуынша, олар тек жалпы республикада болған төтенше жағдайлар, оқиғалар туралы ақпарат береді, әрмен қарай ешқандай тергеу жүргізбейді.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметкері Әбіш Смайыл берген ақпарат қысқа болды.

Сарбаздардың өздерімен тілдесуге мүмкін болмады. Олардың қай ауруханада жатқаны белгісіз. Қорғаныс министрлігінің Астанадағы госпиталінің кезекші дәрігерінің айтуынша, оларға әскери бөлімнен ешқандай сарбаздар түспеген.

- Мүмкін өз дәрігерлерінің қарауында шығар, бізде ондай ақпарат жоқ, - деді ол.

Аймақтық әскери прокурордың орынбасары Ермек Жанатаевтың айтуынша, зардап шеккен сарбаздар 67 емес 42. Бірақ, олардың неліктен уланып қалғаны тексеріліп жатыр. Бұл басшылардың нұсқауы бойынша беріліп отырған ақпарат, деді ол.

Астана тұрғыны Айжан Жақыпова өзінің әскерде жүрген бауырына алаңдап отыр.

Бұған дейін Қазақстан қарулы күштерінің тыл жөніндегі төрағасының орынбасары Мұратжан Жұмағазиев 2008 жылдан бастап сарбаздарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін коммерциялық құрылымдармен жасалатын келісім шарттар 3 жылға жасалады деген болатын. Келісімдер бір жылға жасалғанда коммерсанттар дайындалып үлгіре алмай тендерлерді жеңетінін не жеңілетінін білмейтін, ал келісім 3 жылға жасалса, онда олар өздері мал бағып, көкөніс өсіріп қызметтерінің өзіндік құнын арзандата алады, деді министрлік өкілі.

Оның үстіне бұрын сарбаздар шаруашылық жұмысқа тартылып асханаларда еңбек етуге мәжбүр болса, қазір оған уақыттарын жұмсамай, тек әскери дайындықпен айналысады, деп хабарланды.

«Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ішінен Қазақстан бірінші болып тамақтану жүйесін жеке меншікке өткізді», дейді Жұмағазиев. Бүгінде қарулы күштердің барлық дерлік асханалары коммерсанттарға берілген, деді ол.
XS
SM
MD
LG