Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.08.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі басылымдардың назары Ресейде жаңа президент - Дмитрий Медведевтің таққа отыруына, 9-шы мамыр – кеңес-герман соғысының аяқталғанына 63 жыл толуына түсіпті. Бірқатар басылымдар «Рахатгейт» тақырыбын екшелепті.

Бүгінгі басылымдардың басты назарында - Ресейде жаңа президенттің өз қызметіне кірісуі. Оппозициялық «Тасжарған» апталығы осы мәселеге арнаған мақаласын «Таққа шартты түрде сайланған президент отырды» деп атаса, «Түркістан» апталығы «Русская рулетка» тағы бір ұлтшыл таққа отырды» деп бағалапты.

«Айқын апта» газеті «Медведев – ІІ Путин» деген мақаласында «...саясаттанушылардың айтып жүргеніндей, осы кезден бастап Ресейдің саяси жүйесінде жеке-дара шешім қабылдауға өкілетті екі бірдей көшбасшы пайда болды. Медведев – заңды президент, ал Путин құзыры кеңейген үкіметтің басшысы әрі елдегі басты партияның серкесі ретінде ең ықпалды ұлттық көсем болып қала береді» деп жазыпты.

«Жас алаш» газетінің «Путин кетіп, дауы қалды. Қайсысы президент?» деген мақаласында: «Медведевке Путиннен мұра боп қалған Грузия мен Абхазия мәселелерін де шешу керек» деп жазыпты.

Сонымен бірге бүгінгі басылымдар ертең тойланатын Кеңес-герман соғысының аяқталғанына 63 жыл толғанына назар аударыпты. Осыған орай «Жас алаш» газеті «63 жыл бойы бұрмаланған ақиқат» деген мақаласында «Рейхстагқа алғашқы боп ту тіккен азаматтар - лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен ефрейтор Григорий Булатов екен. Ол - 1945 жылдың 30 сәуір күні 14 сағат 25 минутте болған». Ал «ресми аталып жүрген М.Егоров пен М.Кантария деген азаматтар, сол кездегі Сталинге жағымпаздардың қолдан жасаған батырлары» дей келіп, «ол шындықты 2005 жылың 15 шілдесінде Ресей Қарулы күштерінің Әскери тарихы институтының ғылыми қызметкерлері де мойындап, бір ауыздан растаған. Не керек, екі батыр да көзі тірісінде өздері жасаған ғажайып ерліктің толық мойындалып, толық ақталып, оның елдік және мемлекеттік тұрғыдан лайықты бағаланғанын көре алмай-ақ кетті. Қандай өкінішті» деп жазыпты.

«Айқын апта» газеті осы тақырыпты «Екінші Жаһан соғысына жаңаша көзқарас керек» деген мақалмен жалғастырыпты. Онда мақала авторы: «Кеңестік бұғаудан алғашқылардың бірі болып босанған Балтық жағалауы елдері мен түрлі-түсті революциялардан кейін батыстық жаңашыл ұстанымдарға ие болып жатқан кейбір ТМД мемлекеттері үшін жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысының мән-маңызы азайып бара жатқандай. «Бұл соғыс кімнің соғысы болды? Ал Жеңіс болып па еді? Жалпы, Ұлы Отан соғысын Екінші дүниежүзілік соғыстан бөліп қарау не үшін қажет?» дегендей сауалдар бүгін Батыстан ескен жаңа саяси лептің бір бөлігіне айналғандай. 9 мамыр – Балтық жағалауы елдерінде мерекелік статусынан айырылды, ал Ресейдің өзі қарт ардагерлері қанын төгіп, жанын беріп қарсы күрескен неофашистік идеологияға ерікті түрде бой алдырып жатыр. Яки, шынымен-ақ, Ұлы Отан соғысының Жеңісі – кімге мұра?!» деп сұрай отырып, «...Болашақ – жастар қолында. Ал орыс жастарының айтарлықтай бөлігі – неофашистік ұстанымда. Олардың арасында да Гитлерге ұқсап баққан көсемдер дүниеге келіп жатыр. Яки, күні ертең Ұлы Жеңіске қатысты Ресейдің жеке көзқарас, ұстанымы да өзгеруі мүмкін. Бірақ оны бұл күндері 80-нің сеңгіріне шыққан, кеуделері кеңестік ордендерге толған қарттардың көрмегені абзал. Гитлерлік идеологияның қайта түлеуін қарт жүректердің көтермесі хақ» деп, ойын тұжырымдапты.

Сонымен қатар осы басылым Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаровпен өткізген ауқымды сұхбатын оның өз сөзімен «Ана тілін білмегенім үшін мені ұялмайды дейсіз бе?..» деп атапты.

«Ана тілі» апталығы осы тақырыпты Батыс Қазақстан облыстық Тіл басқармасының бастығы Шолпан Қыдырниязованың «Орыс тілді қазақтар құлықсыз» деген мақаласымен жалғастырыпты.

Бірқатар басылымдар Қазақстан Бас прокуратурасы қазірде шетелде бас сауғалап жүрген президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің дүние мүліктерін тәркілеуді бастағаны туралы жазыпты.

«Время» газеті «Нұрбанк» ісіне байланысты сотталып жақында ғана бостандыққа шыққан, Алматы ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Нұрлан Самалиховпен ауқымды сұхбатын жариялапты. Онда Самалихов: «Мен әлі де не үшін сотталғанымды түсінген жоқпын» дей келіп, «Мақсатым - алдағы уақытта Жоғарғы сот арқылы өз атымды ақтап, қызметіме қайтадан кірісу» депті.

Осы газеттің «Ұлы депрессия» деген мақаласында, психиатр-дәрігер Илья Зацман «Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдар саны жылдан жылға көбейіп, қазір әрбір 100 мың адамға шаққанда 29,4 адам болды. Ал әлемде бұл көрсеткіш 20 адамға жетсе дағдарыстық деңгей деп танылады» деген ой айтыпты.

«Эксперс К» газеті «Өлшемсіз тәбет» деген мақаласында «Оңтүстік Қазақстанда шегірткелер шабуылы қауіпті боп барады. Өткен бір аптаның ішінде олардың тараған аумағы екі есеге артып, 120 мың гектар жерге тарады» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG