Accessibility links

Тұрғын үй құрылысына ақшасын толық төлеп қойса да, пәтерлерін бірнеше жыл бойы күтіп жүрген 8 үлескер мамырдың 8 күні Астанада наразылық шарасын ұйымдастырып аштық жариялады. Олардың айтуынша, Қазақстанда өздері сияқты 100 мың адам мәселесін шеше алмай жүр. Құрылыс компаниялары болса, әлемдік қаржы дағдарысы кесірінен құрылыс материалдары және жер бағасы өсті деген уәж айтып отыр.

Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген «Үлескерлер қауымдастығының» төрайымы Ольга Пугачеваның мәліметінше, Астанада үйлеріне кіре алмай жүрген 33 мыңға жуық үлескер бар екен. Жалпы Қазақстан бойынша үлескерлердің саны 100 мыңнан асады, дейді ол. Олардың ішінде пәтерлерін 2002 жылдан бері күтіп жүргендері де бар. Пугачеваның айтуынша, үлескерлер биліктен «Банкроттық жөніндегі заңға» енгізілгелі отырған толықтырулыр күшіне енбесін деп сұрайды.

- Хаттарды біз парламенттің екі палатасы - мәжіліске де, сенатқа да жібергенбіз. Бірақ, ол заң жобасы парламенттің екі палатасында да қолдау тауып, қазір президент Назарбаевқа жіберілген, - дейді ол.

Үлескерлер егер президент Назарбаев соңғы түзетулерге қол қойса, онда нысандарын аяқтай алмай жатқан құрылыс компаниялары оңай банкрот болып, мүлкін сатып, кез-келген жаққа кетіп қалады деп қауіптенеді.

- Ал біз ақшамыздан да, пәтерімізден де айырыламыз, - дейді үлескерлер.

Бұл мәселе бойынша парламент депутаттарының пікірін білуге мүмкіншілік болмады. Қазір парламент депутаттары аймақтарда жүр. Ал, үлескерлер болса «Қазына» қоры бөлген ақша оларға жетпегенін айтады. Өз пәтерлерінің толық 100 пайыз құнын төлеп қойған үлескерлер жылдар бойы пәтерлерін күтуге мәжбүр, дейді олар.

Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевтің мәліметінше, Астанада 25 мың пәтерге үлескерлер ақша салып қойған. Бірақ, бұл пәтерлердің құрылысы тоқтап қалды. Сондықтан әзірге жаңа құрылыс жасауға рұқсат берілмейді, деді ол.

«Үлескерлер қауымдастығының» төрайымы Ольга Пугачеваның айтуынша, олар үкіметтен құрылыс компанияларының жұмысына салынған осы мораторийді тоқтатуды сұрап отыр.

- Біз үлескерлердің ақшасының қажетті мақсатқа жұмсалып жатқандығын тексергіміз келеді, - дейді ол.

«Үлескерлер қауымдастығы» төрайымының орынбасары Марина Мамирова үлескерлердің наразылық шарасына тағы 56 нысанның тұрғындары қосылғанын айтады. Олар Астана қаласының орталығында ескі үйлердің шатырын бұзып, қосымша қабаттан салынғалы жатқан пәтерлерден дәмелі болып жүргендер.

- Олардың ішінде бір әйел өзін өртеймін деп отыр және олар Астананың 10 жылдығы тойланған күні шеруге шыққысы келеді, - дейді Мамирова.

Проблемалық ғимараттардың мәселесін шешу үшін екі комиссия құрылды. Біреуі мекемеаралық, екіншісі биліктегі «Нұр Отан» саяси партиясынан.

- Біріншісіне бір жыл бойы барып жүрміз, бірақ нәтиже жоқ, екіншісі қазір айналысып жатыр, - дейді үлескерлер.

«Нұр Отан» жұмыс тобының үлескерлермен жұмыс жөніндегі өкілі Елена Усова бәріне сөзсіз мердігерлер кінәлі дейді.

- Бұл мәселемен бірнеше комиссия айналысып жатыр. Құрылыс компанияларынан ақпарат жиналды. Бірақ, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес, - деді ол.

Кейбір құрылыс компаниялары тұрғындарға дау шешетін үш жол ұсынған. Бірінші жолы, үлесшілер қосымша қаражат төлеп жаңа пәтерге кіреді. Екінші жолы, тұрғындарға пәтерге құрылыс басталған кезде салған қаржылары қайтарылады. Үшінші жолы, сот арқылы үлесшілер де, компания басшылығы да өз пікірлерін дәлелдеуге тырысады.

Астана әкімшілігінің мәліметінше, қаладағы көптеген құрылыс компанияларында ақша жоқ, ал несие алайын десе банкке қоятын кепілдіктері жоқ. 34 үйде үлескерлердің қаржысы өзге мақсатқа жұмсалып кеткен. Ал, 26 үйде құрылыс мүлде тоқтап тұр.
XS
SM
MD
LG