Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.09.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі басылымдардың басты тақырыбы 9-мамыр – Жеңіс күні мейрамына арналыпты. Бірқатар апталық басылымдар Оңтүстік Қазақстанды шегіртке қаптау қауіпі туралы және алданған үлескерлер тақырыбын, елдегі инфляция мен Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесін екшелепті.

«Литер» газеті жеңіс күні тақырыбына орай «9-шы мамырды ТМД мен әлемде де тойлайды, бірақ әр түрлі» деген мақаласында «Біріккен Ұлттар Бас Ассамблеясының «8 және 9 мамырды Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза болғандарды еске алу және татулық күні» ретінде атап өту туралы қаулысы бар. Бірақ еске алу барлық елдерде әр түрлі шаралармен аталып өткенімен, татулық мәселесі өте күрделі қалып отыр» дей келіп, «Украина Гитлерді қолдаған ұлттық армия басшылары Степан Бендера мен Роман Шухевич сынды тұлғаларын ұлттық батыр ретінде ақтап алу арқылы бір елдің ішіндегі азаматтардың арасында идеологиялық алауыздық пен азаматтық соғыс жағдайын тудырып отыр. Балтық жағалауы елдері мен бірқатар Еуропа елдерінде 9-мамыр «Кеңестік Армия оккупациясы күні» ретінде аталады. Ал АҚШ-та «Екінші Дүниежүзілік соғысты жеңген тек АҚШ» деп тойланса, Еуропада, Балтық елдері мен тіпті Молдавияда да бұл күн Еуроодақтың құрылған күні ретінде де тойланады екен. Осылай, адамзат тарихындағы аса бір қатыгез, сұрапыл соғыс ұмытыла-ұмытыла, көптен бейхабар жастар есінде «тағы бір демалыс күні» ретінде ғана қаласына кім кепіл» деп жазыпты.

Осы тақырыпты «Деловая неделя» апталығы «Мұстапа Шоқай, соғыс және біз туралы» деген мақаламен сабақтапты. Онда философия ғылымдарының докторы, профессор Абдрахман Ишмұхамедов: «Тек қана қазір, бірталай уақытты артқа тастап біз сол кезде санамыздың қаншалықты идеологиялық тұманмен тұмшаланғанын сезініп отырмыз. Халықтың тарихи санасының сауығуына Мұстапа Шоқай еңбектерін зерделеу көмектесері хақ. Ал әзірге Орта Азияда ойланбай ол соғысты Отан соғысы деп жүрміз» деген ой айтыпты.

«Айқын» газеті осыған орай: «Кеше фашизммен күрескен Ресейде бүгін, скинхедтердің фашизмді мадақтауы - ұрпақтар теке тіресі ме, әлде орыс ұлтшылдығын қоздыру саясатшылар үшін қажет болып отыр ма?» деп сұрапты. Оған жауап бергендердің кейбірі: «Мұндай келеңсіздіктің орнығуы сол мемлекеттің тәрбиесінің әлсіздігі мен рухани құлдырауын көрсетеді» десе, саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Менің ойымша, Ресейдің соңғы жылдары саясатта ұстанған бағыты – геосаяси империяшылдық пен ішкі саясаттағы ұлтшылдықты қоздыру. Шешен соғысының өзінде орыс ұлтшылдығы байқалып қалды. Бұл ретте скинхедтік мәселе де Ресей саясатының құрамдас бөлігі. Және соның саяси технологиясы. Бұл – саясат үшін қажет болып отырған нәрсе» деп жауап беріпті.

«Айқын» газеті соғыс тақырыбында берген топтамасының «Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін толық мойындамай отырған ресейліктерге не десек екен?» деген мақаласында автор, Берлиндегі Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев ерлігі туралы Ресей дерек көздерінен бірталай тарихи деректер жайлы айта отырып, «Ресей мамандарының Рейхстагқа тігілген 40 шақты тулардың қайсысы, қай уақытта тігілгені туралы дау әлі біткен жоқ деген жауабын қалай ұқсақ болады?» деп сұрапты.

«Экспресс К» газетінің осы тақырыптағы «Әр сағат сайын олар бізден кетіп жатыр...» деген мақаласында «егер осыдан үш жыл бұрын бізде 36 жарым мың Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, биылғы 6-шы сәуірге олардың саны 20919 адам ғана қалыпты. Ал 6-шы сәуірден бері олардың саны тағы да 159 адамға азайыпты» дей келіп, «тірі қалған ардагерлердің үштен бірі мүгедектер, ал олардың орташа зейнетақысы бар, мүгедектігі бар барлық алатыны 40 мың теңгеден сәл асады» деп жазыпты.

«Айқын» газеті «Соғыс ардагерлері ашынып отыр» деген мақаламен жалғастырыпты. Онда автор «Берлиннен балдақпен оралған ардагерлер осы күні соғыс туралы еске алулардың аздығын ашына айтуда. Жылына бір рет қана ардагерлерді құттықтап, қолғабыс көрсетеді. Әрине, өңірлерін орден жапқан майдангерлер өздеріне тиесілі көмекті алып жүр. Дегенмен олар материалдық жағдайды бір шетке ысырып қойып, бүгінгі ұрпақтың санасында қанқұйлы соғыс тек елес секілді ғана ұялағанын айтады» депті.

«Караван» апталығының «Бостандық аралына жол» деген мақаласында 1962-1964 жылдар аралығындағы, тарихта «Кариб дағдарысы» атымен қалған кезеңде қаза болған қазақстандықтар туралы айтылыпты.

«Литер» газетінің «Егін үшін соғыс» деген мақаласында «Оңтүстік Қазақстан басшылары астық бүршігі үшін шегірткемен соғысты бастады. Бірақ биылғы қуаңшылыққа және күн жылдағыдан ерте қызуына байланысты шегірткелер күрт көбейіп, алғашқыда жетер деген улы химикаттар аз болуы себепті, қосымша химикаттар бөлініп жатыр. Болжам бойынша осы «соғыстағы жеңіске» 9-шы мамырда қол жеткізуі керек» деп жазса, бірқатар басылымдар «биылғы жыл ыстықтығына байланысты Тәжікстан мен Өзбекстандағы шегірткелер де күрт көбейіп, қазір олар Оңтүстік Қазақстанға жылжып келеді. Ондағы билік шегіркелерді Қазақстанға жібермес үшін дайындық шараларын жасап жатыр» деп жазыпты.

«Деловая неделя» апталығы «Орта Азия мемлекеттерінің су мамандарының 1-ші мамырда Бішкектегі бас қосуы еш нәтижесіз аяқталды» деп жазыпты.

«Литер» газеті «Астанада алданған он үлескер биліктің бейқамдығына наразылық ретінде мерзімсіз аштыққа отырды» дей отырып, тағы бір мақаласында «Алматыдағы үлескерлер биліктің уәде еткен «құрылыс жанданады» дегенін үш жыл күтер» деген болжам айтыпты.
XS
SM
MD
LG