Accessibility links

Қазақстан Тәжікстанға Қырғызстан арқылы өтетін темір және автокөлік жолдарын салуды ұсынды


Қазақстан мен Тәжікстан тығыз интеграцияға бір қадам жасады. Бұл туралы Астанада мамырдың 12 күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен өткен келіссөздерден кейін хабарлады. Биыл сәуір айында Астанаға келіп кеткен Қырғызстан президенті Бакиев «Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру» қажет десе, Өзбекстан президенті Кәрімов қажеті жоқ деген болатын.

2008 жылы 17 сәуірде президент Назарбаев Астанада Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құрсақ аймақ өзін азықпен және ресурспен толық қамтамасыз ете алады, деді. Сол айда Астанаға келген Қырғызстан президенті Бакиев бұл ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. Содан кейін іле-шала Астанада болған Өзбекстан президенті Кәрімов Өзбекстанға Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру қажеті жоқ деген болатын. Ал мамырдың 12-күні Тәжікстан президентімен өткен келіссөздерден кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасында интеграциялық үдерістерге қатысты қадам жасалды деп мәлімдеді.

Өз кезегінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Тәжікстан Қазақстан сияқты аймақтық қарым-қатынасты нығайтуды қалайды», деген көзқарасын жеткізді.

«Қазіргі жағдайды ескере отырып, біз екі жақты механизімді нығайтуды шештік. Біздің ойымызша бұл шаралар интеграцияның оданда жоғары деңгейіне шығуға септігін тигізеді», деді ол.

Тәжікстан мәліметі бойынша сауда көлемі жағынан Қазақстан Ресейден кейін 2 орында. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, барлық бидай мен ұнның 90 пайызы және жанар-жағар майдың 40 пайызын Тәжікстан Қазақстаннан алады. Тәжікстан территориясында қазақстандық инвесторлар 100 пайыз акциясын ұстайтын қорғасын-күміс концентратын шығаратын «Адрасман» тау кен байыту комбинаты бар. Тәжікстанның Согди облысындағы бұл комбинатты «Kazinvest mineral» компаниясы 3 жарым миллион долларға сатып алған болатын. Күмістен Тәжікстандағы тек бір кенорнындағы 50 мың тонналық қор әлемде 8 орында деп хабарланады.

Бірақ, көптеген сарапшылардың айтуынша, сауда қатынастары даму үшін тек жол керек. Ал, президент Назарбаевтың айтуынша екі тарап «Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан» бағытында тікелей авто және темір жол салу мәселесін толық зерттеуге келісім жасады.

«Бірде бір мемлекет тек бір көлік кеңірдегіне тәуелді болмау керек, әлбетте бұл арзан жоба емес, шығын қажет етеді, бірақ ол әрқашанда өтеледі», деді президент Назарбаев.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, президент Назарбаевтың айтып отырған жалғыз көліктік кеңірдегі Тәжікстаннан Өзбекстан арқылы өтіп Қазақстанға шығатын жол. Себебі, Тәжікстанның Қазақстанмен ортақ шекарасы жоқ. Қазақстанға шығу үшін ең қысқа автожол тек Өзбекстан мен Қырғызстан арқылы өтеді. Енді президент Назарбаев осы жолға балама болатын, бірақ Өзбекстан арқылы емес Қырғызстан арқылы өтетін теміржол салуды ұсынып отыр.

Қазақстан президенті Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Тәжікстанмен жасаған ортақ инвестқорға 100 миллион доллар салды. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон болса Қазақстан тарабы Тәжікстан орталығындағы бір электр стансаны салуға қатысатындығын хабарлады. Президент Назарбаевтың айтуынша, егерде Рогун гидроэлектр стансасы консорциумы жұмыс істесе, Қазақстан оған қатысады.

«Ақшалай да, инвестор ретінде де, акция ұстаушы ретінде де», деді ол.

Тәжік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, президент Назарбаевтың айтып отырған Рогун гидроэлектр стансасы Өзбекстандағы Амударья өзеніне дейін бастау алатын Тәжікстандағы Вахш өзенінде тұр. Кеңес одағымен құрылысы басталған бұл ірі плотина қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған. Кейін одан арзан электр қуатын алуға болатынын сезген ресей инвесторлары қызыққан болатын, бірақ Тәжікстан олардың ұсынысын қаламады. Тәжікстанда Орталық Азиядағы барлық су ресурстарының 60 пайызы шоғырланған. Гидроресурстар жағынан Тәжікстан әлем бойынша 6-ыншы орында деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG