Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.13.2008 жыл


Сейсенбі күнгі басылымдар Тәжікстан президентінің Қазақстанға сапарына, Қазақстан президентінің Қызылорда облысына жасаған сапарына назар аударып, билік басындағы соңғы ауыс-түйістер жайлы, Оңтүстік Қазақстандағы шегіртке қауіпі туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар үлескерлер мәселесіне тоқталыпты.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан елордасына «Өркендеген Астана жаңарған Қазақстанның айшықты нышаны» деп бағалады» деп жазыпты. Сонымен қатар осы газет Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың «Әкімшілік реформаларды тереңдете беру – мемлекет басшысының бізге берген тапсырмасы» деген ауқымды мақаласын басыпты.

Норвегияның астанасы Ослода өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы жайлы мақаласын «Терсікейде табысқан туыстар» деп атап, мақалада автор шетелдегі қазақтар жайлы айта отырып, «келесі жылғы кіші құрылтай Лондонда өтетін боп шешілді» деп жазыпты.

«Айқын» газеті билік басындағы соңғы ауыс-түйістерге арнаған мақаласын «Мұхтардың оралуы» деп атап, онда автор ақпарат және мәдениет министрі боп қайтадан тағайындалған Мұхтар Құл-Мұхаммед жайлы үш түйін ой айтыпты. Сол ойлардың үшіншісінде автор: «Астананың 10 жылдық тойы алдында қазақы рухқа шөліркеп отырған ресми ел ордасы тағы бір ұлтжанды тұлғаға толықты. Енді мемлекеттік тілдің мерейі үстем, мәртебесі биіктей түседі» деген үміт айтыпты.

«Время» газеті талайдан өзара тартысып жүрген бұрынғы ақпарат және мәдениет министрі Ермұхамет Ертісбаевтың Президент кеңесшісі боп кеткеніне арнаған мақаласын «Акулалардың сүйіктісі, киттердің досы» деп атап, онда автор «біз оның кеше тағынан мезгілінен бұрын кеткенін өкінішпен естідік» дей келе, «Время» ресми түрде Ермұхамет Ертісбаевтың отставкаға жіберілгенін кадрлық қателік деп есептейтінін» айтады. «Егер ол орнынан кетпегенде еліміздің ақпарттық қауіпсіздік саласында әлі талай еңбегі сіңіп, талай «алаяқтар» мен «телекиллердерді» әшкерелер еді (еңбегі Бораттан кем болмас еді)» деп жазыпты.

«Айқын» газетінің «Қытайдан тағы бір індет тарады» деген мақаласында: «Әлемдік медицина қызметкерлерін алаңдатып отырған Enterovіrus-71 (EV71) инфекциясымен ауырғандардың саны қазір 25 мыңға, ал қайтыс болғандардың саны 34-ке жеткен. Жұқпалы вирус, әсіресе, балаларды баудай түсіріп, күн сайын өршіп бара жатыр. Көршілес Моңғолияның Денсаулық сақтау министрлігі 100 адамның энтеровирустық инфекцияны жұқтырғанын мәлімдеді. Ресейдің бас санитарлық дәрігері Геннадий Онищенко қанша адамның осы ауруға шалдыққанын айтпағанымен, Ресей тұрғындарын қауіпті жұқпалы аурудың алдын алуға, сақ болуға шақырды» дей келе, «Қауіпті ауру 1998 жылы Гонконг аумағында тіркелген болатын. Ол кезде 129106 бала ауырып, оның 78-і қайтыс болған» деп жазыпты. Ал «Қазақстанда құс тұмауы тіркелді» деген мақаласында автор Республикалық СЭС-тің эпидемиологиялық-инфекциялық аурулар лабораториясының меңгерушісі Айнагүл Қуатбаеваның сөзіне сілтемелеп, «Павлодар облысының тұрғыны бұдан біраз бұрын H5N1 вирусын жұқтырған. Қазір көршілес Қытай, Ресей мен Әзірбайжанда ошақтары тіркелген аса жұқпалы бұл тұмау түрі жыл құстарымен келеді» деп жазыпты.

Cондай-ақ «Айқын» газеті жазушы Төлен Әбдікұлымен болған ауқымды сұхбатын оның өз сөзімен «Өз тілінде сөйлей алмайтын мемлекетті толыққанды мемлекет деп айтудың өзі мүмкін емес» деп атапты.

«Литер» газеті Оңтүстік Қазақстандағы шегіртке шабуылы жайлы мақаласын «Тіпті де күтілмеген жағдай еді...» деп атап, онда автор «ауылшаруашылық министрлігінің дәстүрге айналған «күтпеген жағдайларына» мысалы, көктемнің ерте шығып кетуі салдарынан егін дер кезінде себілмей қалуы, не болмаса, күздің ерте түсуінен астықтың жиналмай қалуы сияқты «күтпеген жағдайларына» биыл қасақана шегіртке қосылды. Әрине, зиянкестерді болжаған, бірақ, үйреншікті жағдай орын алды. Осы мәселеге арналған Үкіметтің келесі отырысынан соң шенеуіктер «биыл күн ерте ысыды» деп ақталып бақты, бірақ шегірткелер олардың ақталғанын місе тұтпады білем, жоспарланған 100 мың гектар емес одан екі есе көп жерді тып-типыл етіп, енді ондағы жайылымсыз қалған көпшіліктің қолда бар 150 мың ұсақ малы мен 10 мың ірі-қарасын үкімет арзан бағаға сатып алайын деп жатыр» деп жазыпты.

Алданған үлескерлердің мәселесіне арналған мақаласын «Литер» газеті «Алдасаң – алмайсың» деп атап, онда автор «тұрғын үй саласын бақылауды Алматының жаңа әкімі Ахметжан Есімов тікелей өз басшылығына алайын деп жатыр» депті.

«Время» газеті осы тақырыпты «Директор отыр – құрылыс тоқтап тұр» деген мақаламен жалғастырып, онда Алматының әкімшілік ғимаратының алдына кеше «Алматыинвестстрой» компаниясының алданған үлескерлері тағы жиналды» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG