Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.14.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі ресми басылымдар бүгін Астанада ашылған «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты - «Жас Отанның» 1-ші съезі туралы, Литва Республикасы Премьер-министрінің Қазақстанға сапары жайлы жазыпты. Бірқатар басылымдар Астана мен Алматыдағы алданған үлескерлер және шетелден келген еңбек мигранттары тақырыбын екшелепті.

«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан президентінің Ресей президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы алдағы сапарға әзірлік жайлы сұхбаттасқаны туралы айта келіп, Литва Премьер-министрінің Қазақстанға сапарын «Литва мұнай-газ жеткізудің балама жолдарын іздестіреді» деп қортындылапты. Сонымен қатар осы газет «Әлем және Қазақстан» айдарымен «Ұлттың қуаты және ұлттың көшбасшысы, немесе Бжезинскийдің болжамы неге жүзеге аспады?» деген, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының консультанты Қайырбек Арыстанбековтың сараптамалық мақаласын басыпты. Мақалада АҚШ сыртқы саясатының архитекторы атанған Збигнев Бжезинскийдің Қазақстан туралы болжамдары және олардың кейбірінің неге орындалмай қалғанына талдама жасалыпты.

Осы газет бүгін Астанада ашылған “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанатының 1-ші съезіне арнап «Уақыт жүрдек, одан қалыспау заман талабы» айдарымен үлкен топтама басыпты. Осы съезге арнаған топтамасында «Айқын» газеті «Жас Отан» cонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді...» деген мақаласында: «Олар үшеу. Тәңірберген Бердіоңғаров, Бақыт Сыздықова, Ерқанат Тайжанов. «Нұр Отан» халықтық партиясының «Жас Отан» жастар қанатының басшылығында отырып, Парламенттегі ағаларына жастар мәселесін қазірше орысша жеткізіп жүрген үйдің серкелері де, еркелері де осылар» деп жаза отырып, осыған орай «Айқын» газеті «Нұр Отанның» жастар қанаты ауыл жастары, ұлттық құндылықтар – тіл, дін мәселесін көтеретін ықпалды саяси күшке айнала алды ма?» деген көкейдегі сауалын қойыпты. Оған жауап бергендердің кейбіреуі: «...Саяси ұйымдар қоғамдық негізде құрылмай, бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыс істесе ғана жұмысы жандана түседі. Қоғамдық негіздегі жұмыс демагогияға айналып кетеді. Ал статусы, штаты, мүшелері болса, жұмыс басқаша қарқын алады. Жоғары оқу орындарында жастарға тәрбие беретін баяғыдай ұйымдар жоқ. Жастар өз бетінше жетіліп келеді. Олардың басын қосып, қоғамдық бастамаларға араластыру осындай партиялық ұйымдардың міндеті» десе, кейбір сарапшылар: «Жас Отанның» жұмысында науқаншылдық басым ба деймін. Жүйелі түрде мардымды айналысу емес, жоғарыдан берілетін тапсырмалармен жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Жиналыс өткізу, лозунг көтеріп шығу, «Нұр Отанды» үстірт қолдаудан басқа нәрсені өз басым әзірге байқап отырған жоқпын. Тағы бір аңдағаным, осындай саяси бастамаларда Ресейге, басқаға еліктеу байқалып тұрады. «Единая Россияда» жастар қанаты пайда болса, «бізде неге болмасқа?» деген сияқты іле-шала жасалатын еліктеушілік бар. Алайда діліне, дініне, тарихына, жалпы, менталитетіне байланысты ішкі ерекшеліктері бар. Бастамашыл болғанда алдымен осындай ішкі ерекшеліктерді бағамдап алған дұрыс. Өзгенің штампын әкеп қондыра салудың соңы нәтижелі болмайды» деп жауап беріпті. Ал осы сауалға саясаттанушы Сайфолла Сапанов: «Нұр Отан» партиясы жастар мәселесіне нақты кіріскеніне екі-үш жылдың төңірегі ғана болды. Алайда баяғы комсомолдай саясатқа ықпалы бар, қоғамдық беделді күшке айнала алды ма деген сауалға, партияның жас қанаты әзірге ондай күшке айнала алмай отыр деп жауап берер едім. Оның өзіндік бірнеше себептері бар. Біріншіден, ол партияның әлсіздігінен емес. Ол жалпы қоғамдағы жастардың тарапынан қалыптасқан саясатқа деген сенімсіздіктен туындап отыр» деп жауап беріпті.

«Экспресс К» газеті «Аштық марафоны» деген мақаласында «Астананың алданған үлескерлері билік назар аудармайынша осыдан алты күн бұрын бастаған аштықты кезектесіп жалғастыра беретін болды. Олар қала әкімшілігіне 6-шы шілде, қала күніне орай митинг өткізуге рұқсат сұрап хат жолдады. Ұйымдастырушылар ол митингігіге 5 мыңнан астам адам келеді деп отыр» деп жазыпты.

«Время» газеті «Кеше Алматыдағы Гагарин-Мыңбаев-Сәтпаев-Радостовец көшелерінің «Бес тұлға» құрылыс кешені кіретін аумағындағы тұрғындары тағы наразылық акциясына шығып «заңсыз салынып жатқан құрылыс тоқтатылсын» деп талап етті» деп жазыпты.

Сондай-ақ осы газеттің «Әлиевті қайтарып беріңдер» деген мақаласында, кеше Австрия Республикасының Алматыдағы консулдық ғимараты алдында «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары, осыдан бір жарым жылдай бұрын ұрланған Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиевтің туыстары жиналып, «Әлиевті Қазақстанға қайтарып беріңдер!» деген талаппен пикет өткізді» деп жазыпты. Осы газеттің «Журналисті жарып жібере жаздады» деген мақаласында «8-ші мамыр күні оппозициялық «Тасжарған» апталығының құрылтайшыларының бірі Ермұрат Бапидың аутокөлігіне белгісіз біреулер қолдан жасалған жарылғыш бомба қойып, жарып жіберу арқылы қастандық жасады» деп жазыпты. Сонымен қатар осы газет Алматы қаласы көші-қон полициясының бастығы Марат Күзембаевтың мигранттар мәселесі бойынша ауқымды сұхбатын беріп, миграция полициясының сенім телефонын жариялапты.

«Айқын» газеті осы мәселеге «Гастарбайтерлер қауіп төндіріп тұр» деген мақала арнапты. Мақалада Алматыда қанша шетелдік жұмысшылар тіркелгені туралы деректер айта келіп, «жыл басынан бері олар 43 қылмыс 9 мыңдай тәртіпсіздік жасаған» деп жазыпты.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы Қазақстанның ғарышты игеру саласының проблемаларын екшелеп, пышақсыз операция жасайтын Филипин хилерлері туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG