Accessibility links

«Шаңырақ ісі» бойынша негізгі куәгерлер өздерінің бұған дейін сотта берген жауаптарынан бас тартып отыр


2006 жылы маусымның 14-і күні Алматы қаласының «Шаңырақ» ықшамауданында болған жаппай тәртіпсіздік оқиғасы бойынша негізгі куәгерлер ретінде тергеу жұмысына және сот ісіне қатысқан ағайынды Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтер өздерінің берген бұрынғы айғақ жауаптарынан бас тартып, бұл жағдайға өздері полиция тергеушілерінің қысымы және заңсыз әрекеттері салдарынан барғандықтарын мәлімдеп отыр. Олар осыған байланысты жуырда Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков пен Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атына арыз-өтініштерін жолдап қойыпты.

Бұл арыз-өтініштерінде ағайынды Ибрагимовтер «Шаңырақ» ықшамауданында болған жаппай тәртіпсіздік және осы оқиға кезінде қаза болған полиция қызметкері Әсет Бейсеновтың өліміне кінәлі деп танылған Арон Атабек, Ерғанат Тараншиев, Құрманғазы Өтегенов және Рүстем Тұяқовтарға қатысты барлық болған жағдайды баяндап берген.

«Шаңырақ» ықшамауданында тұратын Айбатыр Ибрагимов өзіне полиция тергеушісі Тельман Елубаев тарапынан болған қатты қысым және зәбірлеу болғанын айтады. Соның салдарынан тергеуге қажетті айғақтарды беруге амалсыз бардым дейді ол. Ал шынтуайтында, тергеуде айып тағылған жігіттерді өмірінде көріп, білмейтіндігін, енді сот үкімі шығып қаншама уақыт өтседе өзінің өтірік айғақ болғанына ар-намысы шыдатпай, ақыры шындықтың бетін ашуға барып отырғанын айтады.

- Сондықтан мен тергеу кезіндегі және сот мәжілісі кезінде берген жауаптарымнан толығымен бас тартамын, себебі бұл жауаптарды тергеу қызметкерлерінің өзіме көрсеткен қысымдары мен ұрып-соғуы салдарынан берген едім, - дейді ол.

Алматы облыстық адвокалқасының мүшесі, заңгер Әлия Мизамбекова полиция тергеуі кезінде болсын, сот тергеуі кезінде болсын көптеген қемшіліктер мен заң бұзушылық жағдайлардың болғанын, бірақ соған қарамай сот үкімі шыққанын айтады.

- Біз осы «Шаңырақ ісі» бойынша оқиғаның басынан аяғына дейін қатысқан барлық адвокаттар және қоғамдық қорғаушылар сот үкімінің әділетсіз, заңсыз болғанын айтып Жоғарғы сотқа аппеляциялық арыз түсіргеміз. Сол арыз бойынша алдағы маусым айының 10-ы күні Астанада Жоғарғы соттың аппеляциялық отырысы осы істі қайта қарамақшы. Ал соның алдында негізгі куәгерлердің өздері жауаптарынан бас тартып отыр, - дейді ол.

«Шаңырақ» қоғамдық қозғалысы бірлестігінің төрағасы, қоғамдық қорғаушы Асылбек Қожахметов алдағы болатын осы аппеляциялық сот қарауында «Шаңырақ» оқиғасы бойынша негізгі куәгерлердің айтып отырғандары ескерілетін болса, онда сот үкімі қайта өзгеруі мүмкін екендігін айтады.

- Бірақ аппеляциялық сот куәгерлердің айтып отырғандарын ескерусіз қалдыруы да ғажап емес, - дейді ол.

Былтыр күзде «Шаңырақ ісі» бойынша айыпталған барлығы 24 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысқандары үшін айыпты деп танылып сотталған болатын. Соның ішінде төртеуі полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деген айыппен үзақ мерзімге түрмеге жабылды. Сот үкімі бойынша Арон Атабекке 18 жыл, Қ.Өтегеновке 16 жыл, Е.Тараншиевке 15 жыл және Р.Тұяқовқа 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Қалған 20 азамат 3 жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
XS
SM
MD
LG