Accessibility links

Рахат Әлиев Қазақстан президентіне қарсы АҚШ сотында куә болуға дайын екенін мәлімдеді


Мамырдың 15-і күні, Интернет арқылы жасаған мәлімдемесінде, Рахат Әлиев өзінің бұрынғы қайын атасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы АҚШ сотында куәлік беруге дайын екенін білдірді. Әлиев президент Назарбаевты сыбайласқан жемқорлықпен күрес ісінде көзбояушылықа барып отыр деп айыптап, Интернеттегі хатымен бірге екі құжаттың фотокөшірмесін жариялады. Оның бірінде президент пен оның қызының, Қазақстан үкіметінің бұрынғы үш басшысының есімдері жазылған. Рахат Әлиев бұл құжатты Интерполдың өкілінен алғанын айтады. Ал екінші фотоқұжатта 1 млн доллар ақшаны алуға берілген чек көрсетілген.

Рахат Әлиев Интерполдан алдым деп жариялап отырған құжаттың бірінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бұрын үкімет басшылары болған Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғымбаев және Иманғали Тасмағанбетің есімдерімен бірге президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның және кезінде Қазақстан президентінің кеңесшісі болған американдық кәсіпкер Джеймс Гиффеннің есімдері аталады. Бұл құжатта шетелдегі жасырын есеп шоттарына заңсыз түсіп, кейіннен әшкере болған млн-даған АҚШ доллары жөнінде айтылған. Ал екінші құжатта оның иегеріне 1 млн. долларды алуға болатынын растайтын чек көрсетілген.

Бұрынғы қайын атасына жазған бұл хатында Рахат Әлиев өзінің осыған дейінгі сөздерінен бас тартпайтынын айтады.

«Мен сіздің бұрынғы кеңесшіңіз Джеймс Гиффеннің ісі бойынша Нью-Йоркта қаралып жатқан сотта куәгерлік айғақ беруге дайынмын», дейді ол.

Саясаткер Әміржан Қосанов мұндай құжаттардың жариялануын жалпы оң үрдіске бағалап отыр. Ол кезінде Қазақстанда арнаулы қызметті басқарған президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қолында мұнан да маңызды құжаттардың бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жалпы, халық лауазымды тұлғалардың аттары қай жерде қалай аталғанын білгені маңызды, дейді оппозиция қайраткері.

«Бұл жерде тағы бір мәселе - сол құжаттарда аттары аталған кез-келген адам өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып, неліктен сол жерде есімі аталып отыр, қандай себептермен сол құжатқа қол қойды деген сұрақтарға жауап беруі керек. Бірақ, өкінішке қарай, билік бізде өзіне ыңғайлы адамдарды жауапкершіліктен құтқарып, ал сын айтқан адамды қудалап, болмайтын нәрседен дау шығарып жатады. Мүмкіндігінше, мұндай құжаттар көптеп жариялануы керек», - дейді Әміржан Қосанов.

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым:

«Кеше ғана күшіне енген сот үкімінен кейін Рахат Әлиев пен оның сыбайластары лауазымдары мен шендерінен, бар дүние-мүлкінен айырылды. Осыдан кейін олардың шет елде қарап жатпай сес көрсететіндей жағдайы бар. Себебі, олардың қолында сан түрлі ақпарат, құжаттар бар екені анық. Рахат Әлиев соның шет-жағасын ғана көрсетіп отыр. Бұл жердегі басты жаңалық – Рахат Әлиевтің «Қазақгейт» ісі бойынша АҚШ сотына барып, өз білетіндерін айтамын дегені, әрине, Ақорда шенеуніктері мен Нұрсұлтан Назарбаевты ойландыратын нәрсе. Себебі, Рахат Әлиев бұған дейін құжаттарды интернетке салып, газеттерге беріп тұрғаны болмаса дәл мұндай айтпаған еді. Енді жарияланған құжаттарға келсек - оның біреуі бұрында жарияланған болатын. Ал чек - жаңа құжат. Бұл оның қолында маңызды біраз нәрселер бар екенін дәлелдейді», - дейді.

Саясаткер Әміржан Қосанов халық Рахат Әлиев жариялаған құжаттарға 100 пайыз сенуі мүмкін емес деп санайды.

«Себебі, ол өзіне ұнамайтын адамдарды бадырайтып көрсетіп, өз жанындағыларды жасырып қалып отыр. Сондықтан бізге жариялылық керек. Ол жариялылық баспасөзде болуы керек. Сот процестері жария өтуі керек. Сонда жоғарыдағыдай құжаттар сенсация болмайды. Егерде бізде азат баспасөз болған болса мұның бәрі баяғыда-ақ жарияланып өз бағасын алған болар еді», - дейді Қосанов.

Мамырдың 12-сі күні АҚШ-тың «Уолл стрит джорнэл» басылымында «Қазақ президентінің қызы АҚШ-тағы жемқорлықты тергеу ісіне тыңшылық жасаған» деген мақала жарық көрді. Мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның кезінде өзінің әкесіне 84 млн. АҚШ доллары көлемінде пара берді деген күдікпен АҚШ сотында ісі қаралып жатқан америкалық бизнесмен Джеймс Гиффеннің ісінің тергелуі туралы ақпараттар алуға талпынғандығы айтылып, оның АҚШ-тың барлау-тергеу қызметінің бұрынғы басшыларымен кездескендігі сөз болған еді.
XS
SM
MD
LG