Accessibility links

Астанада наразылық аштық шарасын жалғастырып жатқан зардап шеккен үлескерлер көбейіп келеді. Бүгінде аштық жариялауға ниет еткен тізім 4 есеге өсіп 200 адамға жетті. Осы үлескерлердің шағымымен Астананың қаржы полициясы бірнеше құрылыс компаниясының басшысын тұтқындадық деп хабарлады. Тәркіленген мүлік сатылып, қаржы тоқтап қалған құрылысқа жұмсалады, дейді олар. Үкімет болса құрылысқа деп мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақшаны қажетті нысанға жеткіздік деп хабарлайды.

Астанада аштық жариялап жатқандардың бірі - Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген «Үлескерлер қауымдастығы» төрайымының орынбасары Марина Мамированың мәліметінше, Астанада наразылық ретінде аштық жариялап жатқандарға қосылуға ниет еткен тізімде 200 адам тұр. Жуырда аштық жариялаған үлескер Астана тұрғыны Жамал Арыстанбекова осыдан 2 жыл бұрын берілуге тиіс пәтерін әлі күтіп келеді. Оны «Азиягрупп» компаниясы салуға уәде берген. Жамал басшысы тым жас бұл компанияға құрылыс салуғаи рұқсатты үкімет берген, дейді.

Астана қаржы полициясының мәліметінше, қазір зардап шеккен үлескерлердің өтініштерімен мансард пәтерлерін салатын «Думан строй» компаниясы, «Азбука жилья» кәсіпорыны тексеріліп жатыр. Құрылыс саласында айлакерлік жасауға қатысы бар деп күдіктелген 7 адам іздеуде жүр.

Жыл басынан бері құрылыс компаниялары 3 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды. Бұл әзірге тек белгілісі ғана, деп хабарлайды қаржы полициясы. Мысалы, мансард пәтерлерін салам деген «НСК» фирмасының жетекшісі Юрий Солоник бұған дейін құрылысты тұрғындардың келісімінсіз бастаған деген айыппен 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Енді Астананың қаржы полициясы ол үлескерлердің қаржысынан 450 миллион теңгені жымқырды деген айыппен қылмысты іс қозғады. Астана қаржы полициясының мәліметінше, «БИМ – 2006», «Дубай строй Холдинг» компаниялары басшыларына қылмысты істер қозғалды. Соңғы компания үлескерлерден жиналған 197 миллион теңгені жымқырды деп айыпталады, дейді Астана қаржы полициясы бастығының орынбасары Теңізбай Шынтаев.

«Бразерс компани» құрылыс кәсіпорнының басшысы Валерий Лакисов та тұтқындалып қазір полицияның тергеу абақтысында қамауда отыр. Ол үлескерлерден 5 жарым миллиард теңге жинап үлгерген. Ал, «Байқоңыр» тұрғын үй кешенін салып бітірмей Түркияға қашып кетпекші болған Атакан Йылмыз әуежайда ұсталған.

Алаяқтық жасап, бір миллиардқа жуық соманы қалтасына басқан деген айыппен «Актив» компаниясының басшысы 10 жылға сотталды. Қаржы полициясы тәркіленген мүлік сатылып, тоқтап қалған құрылыс аяқталады деп отыр.

Үкімет болса құрылысқа деп мемлекеттік бюджеттен «Қазына» қоры арқылы ақша бөлді. Астанаға бөлінген қаржыға 36 нысан аяқталып 9 мыңға жуық үлесшінің мәселесі шешілуге тиіс деп хабарланды. «Қазына» тұрақты даму қорының басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтекеновтың айтуынша, нысандардың бір бөлігіне инвестициялары қайта бағаланады.

«Мүмкін жаңа инвесторлар проблемалық нысандарға келетін шығар», дейді ол.

Бюджеттен берілген ақшаға бюджеттік мекеме қызметкерлері үшін пәтерлер сатылып алынады. Олардағы пәтердің бір шаршы метрі 115 мың теңгеден аспауы шарт», дейді Астананың құрылыс департаментінің директоры Ерікболат Қабылдин.

Сауда және өндіріс вице-министрі Еділ Мамытбековтың мәліметінше, Қазақстан бойынша 6 мыңнан астам үлескердің ақшасы салынған 34 құрылыс нысаны проблемалық деп табылды. Оның сыртында 157 нысан мемлекет қолдауын талап етеді.

Әзірге Астанадағы нысандарды аяқтауға 23 миллиард бөлінді және Алматыға 10 миллиард бөлінуге дайындалып жатыр. Осылайша үкімет үлескерлердің 40 пайызының мәселесін шешіп береміз деп отыр. Ал болашақта осындай жағдай қайталанбас үшін үлескерлердің қаржысы салынған құрылыс талаптарын күшейту көзделді деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG