Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.17.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сенбі күнгі ресми басылымдар Қазақстан мемлекеттік хатшысы Норвегияға, ал Парламент Сенатының төрағасының Израйлге сапары туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар Үкіметтің зейнетақы мен студенттерге төлемақыны көбейтпек боп жатқаны туралы және жақында президент кеңесшісі боп тағайындалған бұрғынғы ақпарат министрінің ауқымды сұхбатын басыпты.

«Литер» газеті «Үкіметтің орта және шағын бизнесті қолдауға арнап жасаған бағдарламасы бойынша 12 пайыздық өсіммен берілмек несиелерді коммерциялық банктер 18-25 пайызбен беру арқылы шағын бизнесті гүлдендіру орнына тұншықтырып жатыр. Себебі бағдарламада проценттік өсім мөлшерінің шегі нақты көрсетілмепті. Шенеуніктер бұл ағаттықты қалай жіберіп алды екен? Бәлкім бұл кездейсоқтық емес шығар? Мұны сол бағдарламаны парламенттік тексеріспен анықтауға болар» деп жазыпты.

Осы газеттің «Валюталық нарыққа пәранжа» деген мақаласында «Қазақстанда келешекте несиелерді шариат талаптарымен, яғни ешқандай өсімсіз беру жолдарын талқылап жатыр» деп айтылыпты.

Бірқатар басылымдар Үкімет шілденің бірінен бастап бюджеттік мекеме қызметшілерінің жалақысы мен зейнетақы және мүгедектер мен студенттерге төлемақы мөлшерін көтермек боп жатқаны туралы жазыпты.

«Литер» газетінде «1-ші шілдеден бастап төменгі күнкөріс деңгейі 10515 теңгеден 12025 теңгеге көтеріліп, базалық зейнетақы 4210 теңгеден 4810 теңгеге ұлғайтылмақ» деп айтылыпты.

«Айқын» газеті осыған орай «Әлеуметтік төлемдерді өсірудің мақсаты келе жатқан қымбатшылықтың алдын алу ма, әлде баға бағынбай бара жатқан соң жасалып отырған шара ма?» деп сұрапты. Оған жауап берген кейбір мамандар «Үкімет бұл қадамға ішкі мүмкіндігінің қабылетінен барды» десе, кейбіреулері «Бұл баға бой бермей өсіп бара жатқан соң, амалсыз жасалып отырған әрекет. Бұл да бір дағдарыс. Үкімет халықты аштан өлтіре ме? Билік бұл қадамға жылдың басында баруы керек еді. Өскен зейнетақы көлемі инфляцияның деңгейін өтей алмады да халықтың әл-ауқатын төмендетіп жіберді» деп жауап беріпті.

«Экспресс К» газеті «Қақалып қалмас үшін» деген мақаласында «Еліміздің аймақтарында негізгі тағамдарға баға көтеріліп отыр» деп, осы мәселеге арнаған топтамасын беріпті.

«Айқын» газетінің «Ел демократиясы үшін тарихи күнге тарту ма, әлде...» деген мақаласында «Сайлауда 7 пайыздық «табалдырықтан» аса алмаған партиялар Парламентке өте алмайды деген талап «жұмсарып» қалуы мүмкін. Бұл ойды Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев айтты» деп жазыпты.

Осы газет Кеңестер одағының халық артисі Рамазан Баповпен «Бес айдан бері жұмыссыз жүрмін» деген ауқымды сұхбатын бере отырып, тағы да бір «Өз елі өзектен тепкен Бапов қайтадан АҚШ-қа кетті» деген мақаласында Рамазан Баповтың жергілікті шенеуіктерден көрген өктемдігі туралы айта келіп, «Ол қайтып келе ме?...» деп сұрапты.

«Литер» газеті мен «Экспресс К» газеттері бұрынғы ақпарат және мәдениет министрі, жақында президент кеңесшісі боп тағайындалған Ермұхамет Ертісбаевпен ауқымды сұхбат басыпты.

Ол «Литер» газетіне берген сұхбатында «Президент маған үш қызмет ұсынды. 1) «Нұр Отанның» мүшесі болғандығымнан мәжіліске депутаттықты. 2) «Нұр Отан» партиясының төраға орынбасарлығын және 3) Президент кеңесшісі қызметтерін ұсынды. Мен парламентке бармадым, себебі онда оппозиция басшылары - Болат Әбілов пен Петр Своик жоқ Сондықтан «Нұротандықтар» менсіз де жақсы жұмыс атқара алады. Ал партияға сайлау қарсаңында барған дұрыс, сондықтан мен кеңесшілікті таңдадым» дей келе, Ертісбаев мырза «Үкіметтің отставкаға кетуі туралы әңгіме бос соз. Кәрім Мәсімов ешқандай отставкаға бермейді» деген тұжырым айтыпты.

«Время» газеті «Қазақстан темір жолы» компаниясының пара алды деген айыппен қамауға алынған бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеев туралы мақаласын, ҚТЖ-ның экс-президентінің қамауға алынған жүргізушісінің әйелі Алтын Оспанованың сөзімен «Құлекеев ол портфелге қол тигізген де жоқ» деп атапты. Онда Құлекеевтың бұрынғы жүргізушісі Есенғали Оспановтың жақтаушылары осы іс бойынша тергеу жүргізген қаржы полициясын, «тергеу барысында жүргізушіге қысым жасалды» деп сотқа бермекші боп жатқаны туралы жазылыпты. Осы газет «Аштық мүшелері: Ұрысқа шығамыз!» деген мақаласында, кеше Алматыдағы Әл-Фараби – Розыбакиев – Қожабеков – Гагарин көшелері аумағындағы үйлері бұзылуға кетпек тұрғындары құрылыс компаниясының бағалаған төлемақысын місе тұтпай мезгілсіз аштыққа шығатындарын жариялады» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG