Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.22.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі басылымдар Ресей президентінің Қазақстанға бүгін басталатын ресми сапарына баса назар аударыпты. Бірқатар басылымдар Астана мен Алматыдағы алданған үлескерлер тақырыбын жалғастырыпты. Оппозициялық басылымдар құрылуы тиіс деп өздері ұсынып отырған Халық кеңесі - қоғамдық парламент туралы сөз қозғай отырып, жақында президент кеңесшісі боп тағайындалған, бұрынғы Ақпарат және мәдениет министрі - Ермұхамет Ертісбаевпен сұхбатын басыпты.

«Тасжарған» апталығы бас мақаласын «Биліктің жаңа ермегі - сенатты тарқатып, мәжіліске қайтадан сайлау өткізу» деп атап, онда автор «биыл күзде мәжіліске депутаттар сайлау өтуі әбден мүмкін» деген болжамын негіздеп көріпті. Осы газет Жалпыұлттық социал-демократтар партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбаймен өткізген ауқымды сұхбатын оның өз сөзімен «Халық кеңесі – заңсыз парламентке балама ұйым» деп атапты.

«Азат» газеті «Қазақстандағы оппозициялық партияларға бірігудің қажеті бар ма?» деген ауқымды сараптамалық мақала баса отырып, осы тақырыпта сарапшылардың да пікірін беріпті. Сарапшылар «мақсаты жоқта, бірігуге уақыт кетірудің қажеті жоқ», «оппозиция – қуыршақ және біреулердің қол баласы» дегендей ойлар айтыпты.

Бұрынғы ақпарат және мәдениет министрі, қазір президенттің кеңесшісі боп тағайындалған Ермұхамет Ертісбаев оппозициялық «Свобода слова» апталығы мен «Тасжарған» апталығына сұхбат беріпті. Ол сұхбатында Ертісбаев мырза: «біз Еуропаға азиялық кейпімізбен бармаймыз», «ең өкінетінім, «Қазақфильм» жобасын іске асыра алмағаным», «мені қазақ тілін білмейді деп қауесет таратып жүргендер менің жауларым», «рас, мен былтыр «31 арнада» мүлт кеттім», «мені Қазақстандағы белді «Еуразиялық» экономикалық топтың жетекшісі Александр Машкеевичтің адамы, біраз телеарналарды сол Еуразиялық топқа бермек дейтіндер бар, бірақ ол шындыққа жанаспайды. Мен президенттің адамымын» дегендей ойлар айтыпты.

«Тасжарған» апталығының «Қазақтың жерін арабтарға кім сатты» деген мақаласында «еріккен жатжұрттықтар билік басындағылармен ымырашылдықпен сыбайласып, халықаралық синдикат құрып алған» сөйтіп «шейхтар елдің қызыл кітабына енген аңдарды аулап» жүр» деп жазыпты.

«Свобода слова» апталығы «Нұр Отан» партиясының Астанада салынған жаңа бас ғимараты 46 миллион доллар бопты» дей келе, жақында өткен «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты – «Жас Отанның» бірінші съезін қортындылаған мақаласын «Біз «Жас Отан» десек, комсомолды меңзегеніміз» деп, қазіргі «Жас Отан» - коммунистік дәуірдегі комсомол жастар ұйымын еске салады» депті.

Осы тақырыпты тағы бір тәуелсіз басылым «Жас алаш» газеті «Жас Отан» - Қазақстан – Нұрсұлтан!» немесе «нұрсомолдықтардың» алғашқы құрылтайы нені аңғартты?» деген мақаламен жалғастырыпты.

«Свобода слова» апталығы алданған үлескерлердің аштық жариялап, өз мүдделерін қорғамақ боп жатқаны туралы мақаласын «Қорықпау керек!» деп атапты.

«Азат» газеті «Аштық жариялаушылардың наразылығы екі астанада да өтіп жатыр» деген айдармен «Аштыққа рұқсат жоқ!» деген фоторепортаж беріпті.

«Время» газеті үлескерлер тақырыбын «Өлтірсеңдер де салып бітіріңдерші» деген мақаламен жалғастырыпты. Мақалада көптен «бұзылуы тиіс, заңсыз салынған» деп, баспа беттерінен түспей, даулы боп жүрген «Бес тұлға» құрылыс кешенінің ондаған үлескерлері кеше Алматы әкімшілігінің алдында пикет өткізіп, қала әкімі Ахметжан Есімовке өтініш хат табыстамақ болғаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті Ресей президентінің Қазақстанға сапарына орай Ресейдегі Қазақстан елшісі Нұртай Әбіқаевтың «Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай проблема жоқ» деген ауқымды мақаласын басыпты. Сондай-ақ осы газет «Көксарай бізді көгерте ма?» деп сұрап, Сырдарияның бойында салынбақ Көксарай су реттегіші туралы мәселені тағы көтере отырып, «Болашақ діни тұғырда ма, тілдік тұғырда ма?» деген мақаласында «дін мен тілдің біртұтастығы – ұлт болашағы» деген тұжырым айтыпты. Осы газеттің «Әйелдер түрмесіндегі сан қилы тағдырлар» деген мақаласында Қазақстандағы әйелдер түрмесіндегі ахуал сөз бопты.

Бірқатар басылымдар Оңтүстік Қазақстандағы шегіртке шабуылы туралы жаза отырып, «Қырғызстанның оңтүстігіне шабуылдаған шегірткеге Қазақстанның еш қатысы жоқ» деген Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігінің ресми мәлімдемесін басыпты.

Бірқатар басылымдар кеше Павлодарда тал түсте, Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі атып өлтірілгені туралы жазыпты.

«Время» газеті «Клиент дырдай аттан гөрі ашықтықты көп бағалайды» деген мақаласында, кезінде даулы болған «Нұрбанктың» қазіргі басқарма бастығы Нұрмұхамед Бектемісовпен ауқымды сұхбатын басыпты. Онда «Нұрбанк» өте тамаша дамып келеді» деп айтылыпты.
XS
SM
MD
LG