Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.23.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі басылымдардың басты тақырыбы Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Қазақстанға жасаған ресми сапарына арналыпты. Барлық дерлік басылымдар Қазақстанда жанармайдың қымбаттауы мен жалпы қымбатшылық тақырыбын қозғапты. Бірқатар басылымдар президенттің бұрынғы күйеу баласы, шетелде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиевтың интернетте жарияланған соңғы мәлімдемесіне назар аударыпты.

Бүгінгі басылымдардың дені Ресей Президентінің тұңғыш сапарын Қазақстаннан бастағанына назар аударып, «Дмитрий Медведевтің алдындағы Ресей президенті Владимир Путин де солай етіп еді» деп қортындылапты.

Оппозициялық «Республика» апталығы бас тақырыбын «Бұрынғы күйеу бала тактикасын өзгертіп жатыр» деп атап, мақала авторы журналист Сергей Дуванов «бұрынғы күйеу бала Рахат Әлиев, енді президент маңайындағылар туралы компромат жариялауды қойып, тікелей президент Назарбаевтың өзіне шабуылға шықты. Өткен аптада ол интернет сайттарында «Сотта кездесерміз, президент мырза!» деп аталатын мәлімдемесін жариялап, Қазақстан билік басындағылар шетелдік мұнай компанияларынан пара алған деген күдікпен, АҚШ-та жүріп жатқан тергеуге байланысты, және осы іске байланысты алда АҚШ-та өтетін сотта куә ретінде қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Рахат Әлиевтың бұған дейінгі мәлімдемелері Астананы ымыраға шақырған саудаға, ойынға ұқсас еді, ал соңғы мәлімдемесі жаңа бір нышан аңғартқандай болды. Оның «сотта билік басындағылардың жемқорлығын дәлелдейтін бұлтартпас заттай айғақтар мен дәлел келтіре аламын» деуі бір нақтылықты аңғартқандай. Бірақ билік Рахаттың бұл мәлімдемесіне үнсіз қалды. Біз де үнсізбіз және біздің үнсіздігіміз азаматтық қорқақтығымыздан екенін мойындамау үшін басқа барлық желеу іздеп бағармыз. Егер бұл біздің төзімді дейтін менталитетіміз болса, онда ұлттық масқара дегеніміз не?» деп сұрапты мақала авторы Сергей Дуванов.

«Айқын» газетінің «Алаш идеяларын алға апара алдық па?» деген мақаласында «...ұлттың ары мен намысын, тәуелсіздігін, еркіндігін өз бастарының бақытынан, отбасының қызығынан жоғары қойған алаш азаматтары қазақтың да аспанына азаттық таңы атарына сенді, сол үшін құрбандыққа шалынып, жанпидалыққа барды. Ал бүгінгі оқығандар ел басына күн туса, етігімен су кешуге дайын ба? Ұлттың жоғын іздеуге жанын пида етпестей, бұрынғы ерден бүгінгінің несі артық? Беріден айтсақ, қазақтың қазіргі зиялысының көбі хадисте айтылатын «боқ шоқыған қарғаның» кейпінде. Себебі, бүгінгі білімпаз үшін ұлттық мүдденің жолында ғұмырын сарп еткеннен гөрі, кемді күн дүниенің қызығын көріп, нығметіне бөлену – басты бақыт. Өйткені қазіргі қоғамның ең жоғары құндылығы – байлық, дүние-мүлік. Өзі жинап бітірсе, баласына мал жинау керек. Және оны жақсы жерге жұмысқа орналастыруы шарт. Бүйтіп жүрген білім адамының билікке «мына жерің қате» деуге шамасы қайсы?» деп сұрапты.

«Республика» апталығы «Өзекті мәселе» айдарымен «Ресей мен Украинаға қарағанда «тәп-тәуір» Қазақстанда зейнетақы да төмен, азық-түлік те қымбат» дей келе, «кеденнен килосына 13 теңге бағамен өткен алма базарда 300 теңге» деп жазыпты.

Осыған орай «Айқын» газеті «Кеденнен шыққан арзан тауардың бағасы еселеп қымбаттауы сыбайлас жемқорлықтың көрінісі ме, әлде мұны реттейтін мемлекеттік тетіктің жоқтығының салдары ма?» деп сұрапты. Оған жауап бергендердің кейбіреуі: «Бұл арада базар бағасының өсуіне сыбайлас жемқорлық та, мемлекеттік реттеуші тетіктің жоқтығы да әсер етіп тұрғанын байқау қиын емес. ...Әділдік болмаған жерде баға да өседі, сыбайлас жемқорлық та өршиді, көлеңкелі экономика да жарыққа шықпайды. ...Билік партиясы жекелеген тұлғалармен емес тұтастай жүйеге жойқын соққы жасауы керек еді, әттең әзірге олай жасалынбай тұр» деп жауап берсе, кейбіреуі: «...бағаның қымбаттауының басты себебі – сұранысты ұсыныстың қанағаттандырмауы. Сондықтан да ел бюджетінде ұдайы аграрлық саланы дамытуға мол қаржы бөлініп келеді» дегендей жауап беріпті. Осы тақырыпты газет «Министр мемлекеттік тетікті білмей отыр ма?» деген мақаламен екшелепті. Онда автор: «Нарық халықты шынымен-ақ қыспағына алғандай. Осыны түсінгендіктен де болар, Үкімет бюджеттік міндетті төлемдерді (жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы) шамамен 14 пайызға өсіруге шешім қабылдады. Шыны керек, азық-түлік бағасының ай санап емес, күн санап өсе түсуі бұл көмекті де әсерлі етпейтін түрі бар. Ал мұғалімдер мен денсаулық сақтау қызметкерлері қазіргідей жалақыларымен күн көре алмайтындықтарын, сондықтан да парақорлыққа баратындықтарын жасырмай ашық айтып жатыр. Заңнан да, Алладан да қорқатын олар жоқ. Амал қанша, аштан өле алмайды ғой...» деп жазыпты.

Осы тақырыпты «Деловая неделя» апталығы «Бүгінгімізге шүкір» деген мақаламен жалғастырып, «зейнетақыға қосылған 600 теңге зейнеткерлердің жағдайын жақсарта қоймас, бірақ ол бағаның қымбаттауына септігін тигізеді» деген тұжырым айтыпты.

«Ана тілі» газеті «Абыржы» айдарымен «Қыс азығын жаз қамда» деген мақаласында «ашығын айтсақ, жағдай мәз емес» деп қортындылапты.

«Караван» апталығының осы тақырыптағы «Кері кеткен малшы» деген мақаласында «Қазақстан қазір толығымен сырттан әкелінетін етке, сүтке, ірімшік пен майға тәуелді» деп жаза отырып, соңғы екі жылда Еуродақ елдері, Ресей мен Қазақстандағы баға өсімін салыстырып, ең жоғарғы көрсеткіш Қазақстанда екенін жазыпты.
XS
SM
MD
LG