Accessibility links

Қазақстанда шариғат негізінде қызмет көрсететін банк ашылуы мүмкін


Қазақстанның «Қазына» тұрақты даму қоры және Таяу Шығыстағы ең ірі банктердің бірі «Qatar Islamic Bank» 100 миллион доллар қаржысы болатын біріккен исламдық қаржыландыру банкін ұйымдастырамыз деп отыр. Бұл туралы «Қазына» қоры хабарлады. Исламдық қаржыландырудың шариғат қағидаларына сай несиелерден пайыздық үстемақы алынбайды. Бірақ, ол үшін жергілікті заңдарға өзгерістер енгізу керек, дейді «Қазына» қорының өкілдері.

Қазақстандық «Қазына» қорының баспасөз хатшысы Шолпан Мұқашеваның хабарлауынша, Қазақстан делегациясы Мысырға барған кезде Қазақстандық «Қазына» қорының басқарма төрағасы Арман Дунаев және Таяу Шығыстағы ең ірі банктердің бірі Қатар исламдық банкінің өкілі Ахмад Мешари бастапқы кезде 100 миллион доллар қаржысы болатын біріккен банк құру жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Осы екі тарап біріккен банктің құрылтайшылары болады. Әрмен қарай банк капиталын ұлғайтып өзгеде халықаралық инвесторларды қатыстыру жоспарланып отыр. Осылайша Қазақстан Кеңес одағының бұрыңғы елдері ішінде тұңғышы болып Исламдық қаржыландыру құралдарын енгізеді, деп хабарланды. Қазақстандық Қазына қорының баспасөз хатшысы Шолпан Мұқашеваның хабарлауынша, Исламдық қаржыландыру шариғат қағидаларына негізделмек.

«Яғни, несие берген мекемеге берілген қарызынан пайыздық үстемақы алуына болмайды», - дейді ол.

Табыс табу үшін қаржы институты жобаның қатысушысы болу керек. Сонда ол кәсіпорынның тәуекелдерін де, табыстарын да толығымен бөліседі. Немесе саудаға қатысып, тауардың өзіндік құнымен сатылатын бағасынан табыс алады.

Сарапшылардың бағалауынша, исламдық қаржыландыруды әлем бойынша 500 қаржы институты жүргізеді, олардың жалпы активтері жарты триллион долларға бағаланады.

Алайда, Қазақстанда исламдық қаржыландыруды енгізу үшін ең әуелі жергілікті заңдарға өзгерістер енгізу керек болады.

«Әлбетте, ол үшін қаржы секторына қатысты тек бір заң ғана емес, бірнеше заңдарға өзгерістер енгізіледі», - дейді Қазақстандық «Қазына» қорының баспасөз хатшысы Шолпан Мұқашева.

Бірінші кезекте бұл салық кодексі, исламдық банк жұмысына қатысы болатын бухгалтерлік есеп жөніндегі нормативті-құқықтық актілерді өзгертіп, қаржы қадағалауына қатысты халықаралық стандарттардың енгізілуі деп хабарланады. Және Қазақстанның қаржы қадағалау агенттігі исламдық «Islamic Financial Services Board» комитетіне мүше болуы шарт.

Қазақстандық банкирлердің мәліметінше, жуырда жергілікті ұлттық банк пен қаржы қадағалау агенттігі осы аталған толықтырулырды дайындап парламентке беруге тиіс. Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың айтуынша, шетелдік қаржының мемлекеттік органға құйылатыны жақсы.

«Бірақ, банк жұмысының өзге заңдарға кесірін тигізбейтіндігін тексеру керек», - дейді депутат.

Қазақстанның экономистер қауымдастығының өкілі Арыстан Есентүгелов, жеке меншік секторды қалайды.

«Оның үстіне алдымен исламдық банк жұмысының нәтижесін зерттеп алу керек», - дейді ол.

Бұған дейін исламдық «Emirates Bank Group» банкі мен қазақстандық «БТА» банкі біріккен қаржы институтын құру жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Ал үкіметте өткен экономиканы жаңарту жөніндегі отырыста қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Серік Аханов қазір жағдай түзеліп келеді, себебі Италия мен Кореяның ірі инвесторлары Қазақстанның «АТФ» және «ЦентрКредит» банктеріне келіп жатыр, бұл жақсы деген еді.
XS
SM
MD
LG