Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.24.2008 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген газеттер Атырау облысында жұмысшылардың астан уланып қалғаны жайында жазыпты. Бірқатар басылымдарда, автокөлік жүргізушілерінің куәлігіне қосымша талондар беру ісіне, Алматы аймағында жойқын жер сілкіну қаупі бар ма деген болжам-жорамалдарға қатысты пікірлер беріліпті.

«Айқын» басылымы сенбілік санында, Атырау облысындағы Теңіз елді мекенінде тамақтан уланған жұмысшылар саны 225 адамға жеткенін хабарлапты. Ауруханаға жатқызылған 155 кісінің төртеуі ауыр халде. Газеттің жазуынша, алғашқы жүргізілген тексеру әлгі адамдар асханада жеген бұқтырылған еттен уланғанын анықтаған. Астан ұшынғандардың барлығы мұнайлы өлкеде газды тартып шығаратын зауыт құрылысын салып жатқан екі компанияның жұмысшылары екен. Жалпы, «Теңізшевройл» кәсіпорнына қарасты асханада мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен сиыр етінен жасалған ол тамақты ұзын саны 400-дей адам жеген көрінеді. «Уланғандардың жалпы саны мен арнайы құрылған мемлекеттік комиссия жүргізген тексерудің қортындысы алдағы аптада шығады» деп жазады «Айқын» басылымы.

Атыраудағы астан улану оқиғасы соңғы бір жылдан астам кезеңнің ішінде осымен екінші рет тіркеліп отыр. «Литер» газеті былтырғы жылы наурыз айының соңында осы аймақта жұмыс істеген түріктің «Гате Иншаат» құрылыс компаниясында жұмысшылар тағы да сондай еттен жасалған тамақтан уланғанын жазады. «Алайда сол жолғы оқиғадан тиісті қортынды жасалмағаны енді байқалып отыр. Әйтпесе, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қызмет денсаулыққа нұқсан тигізетін тағам жасалған қоғамдық тамақтану кәсіпорнының жұмысына тоқтау салған болар еді» деп жазады «Литер» басылымы.

Қазақстанда автокөлік жүргізушінің куәлігіне қоса талондар енгізу туралы үкімет бастамасы бұған дейін қоғамда қызу пікірталас туғызған болатын. Алғашқы жоспар бойынша, жаңа талондарды биылғы жылғы шілде айының 1-інен енгізу көзделгенімен енді бұл мерзім алдағы жылғы қаңтардың 1-іне дейін жылжитыны туралы Қазақстан жол полициясының бастығы Өмірзақ Түсімов ақпарат құралдары арқылы хабарлап отыр. Өйткені, бастапқы аталған мерзімге дейін барлық жүргізушілерге талон таратып үлгеруге мүмкіндіктің болмай отырғанын айтады Түсімов. Ол бұған осы талондарды дайындап беретін «Kazakhstan Processing Center» акционерлік қоғамын кінәлайды деп жазады «Время» газеті.

Ал бұл уақытта мамандығы заңгер Сергей Уткин есімді азамат әлгі талондарды енгізу туралы шараларды заңсыз деп тануды сұрап Алматы қаласының ішкі істер департаментін сотқа беріп жатқаны «Литер» газетінде айтылыпты. Уткин аталған талонды алу үшін азаматтарды 300 теңге ақша төлеуге мәжбүрлеу дұрыс емес деп санайды. Оның үстіне, Уткин неліктен талон жасау ісі нақты бір компанияға тапсырылғанына күмәнмен қарайды. Алайда, Жол полициясының бастығы Өмірзақ Түсімов талон жасауға тілек білдірген екі компанияның бірі өз еркімен ол жұмыстан бас тартқан соң, екіншісі үкіметпен келісімге отырып мойнына алған жұмысты атқарып шыққанын айтады. Сонымен бірге ол, әлгі компаниямен жасалған келісім-шарт бойынша, талондар азаматтарға тегін берілуі тиіс екенін айтып, бірақта оны тұрғындарға ақшаға таратқан заңсыз оқиғалардың болғанын мойындап, ондай әрекеттерге тоқтам жасалғанын хабарлапты. Ө.Түсімов бұл талондарды енгізу туралы үкімет қаулысы өзгертілмей, өз күшінде қалатынын атап айтқанын жазады «Литер» газеті.

«Время» басылымы мамырдың 24-інен 25-іне қараған түні Алматы аймағында қатты жер сілкінісі болады-мыс деген қауесет алматылықтардың абыржуын туғызғанын жазыпты. Осыған байланысты Алматыдағы сейсмология институтынан түсінік ала алмаған газет ондай зілзала болу мүмкін бе деген сауалды Қазақ ұлттық университетінің биофизика кафедрасының меңгерушісі Виктор Инюшинге қойыпты. Ол сенбіден жексенбіге қараған түні «жер сілкінісі бола қалған жағдайда оның күші 2-3 баллдан жоғары болмайтынын» айтыпты. «Ал мамырдың 27-30 аралығында кіндігі Алматыдан шамамен 16 шақырымдай жерде болуы мүмкін 6-7 баллдық жер сілкінісінің күші Алматыда 3-4 баллдан аспайды» деген болжам айтыпты маман «Время» газетіне.

«Айқын» газеті болса, Алматы қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет өкілдері Юрий Ильин мен Мұрат Жұматаевтың «жақын арада Алматы аймағында жойқын жер сілкінісі болмайды» деген сөздерін беріпті. Екеуі де зілзаланы алдын ала дәл болжау мамандар үшін де қиын екенін айтыпты.

«Экспресс К» газеті Алматыда жойқын зілзала болады-мыс деген қауесет ел арасын кезіп кеткеніне байланысты қала әкімшілігінің табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі департаменті ақпарат құралдарының басшыларына жұрттың әбігерін туғызатын өсек-аяңды таратуға жол бермеуді ескерткенін жазыпты. «Департмент зілзала болуы ықтимал туралы ресми ақпаратты беретін бірден бір орган – сейсмикалық қауіп және жер сілкінісінің алдын алу жөніндегі республикалық сарапшылар кеңесі ғана екенін еске салады» деп жазыпты «Экспресс К» басылымы.
XS
SM
MD
LG