Accessibility links

Алматыдағы баспана дауы өршіп барады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Мамырдың 26-сы күні Алматыда, құрылысы осыдан 2 жыл бұрын тоқтап қалған «Казтранскомсервис» компаниясының «Тристар» атты тұрғын үй кешенінің үлескерлері наразылық білдіріп, Алматы әкіміне хат жолдап өздеріне араша болуды сұрады. Үлескерлердің 18 млн. АҚШ долларын жинап алған «Казтранскомсервис» компаниясын банкрот деп тану жөнінде соттың шешімі шыққан. Егер сот шешімі күшіне енер болса қазірге жәбірленуші ретінде танылған 86 үлескердің 18 млн. доллар ақшасы далаға кетпек. Сондықтан үлескерлер компанияға алданып қалғандар далада қалмау үшін қалалық әкімшілік бар мүмкіндіктерді қарастырса деген өтініш айтады.

«Казтранскомсервис» компаниясы Алматының Самал-2 ықшам ауданынан элиталы 18 қабатты үй салып берем деп тұрғындардан 18 млн. АҚШ долларын жинап алған. Құжат бойынша Снегин мен Меңдібеков көшелерінің қиылысынан 18 қабатты «Тристар» тұрғын үй кешенін 2005 жылы бастап, 2007 жылы пәтердің кілті тұрғындардың қолына табысталуы тиіс болған. Алайда, тұрғын үйдің іргетасы қазылып, керегесі қалана бастаған 2006 жылы қала әкімшілігі Алматыда Әл-Фараби көшесінен жоғары көп қабатты үй салуға болмайды деп, 18 қабатты «Тристар» тұрғын үй құрылысын тоқтатып тастаған.

«Тристар» тұрғын үйінің кешені үлескерлерінің бірі зейнет жасындағы Надежда Каримова:

«Өмір бойы жиған-тергенімді екі бөлмелі элиталы пәтерге салғанымда осылайша барымнан айырылып қалам деп ойлаған жоқпын. Мен зейнет жасына жақындаған адаммын. Енді менде өзім армандаған пәтер үшін еңбектенуге, оған қаржы табуға күш-жігер де, өмір де қалған жоқ», - дейді.

«Тристар» тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтағаннан кейін үлескерлер қалалық әкімшілікке қайырылып, мәселені шешудің жолдарын қарастырып, нақты ұсыныспен шығыпты. Осы үлескерлер тобының адвокаты Ермек Тұрсағұлов:

«Әкімшіліктің бізге өздерің құрылысты аяқтату үшін инвестор табыңдар деген болатын. Біз ондай инвесторды таптық. Ол - оңтүстік корейлік «Шинханбанк». Біз олармен екі жақты кездесулер өткізіп бір келісімге келгендей болдық. Қазір корейліктер ойланып жатыр. Қазір бізде туындап отырған мәселе – осы өткен жұма күні қалалық әкімшілік «Тристар» тұрғын үй кешеніне тек 12 қабатты үй салынатындығы жөнінде айтып, инвесторларға бастапқы жобада бекітілген осы 18 қабатты үйді салуға рұқсат бермей отыр. Ал инвесторлар 12 қабатты үй салуға құлықты емес. Үлескерлерден 18 млн. АҚШ долларын жинап алған «Казтранскомсервис» компаниясының Центркредит банкі алдындағы қарызы 20 млн. долларды құраған. Банк бұл компанияны сотқа берген. Ал Алматы экономикалық соты «Казтранскомсервис» компаниясын банкорт деп тану жөнінде шешім шығарған. Соттың бұл шешімі әзірге күшіне енбеген. Егер соттың шешімі күшіне енер болса, онда үлескерлер далада қалғалы тұр», - дейді.

Сондықтан қалалық әкімшілік үлескерлердің жоғарыда айтылған ұсынысын қабылдап, өз азаматтарын қалада қалдырмаса екен дейді «Тристар» тұрғын үй кешенің үлескерлері.

Бұл уақытта Алматы қаласының әкімдігі құрылыс компанияларына 36 жер телімін бөлу туралы қаулының күшін жойды ұйғарып отыр. Оған құрылыс салушы компаниялардың аумақты босату жұмыстарына әлі кіріспегені және нысандарды құрғызуға ақша қаражаттарын салмағаны себеп болған. Олардың көпшілігіне жер телімдері Алматыға Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде берілген болатын.

Мамырдың 26-сы күні британдық «Дейли мейл» газеті ІІ Елизавета патшайымның ортаншы ұлы Герцог Эндрюдің өз меншігіндегі ауқымды жерді 15 миллион фунт стерлингке Қазақстанның бір кәсіпкеріне сатқаны туралы ақпарат жарық көрді. «The Sandy Times», «Дейли мейл» басылымдары «көптен бері алушысы табылмай келген қымбат жерді Иманғали Тасмағамбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышев сатып алды» деп жазды. Сол күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов шетел ақпарат құралдарында таратылған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып, «мұндай ақпаратты шетел басылымдары арандату үшін қасақана жариялады. Бұл саудаға менің отбасымның еш қатысы» жоқ деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG