Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.27.2008 жыл


Сейсенбі күнгі ресми басылымдар Қазақстан президенті мен басқа да лауазымды мемлекет басшыларының АҚШ Конгресінің Қазақстанға келген бірқатар мүшелерімен кездескені туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «менің ешқандай туыстарым шет елден тұрғын үй сатып алған жоқ» деген мәлімдемесіне назар аударыпты. Барлық дерлік басылымдар Қазақстан қыздар волейбол командасының тұңғыш рет Олипиадаға жолдама жеңіп алғаны туралы жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Есік қорғаны: бүгіні және ертеңі», «Берел бедерлері», «Аралтөбе мен Сарайшық сынды тарихи орындар әлі толық зерттеліп болған жоқ» деген топтамасында Қазақстандағы Сақ дәуіріне қатысты деп есептелінетін қорғандардың зерттелу дәрежесі мен бүгінгі ахуалына тоқталыпты.

«Айқын» газеті «Қазақстан энергетикасына көз сүзіп отыр» деген мақаласында «Кеше қос партия өкілдерінен тұратын АҚШ-тың бір топ конгрессмені Астанаға табан тіреді. Елбасымен, Мемлекеттік хатшымен және бірқатар лауазымды тұлғалармен жүздескен олар Қазақстанмен энергетика саласындағы байланысты тамырландырып, тереңдете түсуге мүдделі екендерін аңғартты» деп жазыпты.

Осы газеттің «Қазпошта» СССР-ді ұмыта алмай жүр» деген мақаласында «Қазақстан поштасының ресми бланктерінде неге бұдан 17 жыл бұрын тарап кеткен СССР гербі мен тек орысша жазылған КСРО байланыс министрлігінің деректері берілген?» деп сұрай келе, осыған байланысты «Ресми құжат бланкілерін екі тілде емес, тек қазақ тілінде шығару үшін арнайы бұйрық күту парыз ба, әлде бұл мекеме басшысының мемлекетшілдігіне байланысты ма?» деген көкейдегі сауалын қойыпты. Оған жауап бергендердің дені: «Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғаннан кейін барлық құжаттар, іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілуі керек. Бірақ Елбасының үш тілді білу туралы айтқан пікірін сылтауратып, кейбір азаматтармыз – өз мекемелерінде қазақ тілін босағадан сығалатып қойды. ...ресми құжат бланкілерін екі немесе үш тілде толтыру міндетті емес. Көп ұлтты мемлекетпіз, тек қана қазақ тілінде толтырсақ, адам құқы бұзылады дегенді ойлаудың да қажеті жоқ, ол үшін әр мекеме басшысының мемлекетшілдігі басым болуы керек» дегендей ой айтыпты.

«Жас алаш» газеті «Өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуім керек?» деген мақаласында, автор былай деп жазыпты: «Ислам Каримов Өзбекстан парламентінде «мен кеше Қазақстанда болдым. Көршімізді Қазақстан Республикасы деп айта алмаймын. Себебі, Қазақстанның жері, жерасты байлығының 75 пайызы өзге шетел азаматтарының қолына сатылып кеткен. Енді олар «қазақ» деген ұлтты құртып, «қазақстандық» деген ұлтпен паспорт бермекші. Өздері осындай жағдайда тұрып, маған «Орта Азия одағын құруға қолдау көрсет» дейді. Өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуім керек?!» деп айтқан сөзін естігенде өзімізге емес, өзге жұртқа масқара болғанымызды ұқтық» дейді мақала авторы.

«Казахстанская правда» газеті «Көшбасшы, стратег, реформатор» деген мақаласында Қазақстанның тұңғыш президентінің саяси келбетінің кейбір қырларын сомдапты.

Ал «Жас алаш» газеті «Батькаға» қазақтан гөрі казак қадірлі болып тұр» деген мақаласында, автор «Қазақстан казактарының атаманы Юрий Захаров жақында өткен казактар жиынында Қазақстан президентін атаман шенімен өз қатарларына алғанын және басқа ұлттан казактар қатарына адам алу тұңғыш оқиға екенін айта келіп, өз баяндамасында қандай елдің азаматы екенін ұмытып кеткендей «Ресейді нығайту керек!», «Православиені гүлдендіру керек!» дегендей ой атыпты» деп жазады.

Бірқатар басылымдар «Ұлыбританияның The Sandy Tіmes газеті «29 жасар қазақ кәсіпкері Кеңес Рақышев Йорк герцогының ханзадасы Эндрюден Ұлыбританиядағы Аскотқа жақын маңдағы үйін 15 миллион фунт стерлингке сатып алды» деп жазған мақаласына назар аударыпты.

Осыған байланысты «Айқын» газеті: «Осы мәлімет сайттарға түсе салысымен бұған дейін қарапайым көпшілікке аты беймәлімдеу болып келген Кеңес Рақышевтің кім екендігі жайлы да ақпарат тарай бастады. Қолға түскен мәліметке қарағанда, ол қазір энергетикалық компанияның басшысы. Әкесі Хамит Рақышев талай жылдар еліміздің сауда палатасын басқарған. Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы деген де мәлімет кездесті. ...Алайда Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов бірқатар шетелдік БАҚ, соның ішінде The Sandy Tіmes газетінде жарияланған оның отбасы мүшелерінің бірі Ұлыбританияда тұрғын үй меншігін сатып алғаны туралы мәліметті жоққа шығарды. Әкім кешегі ресми мәлімдемесінде бұл ақпаратты «арандатушылық мәлімет» деп бағалап, «өз отбасы мүшелерінің ешқайсысының бұл мәмілеге қатысы жоқ екендігін» атап көрсеткенін жазыпты.

«Время» газеті президенттің бұрынғы құдасы Мұхтар Әлиевтің «құзырлы органдарға қажет кезінде қайтып келемін» деп қолхат жазып, шет елге емделуге кеткені туралы жызыпты.
XS
SM
MD
LG