Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.28.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күнгі ресми басылымдар кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір топ депутатын қабылдағанына назар аударып, Астананың 10 жылдық мерейтойына орай “Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия доктринасы: Шығыс пен Батыстың үнқатысуы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өткені туралы жазыпты. Бірқатар газеттер «Астана – Үрімші» жолаушылар тасымалдайтын темір жол қатынасының ашылғаны туралы жазса, кейбір басылымдар алданған үлескерлер мәселесін екшелепті.

«Айқын» газеті «Ағылшын келіп, қазаққа «тіліңді үйрен» деп кетті» деген мақаласында: «Кеше Парламент алыс-жақын шетелдердегі аузы дуалы ғалымдар мен саясаткерлерді, сондай-ақ белгілі саяси сарапшыларды алдырып, «Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық доктринасы: Шығыс пен Батыстың сұхбаты» деген тақырыпта халықарлық ғылыми-практикалық конференция өткізді» дей келе, «АҚШ-тың Ішкі Азия мен Оралды зерттеу жөніндегі ұлттық ресурстық орталығының директоры Билл Фиерманның баяндамасын қазақ тілінде жасауы жұрт күтпеген оқиға болды. Жасы шамамен алпыстан асқан ол «Қазақ тілі және оның «Жаңа Қазақстандағы» рөлі тақырыбында» тұшымды дүниелер айтты» деп жазыпты.

«Литер» газеті осы конференция туралы: «Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев өз баяндамасында «Бүгінгі Қазақстанның қол жеткізгені, ол - тек президенттің еңбегі деген түйін жасады» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» осы тақырыпты «Көшбасшы көрегендігі - Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Еуразия интеграциясы туралы доктринасы осылай бағалануда» деген атпен ауқымды мақала бере отырып, «Азық-түлік бағасы ырық бермей кете ме?» деген топтама басыпты. Онда Оңтүстік Қазақстанда шабындығын шегіртке тып-типыл қылған елді мекендердегі малдардың арзан бағаға сатылып бара жатқаны туралы, астық мәселесі туралы сөз бопты.

«Литер» газеті астық тақырыбын «Өз қырманында...» деген мақаласымен жалғастырыпты. Онда «Кеше ауылшаруашылық министрі жиналған астық есебін алғанда жергілікті әкімдердің асыра көрсетіп жазуларына жол бермеу керек. Басқасын айтпағанда былтырғы «қыруар» астық жинадық дегеніміз ақиқатқа жанаспай тұрғандай» деп айтқаны туралы жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті философия ғылымдарынынң докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаевтың «Жаһандану және ұлт мәселесі» деген ауқымды мақаласында «Саяси ұлт және азаматтық ұлт», «Ұлт және ұлттық идея» ұғымдары төңірегінде өз ойларын білдіріпті.

«Литер» газеті «Өз бұрыштарымызға бөлініп кетейік» деген мақаласында «Жақында Ресейдің Азиялық бөлігінің мұсылмандары басшысы Нәпіқолла Әшіров «соңғы кездері Ресейде өршіп бара жатқан ксенофобиялық пиғылдан, яғни жат ұлттарды кемсіту, текпіршін көрсету пиғылынан қорғау үшін Ресей қалаларында тек мұсылмандар тұратын кварталдар салу қажеттігі» туралы идеясы қолдау таппады» деп жазыпты.

«Айқын» газеті «Патшаның уәдесін пақыры жоққа шығарды» деген мақаласында «Екі ел басшыларының келісіміне қарамай «Роскосмостың» (Ресейдің ғарыштық мекемесі) басшысы, Анатолий Перминовтың «Қазақстан ғарышкерлерін ұшырғысы келсе, Ресейден кеме сатып алсын. Немесе ақша төлеп, оларды халықаралық ғарыш стансасына коммерциялық негізде аттандырсын» деген мәлімдемесі аспаннан жай түсіргендей әсер қалдырды» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Түріктің соңғы сұлтаны» деген мақаласында «Тарихтың тегершігінде 7 ғасырға жуық уақытты, тура саны 658 жылды қамтыған Осман әулеті сұлтандарының шежіресінде 36-шы болып биліктің тізгінін қолға ұстаған Мехмед Вахидеддин, яғни Алтыншы Мехмед осы тақта артық-кемі жоқ 4 жыл 4 ай ғана мезгіл отырды» деп, осы Алтыншы Мехмед туралы жазыпты.

«Аргументы и Факты Казахстан» апталығы «Хан дядя Вася» деген мақаласында, «XV ғасырда Алтын Ордадан бөлінген Қырым хандығын Бақшасарайда билеген Сәлім Герейдің соңғы ұрпақтарынынң бірі, кезінде Ресейдің князі атанған, Василий Дмитриевич Селим – Гирей өмірінің соңғы күндерін Қазақстанның Көкшетау облысындағы Степняк қаласында өткізіп, осы қаланың құрметті азаматы атағын алған» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газетінің «Алдағы ғасырға рухы күшті халық қана жетеді» деген мақаласында Қазақстандағы діни сектанттар туралы сөз қозғапты.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы осы тақырыпты «Сектанттарға қалай қарсы тұруға болады. Құйтырқы дуалау» деген мақаламен жалғастырыпты.

Бірқатар басылымдар Алматыда алданған үлескерлердің мүддесін қорғайтын «Тұрғын үй үлескерлерінің ассоциациясы» құрылғаны туралы жазса, бірқатар басылымдар дәрігерлер мен мұғалімдердің мүдделерін қорғайтын «Мұғалім» атты қоғамдық бірлестік ресми тіркеуден өткені туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG