Accessibility links

Жүрек ақауымен туған 5 мың бөбек шұғыл операцияға мұқтаж

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Туа бітті жүрек ақауы бар 3 жасқа дейінгі балаларға Қазақстанда әлі күнге операция жасалмайды, ондайларды шетелге жіберу қымбатқа түсіп отыр. «Proсter&Gamble» компаниясының қолдауымен елде жүргізілген қайырымдылық шарасынан түскен қаржыға өткен жылы 10 баланың жүрегіне Мәскеудегі Бакулев атындағы жүрек-қан тамыры хирургиясы ғылыми орталығында операция жасалса, биылғы жылы тағы 10 балаға операция жасалмақ. Дәрігер-мамандар жыл сайын Қазақстанда осы сырқатпен дүниеге келетін 3000 жуық сәбидің барлығына бір жасқа дейін хирургиялық көмек көрсетілмесе, қайғылы жағдайға душар болуы мүмкін деп отыр.

1996 жылы Алматы облысының Кеген ауылында дүниеге келген Мәдина Мұқатай туа бітті жүрек ақауына шалдыққан балалардың бірі. Дәрігерлер оның жүрегінде үш түрлі жүрек ақауын анықтаған. Мамандардың бақылауында болған Мәдинаға былтырғы жылы Мәскеуде операция жасалды. Операциядан кейін денсаулығы айтарлықтай жақсарып қалған Мәдина дәрігерлерге алғысын білдірді.

«Мен бұрын жүгіре алмайтынмын, екінші қабатқа көтерілсем терлеп, тез шаршап қалатын едім. Қазір ондай емес. Терлемеймін. Маған көмек көрсеткен дәрігерлерге рахмет!», - дейді Мәдина.

Мәдинаның анасы Гүлбану да баласының қуанышын бөліседі.

«Төрт баланың ішінде осы Мәдина жүрек сырқатымен туды. Дәрігерлер Мәдина өскен сайын оның жүрегінде ақауының көбейгендігін айтып, оған жедел түрде операция жасауту керек деді. Алыстағы ауылда тұратын бізге дәрігерлердің өздері қол ұшын берді. Операцияны Мәскеуде жасаттық. Алдында бізге 14 жасқа дейін мүмкін тесік жабылып қалады деген болатын. Бірақ бізде, керісінше, ұлғая берді», - дейді Гүлбану.

Дәрігерлердің айтуынша, әлемде әрбір 100 сәбидің 1-еуі туа бітті жүрек сырқатымен туса, жыл сайын Қазақстанда 3000 мың сәби осы сырқатпен дүние есігін ашады екен.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар кардиоревматологі Болат Хабижанов:

«Осы балаларға бір жасқа дейін операция жасалмаса бұлардың жартысынан көбі жасқа жетпей шетінеп кетеді», - дейді.

Ал жалпы қазіргі таңда Қазақстанда жедел емдеуді қажет 5 мың сәби бар. Оларға да 3 немесе 5 жасқа дейін оперция жасалуы керек. Мамандар сырқат санының көптігінен мемлекет бұл проблеманы шеше алмай отыр дейді. Оның себебі, біріншіден, сырқатқа жасалатын операцияның бағасы аурудың дейгейіне байланысты 5 мыңнан 10 мың АҚШ доллары көлемінде тұрса, екіншіден, Қазақстанда 5 жасқа дейінгі нәрестелердің жүрегіне операция жасалмайды.

Соңғы үш жылда мемлекет бұл проблемаларға баса назар аудара бастаған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі елде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтерді дамыту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.

Осы жылдан бастап Астана, Алматы және Павлодарда заманауи кардиохирургиялық орталықтардың жобасын жасау мен құрылыс жұмыстары қолға алынған. Қазір Алматы қаласында іргетасы қаланған 150 орындық аурухана 2009 жылы пайдалануға берілмек.

Жалпы, дәрігер мамандар туа бітті жүрек сырқатының бүгінгі күні 200-ге жуық түрі анықталған дейді. Ал «Proсter&Gamble» компаниясының қолдауымен өтіп жатқан қайырымдылық шарасы биыл екінші жыл жалғасын тауып отыр. Бұл қайырымдылық шарасының бірінші кезеңінде 12 жасқа дейінгі 10 баланың жүрегіне Мәскеуде операция жасалса, биыл тағы 10 балаға операция жасалмақшы.

Сондықтан, дәрігер мамандар жүрегінде жылуы бар кез-келген азамат «Proсter&Gamble» компаниясының бастамасына қолдау білдірсе, дейді.
XS
SM
MD
LG