Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.29.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Бейсенбі күнгі басылымдар нақтыланған бюджетті мәжіліс депутаттары қолдағаны туралы жазып, Қазақстанда мамырдың 31 күні аталып өтілетін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» баса назар аударыпты. Оппозициялық басылымдар ел президентінің бұрынғы құдасы Мұхтар Әлиевтың шетелге емделуге кеткені мен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың үлкен күйеу баласы делініп жүрген Кеңес Рақышев деген Қазақстан азаматының Ұлыбритания ханзадасынынң зәулім сарайын 15 миллион фунт стерлингке сатып алғаны туралы ақпарат жайында жазыпты.

«Тасжарған» апталығы бас мақаласында Қазақстан президентінің бұрынғы құдасы «Мұхтар Әлиевке шет елге кетуге кім рұқсат берді?» деп сұрапты. Мақалада, Венадан Алматыға президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев арнайы жалдаған ұшаққа Мұхтар Әлиев қалай отырып, шұғыл түрде кері ұшып кеткені туралы айта келіп, «Нұрбанк» ісіне байланысты үйінен заттай кейбір айғақтар табылуы себепті «сыртқа кетпеу» туралы қолхатпен отырған оны билік қалайша шет елге жіберді?» деп сұрап, «оған үш себеп болуы мүмкін» депті. Біріншісі – Қазақстанда әртүрлі қылмыспен айыпталып, барлығы 40 жылға сырттай сотталып, шет елде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиев соңғы кездері шет елдік интернет сайттарда Қазақстан билік басындағылардың жемқорлығы жайлы, шет елдік банктерге кім, қашан, қанша ақша аударғаны туралы нақты шоттарды келтіре отырып, әшкерелеу мақалаларын көптеп жариялап, және Қазақстан билік басындағылардың жемқорлығы жайлы АҚШ-та болатын «Қазақгейт» сот ісінде «куә ретінде сөйлеймін» деп мәлімдегенінен Астана сескеніп қалған болуы мүмкін. Екіншіден - Мұхтар Әлиевтың денсаулығына араша түсіп, президентке ашық хат жазған бірқатар зиялы қауым өкілдерінің өтініші ескерілген болуы мүмкін. Үшіншіден – шынымен Мұхтар Әлиевтың денсаулығы шет елде жүрегіне операция жасауды талап етуі мүмкін» дейді мақала авторы.

Бірқатар басылымдар Рахат Әлиевтың бұрынғы әріптесі «Қазтелерадионың» бұрынғы басшысы Мұрат Жүсіпов еш айып тағылусыз Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан тұтқындалды деп хабарлап, «Қазтелерадионы» Мұрат Жүсіпов басқарып тұрған кезде, оның 40 пайыз акциясы Рахат Әлиевке тиесілі болған» деп жазыпты.

«Тасжарған» апталығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нармамбетовтен сұхбат алыпты. Ол «Президенттің жанында Рахат Әлиевтің жоспарын білген адамдар болған» деген ой айтып, Астана неге шет елде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевтан сескенетіні туралы өз болжамдарын айтыпты.

Осы апталықта тарихшы-ғалым Талас Омарбеков «Отызыншы жылдардың ақиқаты әлі күнге айтылған жоқ» деген мақаласында «Біздің биліктің басында бұрынғы коммунистік партияның қалдықтары отыр. Сондықтан да олар совет үкіметінің қазақты қырған , қуған саясатын ашық айтуға құлықты немесе мүдделі емес. …Бізден басқа көрші республикалардың барлығы сол жылдары құбан болған арыстарын жоқтап, атын ұлықтап алғаны рас. …Ал бізде бұл процесс енді 50-60 жылдан кейін ғана болатын шығар. …Біздің билік 1930-1933 жылдарғы қолдан жасалған ашаршылықтан өлгендер мен 1937-1938 жылдарғы саяси қуғын-сүргін құбандарын жалпылай «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп былықтырып атап кетті. Менің ішімнің ашитыны осы ғой. Ол екеуі – мүлде екі басқа тарих» деп айтыпты.

Осы апталықтың тағы бір «Қазақтың ақырзаманы» деген мақаласында автор «сол бір ашаршылық кездері қазақтың 48 пайызы қырылмағанда қазіргі саны 30-40 миллион халық болар еді» деп, өз ойын растайтын қызықты тарихи дерекнамалардан үзінді келтіріпті.

Бұл тақырыпты «Айқын апта» газеті «Қазақ халқына жасалған геноцид өз атымен аталуы тиіс», «Ұлт тарихындағы ұлы апат, оны әлемге ұқтыруға билік неге құлықсыз?», «Ашаршылық ақиқаты» деген мақалалармен жалғастырыпты. Онда «ашаршылық пен қуғын-сүргін үшін Мәскеу кешірім сұрасын» деген ой атылыпты.

Осы мәселеге арнап «Ана тілі» газеті «Қорғасынды 37» айдарымен топтама беріпті. «Қазақстан ZAMAN» апталығы да «ХХ ғасырда орыс империясы жасаған қанды нәубеттерді, зұлматтарды, қырғындарды ұмытуға қақың жоқ, Алашым!» деген мақаласын осы мәселеге арнап, 1901 жылдарғы қарашекпендерден бастап, 1989-1990 жылдарғы Жаңаөзен көтерілісшілерінің қырғынға ұшырағаны туралы деректер беріпті.

«Тасжарған» апталығының «Мұнай мен газ тұрғанда, АЭС бізге не керек?» деген мақаласында Ақтау қаласының тұрғыны «…АЭС-те жазатайым апат боп жатса, Маңғыстау жұртшылығы құрбандыққа кете берсін дегені шығар» деп, салынбақ боп жатқан АЭС-ке байланысты алаңдаушылық білдіріпті.

Ал «Экспресс К» газеті «Маңқыстаулықтарда радиофобияның ұстамасы ұстап жатыр» деген мақаламен жауап бергендей бопты.

Бірқатар басылымдар «Бюджет-2008»-дің нақтыланып, әлеуметтік салаға төлемақылар көбейтілгені туралы жазса, «Тасжарған» апталығы «бұл жаңа сайлаудың жақындағанын аңғартады» деген болжам айтыпты.
XS
SM
MD
LG