Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.30.2008 жыл


Жұма күнгі газеттер басты назарын үстіміздегі жылдың бюджетіне енгізілген түзетулерге аударыпты. Кейбір басылымдар Қазақстанның Алматы облысының Алакөл ауданында ондаған бала энтеровирус жұқпалы кеселінің белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны туралы жазса, бірқатар газеттер алданған үлескерлер мен тоқтап қалған құрылыс тақырыбын одан әрі жалғастырыпты. Апталық басылымдар Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың үлкен күйеу баласы Кеңес Рақышевқа қатысты шетелдік баспасөзде жарияланған ақпаратты екшелепті.

Жұма күнгі бірқатар апталық басылымдар нәубет тақырыбы мен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «менің туыстарымның Ұлыбританиядан 15 миллион фунт стерлингке қазақстандық азамат зәулім тұрғын үй сатып алды деген ақпаратқа ешқандай қатысы жоқ. Ол әдейі таратылған арандатушы ақпарат» деген мәлімдемесі туралы тақырыпты екшелепті.

«Алма-Ата инфо» апталығы «Әкім Тасмағамбетов ашулануда...» деген мақаласында Тасмағамбетовтың үлкен күйеу баласы Кеңес Рақышев басқаратын, 2000 жылы Атырауда құрылған, мұнайхимия мәселесімен айналысатын АО «SAT&Company” деп аталатын компанияның жылдық табысы 500 миллион АҚШ доллары көлемінде екені туралы деректер беріпті.

Ал «Республика» апталығы «Барлық күзірлер - президент ісін басқарушы Болат Өтемұратовтың қолында» деген мақаласында, «Астана әкіміне ақпараттық шабуыл ұйымдастырушылар, екі саясаткер-достар деген қауесет бар» деген болжам айта отырып, жоғарғы лауазымды екі саясаткердің есімдерін атапты. Осы апталықтың «Бәсекелеске тапсырыс беріп пе едіңіз?» деген мақаласында саясаткер Досым Сәтпаев «2012 жыл жақындаған сайын №1 орынға үміткерлерді «қағып тастау» жиілей бермек» деген ой айтыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті биылғы бюджеттің қайта қаралғанына орай мақаласын «Берекелі бюджеттің берері» айдарымен «Әлемдік дүрбелеңдегі тұрақтылық аралы» деп атап, онда әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының артылғаны туралы айтыпты.

«Бизнес және билік» апталығына берген сұхбатында Еуропалық қайта құру және даму банкінің директоры Оливье Декамп: «Бағаны тұрақтандыру тетігі жұмыс істемей жатыр» деген ой айтыпты.

«Республика» апталығының қымбатшылық тақырыбында жазылған «Дағдарыс әр адамның басында басталады» деген мақаласында, «Қазақстан билік басындағылар өмірге, сағатына 160 километр жылдамдықпен бара жатқан аутокөлік терезесінен қарайтын сияқты әсер қалады» депті. Газет «дағдарыс туралы билік пен қарапайым халықтың көзқарастары екі түрлі» дей келіп, «негізгі дағдарыс билік басында» деген ой айтыпты.

«Жас қазақ» апталығының «нәубет» айдарымен берілген «Сай-сүйегіңді сырқыратар сайт» деген мақаласында, қазақша www.naubet.ucoz.kz деп аталатын жаңа сайт ашылғаны туралы және онда ашаршылық жылдары қырылған қазақтар жайлы тың деректер келтірілгені туралы айтыпты. Осы апталықтың «Этносфера» айдарымен басылған «Қалың ұйқының құшағындағы қазақ шым-шытырық түс көріп жатыр» деген мақаласында «ресми билік ұлттың қасыретті тарихи беттеріне жіті мән бермей, кейде көпшілік 31 мамыр қуғын-сүргін құбандарын еске алу күнін, қазақ тарихының қаралы беті деп емес, думандататын, яки демалатын күн ретінде қабылдайтын болды» деп жазыпты.

«Central Asia Monitor» апталығы кезінде «Атамекен» атты партиясын тіркете алмай, ақыры шет елге кетіп қалған Ержан Досмұхамедовтан ауқымды сұхбат алып басыпты. Онда ол «Біреулер жоспарланбаған жаңа құрылған партияға бұғау салғысы келді. Мен ұзақ уақыт сол кездегі ақпарат министрі Ертісбаевпен, басқа да адамдармен әңгімелестім. Олар президентке адалдығым туралы ант сұрап, қолхат жазуымды, партияда теңтөрағалық енгізуімді талап етті. Бірақ мен олардың бәрін қабылдамадым. Одан соң маған «кешқұрым үй тасасында сақ болуымды» ескерткен «достық» кеңестер де болды. Содан міне, шет елден бірақ шықтым» депті.

«Айқын» газеті парламент сенатының депутаты Өмірбек Байгелдімен ауқымды сұхбатын басыпты. Мақалада сенатор елдегі жемқорлықтың бір себебін адамдардың дүниетаным ауытқуымен түсіндіріп: «Бізде сенім шатасқан. Егер біз Жаратушы иемізге сеніп, бір Құдіреттің «тәртібімен» жүрсек, онда ешкім ала жіпті аттамаған болар еді, біреудің дүниесіне тимес еді» дей келе, парламентте қаралып жатқан заңдар туралы: «Егер екі әйел алу туралы заң шықса, еліміздегі еркектердің тек 5 пайызы ғана алуы мүмкін» деген болжам айтыпты.

«Литер» газеті «Алматыдағы үйлері бұзылуы тиіс оншақты тұрғынның аштық жариялап жатқанына екі апта болса да билік мардымды шешім қабылдамай отыр» деп жазыпты.

«Деловая неделя» апталығы «Алматы мен Астанада 34 құрылыс нысандары басшылары сотқа тартылып, не ол құрылыс компаниялары банкрот деп жариялануды қажет етіп тұр» депті.

Кейбір басылымдар Екібастұздың бұрынғы әкімінің атып өлтірілуіне қатысты дерек беріп, көмек көрсеткендерге 1 миллион теңге сыйақы тағайындалғаны туралы жазса, бірқатар газеттер Алматыда болуы мүмкін жер сілкінісі тақырыбын екшелепті.
XS
SM
MD
LG