Accessibility links

Қазақстан электр энергиясының дағдарысына тап болуы мүмкін


2015 жылға қарай Қазақстанда 1 Квт электр энергиясының бағасы 15 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Энергетик мамандар жақын болашақта Қазақстан электр қуатынан тапшылық көру қаупі бар, оған қоса тұтынушылардың электр қуатын үнемдеуге салғырт қарауы да жағдайды күрделендіріп отыр дейді. 2000 жылдан бері электр қуатын пайдалану жылына 5-6 процентке артып отырған Қазақстанда қазір қондырғы мен тетіктердің тозығы жеткен. Мамандардың есебі бойынша, қолданыстағы электр станциялары тек 2009 жылға дейін электр қуатын өндіре алады.

Қызылорда аймақтық электрожүйелік компаниясы акционерлік қоғамының төрағасы Жомарт Күшербаев, бұған дейін электр қуатын тұтыну мәселесінде өзін біршама қамсыз сезініп келген Қазақстан қазір бұл салада жағдай күрделеніп бара жатқанын айтады.

- Проблема өте көп. Айналып келгенде, бәрі қаржыға келіп тіреліп тұр. Ал қаржы мәселесін шешу үшін тарифті көтеру керек, онсыз проблеманы шешу мүмкін емес. 2015 жылы 1 Квт электр қуатының бағасы 15 теңге болады. Сол кезде ғана қаржы беретін банктер болашақ ақшаның қайтарылу көзін көреді. Инвесторларды да тартудың сәті сол кезде түседі, - дейді Ж.Күшербаев.

Энергетиктер Қазақстанда электр қуатының тарифі өте төмен екендігін айтады. Арзан тариф халықтың осы қуат түріне үнеммен қарауын ынталандырмайды дейді Қазақэлектростанция жөніндегі жобалау ғылыми-зерттеу орталығының президенті Георгий Акопянц:

- 90 жылдары Қазақстанда 100 миллиард киловат-сағат электр қуаты тұтынылатын. Одан кейінгі жылдары біз Кеңес кезінде жиналған артық энергия көзін пайдаландық. Соңғы 2-3 жылда энергия көзіне деген тапшылықты сезініп жатырмыз. Оның себебі, электр қуатын оңды-солды пайдаланғанның кесірі. Бұл салада, әсіресе оңтүстік өңірде жаңа станциялар қажет. Мәселен, қазір Қытай компаниясымен бірігіп Мойнақ электростанциясы жасалынып жатыр. Ал Балқаш станциясы Оңтүстік пен Орталық Қазақстанды энергиямен қамтамасыз етсе, Батыс Қазақстан энергия көзін Ресейден алып отыр.

Мамандар таяудағы болашақтың міндеттері үшін электр қуатын үнемдеу мәселесі өте өткір сипат алатынын айтады.

«Самрұқ» мемлекеттік холдингінің электр энергетика активтерінің басқарма директоры Әскербек Досайұлы, Қазақстандағы электр қуатының қазіргі жағдайын сын көтермейтін күйде деп сипаттайды:

- Қазақстандағы электр қуатының жүйесі оңтүстік және солтүстік облыстарда орнатылған. Ал батыспен байланыс жоқ. Неге десеңіз, электр жүйесінің бәрі кеңес кезінде салынғандықтан, электр көздерінің көбі солтүстік өңірде. Ол көмірдің арзан болуымен байланысты. Керісінше, оңтүстікте ондай ресурстар аз болғандықтан да, ол аймақтағы жағдай қиын. Алайда, шығыс аймақта электр энергиясы жеткілікті. Онда үш су электр станциясы орналасқан.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, электр қуатын үнемдеумен қатар, оны тиімді пайдалануға көбірек көңіл бөлінуі керек:

- Тарифті бірден емес, біртіндеп көтеру керек. Себебі, болашақта халыққа жарық пен жылу жетпеу қаупі бар. Кейін жылусыз, жарықсыз қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, халыққа жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, бағаның көтерілуі туралы жиірек айта беру керек. Мүмкін сол кезде халық үнемдеудің жолын, ал кәсіпорындар аз электр қуатын жұмсайтын жаңа технологияларды қарастыратын шығар.

«ЭнергоАлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кенжемұрат Дүкенбайұлы электр қуатын өндірудің дәстүрлі жолдарынан өзге түрлерін қарастыруды ұсынады.

- Көмір, газ, мұнайдың да таусылатын кезі болады. Сондықтан, жергілікті жерлерде электр энергиясы станцияларын көптеп сала отырып, оған суды, қиды, шөпті пайдалану керек. Соның нәтижесінде ауылдағы жұмыссыздыққа тосқауыл болып, энергия қуатына деген тарифтің қымбаттауын тоқтатады. Бұл мәселені іске асырмасақ, жарықтың бағасы шарықтай береді, - дейді ол.

2005 жылы Қазақстанда 68,13 миллиард киловатт-сағат электр қуаты тұтынылса, 2006 жылы бұл көрсеткіш 71,7 миллиард, былтырғы жылы 76,4 миллиардқа жеткен. Егер осы қарқын сақтала беретін болса, Қазақстанға 2010 жылы 95 миллиард, ал 2015 жылы 117 миллиард киловатт-сағат электр қуаты қажет болады екен. Ал елдегі қолданыстағы электр қуатын өндіретін кәсіпорындардың ондай көлемдегі қажеттілікті өтеуге шамасы жетпейді дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG