Accessibility links

Рахаттың үзеңгілестері неге тұтқындалуда?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстанда мамыр айының соңында бұрынғы Әділет вице-министрі Серік Нұғмановты Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұтқынға алғаны туралы ақпаратты Рахат Әлиевке бүйрегі бұрады делініп жүрген «Тәуелсіз зерттеулер агенттігі» деп аталатын агенттік хабарлады. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растаған да, жоққа да шығарған жоқ.

Аталмыш агенттік мұндай оқиғаның 29 мамырда орын алғандығын жариялап, Рахат Әлиевтің достары деп тұтқындалған адамдар саны оншақты екендігін, олардың ішінде «Қазтелерадио» компаниясының бұрынғы директоры Мұрат Жүсіповтың да бар екендігін айтқан. Алайда бұл ақпарат қаншалықты рас?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаментіне хабарласқанымызда, олардың баспасөз қызметі бұл туралы мәлімет жоқ екендігін айтып, Астанаға сілтеді. Ал, Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаровтың жауабы төмендегідей болды:

«Мен естіп жатырмын, осындай болып жатыр, бірақ мен қазір сізге қандай-да түсініктеме бере алмаймын. Мен оны тергеушілерден сұрап біліп, содан соң сізбен байланысайын».

Бірақ, Бекназаров мырзадан уәделі мерзімінде жауап болмады. Сөйтіп, қамауға алынғандарға қандай айып тағылғандығы әзірше белгісіз. Өткен аптада Мұрат Жүсіповтің қамауға алынғаны туралы қазақстандық басылымдар жазған еді. Қамауға алынғандардың бірі Серік Нұғманов президенттің үлкен қызы басқарған «Асар» партиясының төраға орынбасары, әділет вице-министрі, Алматы салық полициясының басшысы, Республикалық салық полициясы агенттігі бастығының орынбасары қызметін атқарған, «Қорғас» кеден бекетін бақылаған. Кеденшілер мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасындағы жанжалдан соң «КТК» телеарнасына заңгер боп кеткен.

Айдос Сарым, саяси сарапшы:

«Кезінде Рахатпен бірге немесе оның қарамағында істеген адамдардың артына түсіп оларды қудалап жатқаны анық. Оның екі себебі бар сияқты. Біріншіден – мемлекеттік қызметтен немесе басқа жұмыстан болса да Рахатпен бірге істеген адамдарды шеттету. Екіншіден –жауапқа тарту немесе олардан белгілі бір ақпаратты алу арқылы Рахаттың өзін қоғамдық пікірде болсын, заң жүзінде болсын қаралау деп есептеуге болады».

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

«Қазір қамауға алынып жатқан адамдар аз болса да Рахат Әлиевті әшкерелей түсетін мәліметтерді білуі мүмкін. Ол мәліметтер Қазақстанға алдағы уақытта Австриядан Рахат Әлиевты тағы сұратқанда керек деректер бола алады».
XS
SM
MD
LG