Accessibility links

Темір жолдағы жемқорлық туралы тағы бір дау шықты

  • Нәйла СҰЛТАН

«Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының Алматы бөлімшесіне қарасты Медеу темір жол стансасының бастығы Бекет Жомартов, бөлімше директоры Серікбай Ағментаевты өз қарамағындағылардан міндеттеп ақша жинады деп мәлімдеме жасады. Ал бұны өзіне тағылған жала деген Ағментаев енді Жомартов пен оның мәлімдемесі шыққан газетті сотқа тартатынын айтады.

Медеу темір жол стансасының бастығы Бекет Жомартов, «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы бөлімшесінің бастығы Серікбай Ағментаевты өткен жылы қыркүйектің 13-сі мен 14-і аралығында темір жол бекеттерінің басшыларынан ақша жинап алды деп кінәлап отыр:

- Мен, басшылықтың тапсырысы бойынша, 60 мың теңгені айлығымнан ұстап қалуы үшін арыз жаздым. Астында аты-жөнім, қойылған қолым тұр. Ал мынау сол ақшаны айқындайтын төлемді ақпар-тізім. Бірақ онда қойылған қол менікі емес. Ол ақшаны не үшін, қандай мақсатпен алғандығын бізге Ағментаев мырза ескертпеді. Станса басшыларынан ұсталған ақшаны есептесек, 2 миллион теңгедей болады екен.

Бекет Жомартов өз сөзінде 23 темір жол бекеттері басшыларының ақша бергендіктерін айғақтайтын арыздарының бар екендігін айтып отыр:

- Талдықорған темір жол бекетінің бастығы факс арқылы бізге Серікбай мырзаның 20 мың теңге алғандығын растайтын құжатты жіберді. Ол құжатқа біреу түзету енгізіп, 20-ның алдына 1 деген санды қойып, нәтижесінде айлығынан 120 мың теңге ұсталынған. Ал Ақсеңгір стансасының бастығы Есілбаевтан 60 мың теңге алыныпты. Мен ол кісімен сөйлескенімде оның аталмыш ақшаны алу туралы ешбір құжатқа қол қоймағандығын естідім. Сондай-ақ Бұрындай бекетінің бастығы Дүзелбаев мырзадан 30 мың теңге, оның орынбасары Абдрахман Жарылқаповтан да осы көлемде ақша ұсталған.

Бекет Жомартов, осы айтылған жайт туралы өз білгенін баяндап қаржы полициясына жолдаған хатына әзірше еш жауап болмағанын айтады. Былтырғы жылдың 25 қыркүйегінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық қомпаниясының сол кездегі президенті Жақсыбек Құлекеев Серікбай Ағментаевты бөлімше бастығы қызметінен босатқан. Алайда, биыл көктемде, 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған деген күдікпен Құлекеев тұтқындалған соң, оның орнына ұлттық компанияға жаңадан президент болып тағайындалған Асқар Мамин, 12-ші мамыр күні Серікбай Ағментаевты бұрынғы қызметіне қайта қойды.

«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы Алматы бөлімшесінің бастығы Серікбай Ағментаев, станса бастығы Бекет Жомартовтың жоғарыдағы мәлімдемесін жоққа шығарып, оны өзіне жабылған жала деп қабылдайды.

- Ешқашан да қарамағымдағы қызметкерлермен ақша туралы әңгіме жасаған емеспін. Тіпті, 60 мың, 120 мың теңге алу ұят. Ол менің қызметім мен жағдайыма мүлдем сәйкес келмейді. Мен қызметкерлерден ақша алғанша, жер басып жүрмей қалғаным артық емес пе? 40 жылғы өмірім темір жолда өтті, оның 20 жылы басшылылық қызметте. Менің арым мен ұятым мұндай былықтан жоғары, - дейді Серікбай Ағментаев.

Ол 23 темір жол бекеттері басшыларының қолы қойылған құжатты көрсетті. Онда бекет басшылары Алматы бөлімшесінің бастығы Серікбай Ағментаевқа ешқандай ақша бермегендігі туралы жазылған. Сондай-ақ бөлімше бастығы, жуық арада Бекет Жомартовты және «Время» газетін сотқа бермек. Осы газеттің мамырдың 31-і күнгі санында Жомартовтың сұхбаты «Железный безпредел» деген тақырыппен жарық көрген еді:

- Маған жала жапқаны үшін Бекет Жомартовты және «Время» газетін сотқа беремін. Құжат жүзінде бәрін реттеймін. Бұл маған қарсы қасақана жасалынып отырған бәлеқорлық.

Бекет Жомартов болса, Серікбай Ағментаевтың қызметтен кетуін талап етіп отыр:

- Егерде бұл мәселе қолға алынып, Серікбай Ағментаев қызметтен аластатылмаса, мен мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа және «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминге қайтадан хат жолдаймын. Мынандай сұмдықты көріп, біліп отырып шара қолданбай отырғандарға таңым бар.

«Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы бөлімшесіне қарасты 55 темір жол стансасы мен 46 разъезде жиыны 1995 адам қызмет етеді. Олардың арасында 40 адам - темір жол стансасы басшылары.
XS
SM
MD
LG