Accessibility links

Сейсенбі күні түстен кейін Алматыда бір топ қазақ кәсіпкерлері Ташкент қаласындағы кондитерлік фабрикаларының қиратылғандығын айтып, мәлімдеме жасады.

Олардың айтуынша, 21 мамыр күні Өзбекстан астанасындағы «Уртоқ» кондитерлік фабрикасын өзбек билігі қирата бастаған. Фабриканы осыдан үш жыл бұрын, нақтырақ айтатын болсақ, 2005 жылы Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын ең ірі компаниялардың бірі «Kazexim group» ЖШС-і сатып алған көрінеді.

Тоқсаныншы жылдары посткеңестік елдердегі жаппай инфляция Өзбекстанды да айналып өткен жоқ. Сол уақытта қазақстандық кәсіпкерлер сатып алған «Уртоқ» кондитерлік фабрикасы да банкротқа ұшырап, өз жұмыс тоқтауға мәжбүр болыпты. Фабрика 1994 жылы жекешелендірілсе де, 2005 жылға дейін оны қайта жұмыс істетуге ешкімнің шамасы жетпепті.

Сонымен, 9 жыл бойы тоқтап тұрған фабриканы «Kazexim group» ЖШС-нің қарамағына жататын «KEI INVEST» компаниясы 6,5 миллион АҚШ долларына сатып алып, оның жұмысын қайта жандандырған көрінеді. Дегенмен, қазақстандық кәсіпкерлер сатып алғанға дейін, фабриканың құрал-жабдықтарымен қоса, ішіндегі түрлі-түсті металдарына шейін тоналып, оның құр қаңқасы қалыпты. «KEI INVEST» компаниясы ұзақ уақыт жұмыс істемеген фабрикаға 1,5 миллион доллар инвестиция салып, сондай-ақ олардың басшылығы дайындаған бизнес жоспарына қазақстандық «ТұранӘлемБанкі» де 17,9 миллион доллар қаржы бөлуге келісім берген екен.

Ерлан Иембердиев, «Кazexim group» ЖШС-нің бас директоры:

«Біз салыққа, еңбекақыға байланысты барлық қарыздарды жауып, кәсіпорынның іші-сыртын тазалап, оны күрделі жөндеуден өткіздік. Тіпті, бүгінгі күнге дейін біздің ешқандай қарызымыз да болған жоқ. Біз фабриканың жұмысын жандандыруға дайындалып жатқанымызда, кәсіпорын орналасқан территорияны бұзады деген сыбысты естідік. Содан соң, Ташкент қаласының әкімшілігіне бүкіл мән-жайды білмек болып хат жаздық. Олардың бізге қайтарған жауабында «Уртоқ» фабрикасы орналасқан территорияның бұзылуға жоспарланбағандығы айтылыпты. Алайда, 4 сәуір күні Өзбекстанның Мемлекеттік меншік комитеті «Уртоқ» фабрикасын мемлекеттік үлесті қайтартуға байланысты сотқа берді. Бірақ, сот олардың арыздарын қабылдаған жоқ. Солай бола тұрса да, 21 мамыр күні фабриканы премьер министр мен бірқатар министрлер аралаған соң, қалалық әкімшілік 1994 жылы жеке меншікке өткен «Уртоқтың» жекешелендіру туралы шешімін жоққа шығару туралы сотқа арызданды. Өзбекстан жағының мұндай шешімге баруына фабрика орналасқан территориядағы өсіп тұрған талдар мен асфальт жолдың жекешелендіру туралы құжатқа енгізілмегені негіз болған».

Қазақстандық кәсіпкерлер жұмысы қайта жандана бастаған фабриканы бұзу туралы шешім шығып, жартысынан астамының қиратылғандығын айтып отыр. Сондай-ақ олар Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Қазақстанға жасаған сапарынан соң, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан 170-ке жуық шағым түскендігін де айтты.

Осы мәселеге байланысты Өзбекстанның Алматыдағы елшілігінен түсініктеме алу үшін оларға бірнеше мәрте телефон шалғанымызбен, жауап бермеді.
XS
SM
MD
LG