Accessibility links

Оңтүстікке қаптаған қара шегіртке мал басын кемітті

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандары биыл жазға салым шегіртке шабуылына да ілікті. Жалмауыз жәндік жайылымдарды тып-типыл етіп кеткен соң тұрғындар азықсыз қалған малдарын сатуға мәжбүр болды. Әлгі малды көрші елдердің алып-сатарлары арзан бағаға алып жатқанын және халық сойылған малдың етін өткізе алмай қиналып қалғанын жергілікті басылымдар жазып та жатыр.

Мамандар «Оңтүстік Қазақстан облысында келесі жылы шегіртке шабуылы биылғыдан көбірек болады, бірақ оған дайындық бар» деген болжам айтып отыр. Сонымен қатар мамандар «биылғы қуаңшылықпен қоса келген шегіртке шабуылы аса бір шу шығарарлық деңгейде емес, барлығы бақылауда» деген пікір айтып отыр.

Оңтүстіктегі жағдайға байланысты Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтық басқармасына хабарласқан едік.

- Қазір жағдай бірқалыпты, тыныш. Бәріміз өңдеу жұмыстарын аяқтап отырмыз ғой енді. Ешқандай көкөніс, егістік, не жеке шаруашылықтарға зиян келген жоқ. Ал енді шөптің тез қурап кеткені рас. Көк шөп болған кездегі шашатын дәрі бөлек, ал көк шөп болмағандықтан біз дер кезінде ол дәріні «адонис» деген дәріге ауыстырып, ауа арқылы уладық. Ол ерен еңбектің, жігіттердің жанқиярлықпен жұмыс істеуінің арқасында, облыстық инспекция басшысының сонда күндіз-түні болуының арқасында жүзеге асты, - деді басқарма бастығының орынбасары Серік Әлзақов.

- Секе, енді алда қандай шаралар атқармақсыздар?

- Біз қазір қанша дәрі сепкенімізбен, бірлі-жарымы қалып қалуы мүмкін. Оның «экономикалық зиянды мөлшері» дегені болады. Яғни, бір шаршы метр жерде шегіртке саны бесеуден асса, ол экономикалық зиянды мөлшер деп есептелінеді. Ол өңдеуді қажет етеді. Шегіртке тек биыл ғана емес, жылда болады ғой! Бірақ, биыл ауа райының қуаңшылығына байланысты олар көп болды. Қазір олар жұмыртқалап жатыр. Соны қазір болжам мекемесінің мамандары мен біздің жергілікті мамандар қай жерде көп жұмыртқалағанын бақылап жатыр. Олар сол жұмыстарын бітірген соң біз солардың көрсеткен жерлерін бақылауға алып, дер кезінде өңдейміз. Жағдай солай, енді іргемізде шекара болғаннан соң, ар жағындағы Өзбекстан мамандары мен біздің мамандар кездесіп, қажет десе бір-бірімізге шегірткеден зиян келтірген жоқпыз деп акт те жасап қояды. Ол жағы да бар.

Кейбір жергілікті басылымдар Оңтүстік Қазақстанның кейбір елді мекендеріндегі шегірткелер саны шаршы метріне 500-ден келгені байқалғанын, оларды улағаннан соң, жер бетінде қалыңдығы 2 см шегіртке басып жатқаны туралы жазып еді.

Шөп тапшылығынан малдарын сатып жатқан халықтың жағдайы туралы облыстық ауылшаруашылық департамент бастығының орынбасары Қанатбек Оспанбековпен байланысып едік.

- Ол жердегі төрт ауылдық әкімшілікте «шегірткеден жапа шекті» деп айтуға болмайды. Ол мынау, ауа райының құрғақшылығынан шөп болмай қалды ғой. Сондықтан біз біраз малды сату керек деп жоспарлағанбыз. Ол жерде негізгі мәселе – қозының проблемасы еді. Себебі, шөп тапшылығынан саулық малдарда сүт болмай, сүт емген қозылар оңалмай, шығынға ұшырауы мүмкін деп, содан қозыларды сату проблема болған. Қазір олар сатылып бітуге жақын. Осы екі-үш күнде бітуі керек. Ал «мал өнімдері корпорациясының» бөлген қаржысы арқылы бүгінгі күні 1200 бас қой, 30 бас қара мал сатып алынды. Ал қазір сатудың орнына басқа аудандардан жайылымдар қарастырылып, біраз мал сонда көшіріліп жатыр.

- Қанеке, мынау кейбір ақпарат беттерінде сатылатын малдар саны 250 мың ұсақ мал, 20 мыңдай ірі-қара мал деген деректер кездеседі ғой?

- Ол Сарыағаш ауданындағы төрт ауылдық әкімшіліктегі жалпы малдың саны. Соның ішінде біздің жоспарымыз бойынша 35 мың мал сатылады дегенбіз. Қазір соның 29 мыңы сатылып кетті. Басқа аудандардан барып алып жатыр, үкімет алып жатыр... Халық тіршіліктерін жасап жатыр ғой. Шөбі бар жерлерден барып алып кеп жатыр. Қазір енді, былай, шу көтеретін, «қиыншылық болып жатыр» дейтін жағдай жоқ.

Сонымен, биылғы шегіртке шабуылы, ресми мәліметтерге қарасақ, екі миллиард теңгемен қайтарылыпты. «Ал келесі жылға болжам қандай?» деген сауалға ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Мұхтар Абдрахманов былай деп жауап берді:

- Ендігі жылы шегіртке биылға қарағанда көбірек болады. Бірақ, оның бәрін есептеп, бюджетке кіргізіп қойдық. Келесі жылы соның бәрін жоспар бойынша істейміз.

Бұған дейін аса ірі мөлшерде шегіртке шапқаны Қазақстанда 1999 жылы болған еді, сол жылы жәндіктер Астананың өзін де жайлап кеткен тұғын. Оның ақыры сол кездегі ауылшаруашылық министрінің орнынан кетуіне себеп болды. Мамандар табиғаттағы он-он екі жылдық циклге байланысты тербелмелі көбейіп отыратын шегітркелердің келесі көбею циклі басталды және оның шыңы 2010 жылға сәйкес болмақ деген болжам айтып отыр.
XS
SM
MD
LG